11 Тамыз 13:17

Мемлекеттің қолды болған миллиардтары: «Success» НЕГЕ саспайды?

Фото:
Атышулы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының PR-кампаниясы үшін Дүниежүзілік банктен

екі миллионға жуық доллар ақша алған «Success K» компаниясының төңірегіндегі дүдәмал дүниелер тым көп.

Бұл компанияны PR-маман ретінде танылған Ләззат Көккөзова басқарады. «Гламур» ханымның сонымен бірге «Сазмастер» және «Тұлпар-Интех» дейтін тағы екі ЖШС-ге де қатысы бар екен. Үш компания да тұрақты түрде мемлекеттік сатып алуға қатысып, сүбелі жобалар үшін қазынадан қомақты қаржы алып отырады.

Көккөзова ханымның компанияларының тірлігімен құзырлы органдар да жақсы таныс. Біз соның біріне, дәлірек айтқанда 2018 жылғы оқиғаға тоқталсақ.

Екі жыл бұрын сол кездегі Астана қаласының Мемлекеттік кіріс департаменті экономикалық тергеу қызметі Көккөзов Еркін Төкенұлы құрылтайшысы әрі басшысы саналатын «Тұлпар-Интех» ЖШС-ның үстінен «ірі көлемде қазына қаржысын қымқырды» деген айыппен  іс қозғайды.  Оған «Тұлпар-Интех» ЖШС мен «Success K» ЖШС арасындағы туристификация картасы, болашақтың порталы инсталляциясы және VR симулятор әзірлеу және жасау жөніндегі келісімшарттағы күмәнді жайттар себеп болған. Яғни «Тұлпар-Интех» ЖШС 960 млн 359 мың теңгеге аталған дүниелерді әзірлеп, тапсыруы тиіс еді. 

Кейінірек түскен ақшаны «Тұлпар-Интех» ЖШС Дубай қаласындағы «Elba Research LTD» деп аталатын компанияның есепшотына аударған. Яғни, өзі орындауға міндетті жұмысты (Араб Әмірліктерінің азаматтары ренжімесін) айдаладағы шетелдік компанияға тапсырған. Мемлекеттік кіріс департаментінің экономикалық тергеулер қызметінің тергеушілері осы компанияның қызметін біліп беруді сұрап, Интерполға өтініш те жолдаған. Ол жақтан қандай жауап келгені әзірге бізге беймәлім.

Бұл аз десеңіз, 2018 жылғы тексеру кезінде «Тұлпар-Интех» ЖШС мен «Success K» ЖШС-нің бір мекенжайда: Астана қаласы, Есіл ауданындағы Қорғалжын шоссесі 10/1 кеңсесінде тіркелгені анықталған. Ал бұл компаниялардың иелері Еркін Көккөзов пен Ләззат Көккөзовалар ­– ерлі-зайыптылар. Қаржы саласының тілімен айтқанда, қос компания үлестес, мүдделес болып шығады. Ал мұның заңға томпақ екені айдан анық.

Құзырлы органның тергеушілері «Success K» ЖШС-нің аударған ақшасының қайдан келгенін қазғанда, компания бұған дейін сол 2018 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа тәсілдер мен тенденциялар» атты көрме өткізу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен 2 млрд 356 млн 444 мың теңге көлемінде қаржы алғанын анықтаған! Ойлап көріңіздер, бір ғана көрме өткізу үшін 2 млрд теңгеден астам ақша алу тым көп емес пе?

Тергеушілер бұл ақшаның қалай игерілгенін, нақты не сатып алынып, не жасалғанын тексере келгенде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанына дейін «Тұлпар-Интех» те, «Success K» да бірде-бір экспорт/импорт операцияларын жүзеге асырмағанын анықтайды. Осыдан соң тергеушілерде бұл келісімшарт көз алдау, қазынаның қаржысын қымқырудың жолы болуы әбден мүмкін деген күдік туған. «Success K»  бұған дейін де құзырлы органның қырына ілініп, үстінен қылмыстық іс қозғалған «АйДи Строй», «Kazobject», «Sa-MIR» сияқты компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істеп, есеп айырысып келгені күдікті одан әрі күшейткен.

Бірақ әлдебір себептермен, бәлкім, жоғарыдағы лауазымды әлдекімнің пәрменімен қылмыстық істі індету тоқтап тұрғанға ұқсайды. Қазір әрі-сәрі күйде қалған бұл қылмыстық іс сотқа дейінгі істердің бірыңғай реестрінде тіркеулі тұр.       

«Success» ағылшын тілінен аударғанда «табыс», «жетістік» дегенді білдіреді. Расымен де майлы жіліктің басын ұстаған бұл компания түрлі министрліктерден аса ірі көлемде мемлекеттік тапсырыс алу жағынан үлкен жетістіктерге жеткен. Дегенмен атышулы компанияның ол тапсырыстарды қаншалықты табысты орындағанын қайдам, бірақ өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтатып тастау, қитұрқы жолмен қазынаның қаржысын шетел асыру жағынан біраз «жетістікке» жеткен секілді.

Nege.kz порталының редакциясына келіп түскен құжаттарға көз салсақ, «Success K» ЖШС мемлекеттік тапсырыстың миллиардттаған қаржысына «бір көзден алу» тәсілімен оп-оңай қол жеткізіп отырған. Ал енді мұндай ерекше мүмкіндікке қалай қол жеткізді десеңіз, мемлекеттік органдардың ұзын дәлізіндегі әлдебір құдыретті шенділердің есігін қағып шығуға тура келетін сияқты...     

Тегтер: