10 Сәуір 11:00

Эколог Кирилл Осин: NCOC компаниясының Қашаған кен орнында теңіз табанын тереңдету бойынша шешімі орынды

Фото:

Қашаған кен орнын игеріп жатқан оператор – халықаралық NCOC консоруциумы Каспий суы тартылып бара жатқандықтан кемелерге арнап 56 шақырымдық екі канал салу бойынша өз жоспарын жариялаған болатын. Консорциум егер жақын арада бұл істі қолға алмаса, Қашаған кен орны жұмысының толық тоқтап қалу қаупі бар. Бірақ NCOC жоспарына жергілікті экологтар қарсы шығып, онлайн петицияға қол жинай бастады. Мәселенің анық-қанығын білу үшін, Inbusiness.kz жергілікті эколог, «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осинмен тілдескен болатын. Nege.kz сұхбат өте маңызды болғандықтан, аударып беруді жөн санады.

"Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осин

 

- Осин мырза, Қашаған кен орнында теңіз табанын тереңдету бойынша шешім қаншалықты дұрыс?

- Иә, расымен де, мен бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желідегі ақпараттарды оқыдым. Бірақ оның дәл қазір талқылана бастағаны қызық, себебі жоба алты ай бойы қоғамдық тыңдаулардан өткен болатын. Ол кезде, мұндай пікірталастар болған жоқ. Жобаға деген көзқарасыма келетін болсақ, менің ойымша, NCOC компаниясының тереңдету жұмыстарын жүргізу туралы шешімі өте орынды. Мен бұл мәселенің барлық жағын, барлық айтылған баламаларын, жобаның экономикалық компонентін, сондай-ақ жобадан бас тарту тәуекелдерін, оның ішінде биотаға белгілі бір әсерін зерттедім (биота - тірі организмдер түрлерінің тарихи қалыптасқан жиынтығы. Қазіргі немесе өткен геологиялық дәуірлердегі жалпы тіршілік ету ортасы). Жасанды аралдардың қалай салынғанын, содан кейін жерасты мұнай құбыры қалай төселгенін естен шығармауымыз керек. Егер Каспийдегі осы жұмыстарға назар аударсақ, оның салдарынан қоршаған ортада маңызды және қауіпті дейтіндей өзгерістер бола қойған жоқ. Әрине, тіпті мұнай өндірудің өзі мені алаңдатады, мен он жыл бұрын, осы жоба басталмай тұрып үкіметке оған мораторий жариялау туралы үндеу тастаған болатынмын. Бірақ оған қарамастан Қашағанда мұнай өндірісі басталды, сондықтан қоршаған ортаны қорғау саласындағы ең қатаң әлемдік тәжірибені қолдана отырып, қазіргі экологиялық заңнаманы бұлжытпай сақтау маңызды. Теңіз деңгейінің төмендеуі салдарынан жақын арада Қашағанда жұмыс істейтін жұмысшылардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен қауіпсіздігін сақтау мәселесі туындайды. Егер қазір оған дер кезінде шара қолданбаса, оның әсіресе Каспий экологиясы үшін күтпеген салдары туындауы мүмкін.

- Бірақ кез-келген жұмыс, кез-келген өндіріс әрдайым табиғаттың тыныштығын бұзады. Қоғамдық эколог ретінде сіз осы жобаның Солтүстік Каспий экологиясына тигізер зиянын қалай бағалайсыз?

- Әрине, кез-келген жұмыстың зияны болады. Компанияның өзі де мұны жасырмайды. Егер қоғамдық тыңдауларға ұсынылған материалдарды қарастыратын болсақ, онда жұмыс кезеңінде судың көбірек лайланатынын күтеміз. Ол өз кезегінде фотосинтездің төмендеуіне әкеледі, планктондар өледі, тереңдету кезінде бентос жойылып кетеді. Бірақ сонымен бірге есептеулер көрсеткендей, үш жыл ішінде осы жоғалған ресурстар толық қалпына келеді. Мұның бәрі балық азығының қысқаруына алып келеді, бірақ оның салдары теңіздегі балықтардың қырылуына немесе айтарлықтай азаюына себеп болады деп айта алмаймын. Тағы да қайталаймын, Қашаған кен орнының айналасында аралдарды салу кезінде теңізде жоғары белсенділік басталды. Оған қоса, осы бағыттарда кемелер соңғы 25 жылда жүйелі түрде жүріп, аралдар мен жағалаулар арасындағы байланысты қамтамасыз етті. Яғни, петиция авторлары айтып жүрген табиғатты алаңдату факторы қалыптасқалы көп уақыт болды. Ал биотаның көптеген бөлігі осындай тіршілік ету ортасына бейімделіп үлгерді немесе тіршілік ортасын ауыстырды Биоалуантүрлілікті қалпына келтіру шараларының бірі ретінде компания балық шабақтарын теңізге жіберіп тұратынын айтады. Мен оған күмәнданбаймын, себебі NCOC көптеген жылдар бойы бекіренің жас шабақтарын тұрақты түрде теңізге жіберіп келеді.

- Қазір компанияға осы жобаны көпшілікпен талқыламады, ал қоғамдық тыңдаулар формалды түрде өтті деген айыптар тағылуда. Сіз мұнымен келісесіз бе?

- Мен біреудің «қорғаушысындай» көрінгім келмейді, бірақ дәл осы NCOC компаниясының Қазақстанда жоспарлар мен жобаларды талқылауға қоғамды тарту бойынша ең жақсы тәжірибесі бар деп айта аламын. Қоғамдық тыңдаулар мүдделі тараптардың ауқымды қатысуын қамтамасыз ете отырып, жоғары деңгейде өткізіледі. Сонымен бірге, тыңдаудағы сұрақтарға барынша жауап беру үшін қоғаммен алдын-ала кеңесулер өткізіліп, сұрақ-пікірлер жиналады. Сол арқылы қоғамның қатысуын ғана емес, оның ой-пікіріне барынша дайындалу тәжірибелері бар. Кеме арналарын салу жобасы бойынша тыңдауы 2020 жылдың қыркүйегінде онлайн режимінде өтті. Мен өзім оған қатыса алмадым, бірақ тыңдалым материалдарын мұқият қарау үшін сұратқанда, еш қиындықсыз ала алдым. Материалдарды алуға және оларды мұқият зерттеуге кейбіреулер айтып жүргендей еш кедергілер болмады. 7 айдан соң тыңдау «формалды түрде өтті» деу қисынға келмейді. Қалаған адам амалын тауып оқып танысар еді.

- Маман ретінде айтсаңыз, неге Каспий суалып бара жатыр? Теңіз деңгейінің сақталуы қаншалықты маңызды?

- Теңіз деңгейі әрқашан экология мен экономика үшін стратегиялық маңызға ие фактор. Бірақ, мен ұсынып отырған графикалық суретте теңіз деңгейінің құбылу тарихы көрсетілген. Қызыл сызық - ең жоғарғы теңіз деңгейі, ал көк сызық - ең төменгі теңіз деңгейі. Төмен түскен кезде оның экономикалық зардабымен қоса, биологиялық әртүрлілік тұрғысынан итбалықтар да, бекірелер де азая бастады. Каспийге 130 өзен құяды. Бірақ ғалымдар Каспийдің жағдайын негізгі ресурс беріп отырған Еділ мен Жайықтың суала бастауымен байланыстырады. Каспийге келіп құятын су көлемінің 85 пайызын осы екі өзен береді. Өкінішке орай, қазір бұл өзендер өз тарихында бұрын-соңды болмаған деградацияға ұшырады. Себептер қарапайым - арналардың ластануы, жауын-шашынның азаюы, тұрмыстық қажеттіліктерге судың көбірек алына бастауы. Мысалы, Ресей Федерациясы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қажеттіліктері үшін су қоймаларын салып, едәуір мөлшерде су алып отыр. Сонымен бірге, климаттың өзгеруі және жауын-шашынның азаюы өзендерге су көлемін толтыруға мүмкіндік бермейді. Теңіз деңгейі жылына 6-7 сантиметрге түсіп барады. Ең қолайсыз сценарий орын алса, Каспий деңгейі тағы 9-18 метрге түсуі мүмкін.

Тегтер: