16 Желтоқсан 08:05

Депутат: Жаңаөзен шындығы ерте ме, кеш пе ашылады...

Фото:

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне 35 жыл және Жаңаөзен оқиғасына 10 жыл толып отыр. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын Желтоқсан көтерілісі көмескіленіп бара жатқандай. Ал 10 жыл бұрынғы Жаңаөзендегі оқиғаны барша қазақ ұлттық трагедия ретінде сезіне алмады.

Nege.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарынан Желтоқсан көтерілісіне және Жаңаөзен оқиғасына қатысты пікір сұрады.

Мәжілісмен Азат Перуашевтың айтуынша, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Депутат азаттық үшін арпалыста ата-бабаларымыз бен желтоқсандықтардың күресін ерекше бағалайтынын айтты. Алайда оның Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге қатысты көзқарасы біртүрлі болып шықты.

А.Перуашев.

– Осы мәселеге байланысты «Ақ жол» партиясының атынан Қазыбек Иса жақында ғана депутаттық сауал жолдады. Аталған сауалға байланысты Үкіметтен жауап күтіп отырмыз.

Шыны керек біздің ата-бабаларымыз жауға қарсы шыққан кезде олар біреуден әлеуметтік көмек сұрады ма? Жоқ олар ел үшін, жер үшін жауға қарсы шыққан. Егер біз желтоқсандықтарға әлеуметтік жеңілдік жасауымыз керек дейтін болсақ, олардың рөлін төмендеткендей боламыз.

Желтоқсандық қыз-жігіттер жеңілдік үшін емес, бостандық үшін алаңға шықты. Егер көтеріліске қатысқан адамның әлі күнге дейін жағдайы төмен болса, әрине, оларға қол ұшын беруіміз керек. Себебі қазіргі біздің Тәуелсіздікке ие болуымыз желтоқсандықтардың нақты нәтижесі деп білемін, – дейді ол.

2011 жылы Жаңаөзенде ала жаздай алаңда тұрған мұнайшылардың мұңын билік тыңдамағанымен қоймай, әлдекімнің бұйрығымен полиция халыққа оқ атты. Бұл оқиғаға қатысты депутат не дейді?

Жаңаөзен, 2011 жылдың желтоқсаны.

– Жуырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен қырғынына Мұхтар Әблязов айыпты десе, қуғындағы оппозиционер Елбасы мен Бергей Рысқалиевты бұл іске жауапты дейді. Жаңаөзен оқиғасының артында кім тұр деп ойлайсыз? Кім арандатуы мүмкін?

– Біріншіден, Жаңаөзен кезінде қаза тапқан азаматтардың туған-тустарына көңіл айтуымыз керек сияқты. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Бұл оқиғадан кейін тегеу болды. Тергеудің нәтижесіне сүйене отырып сот шешімі шығып, оның шешімі көпшілікке жарияланды. Сондықтан оған қосымша айтатын ештеңе жоқ.

Мен саясаткер болсам да, заң шеңберінен шықпаймын. Күмән немесе қосымша дәлел бар болса, оны сот арқылы дәлелдеу керек. Менің қолымда мұндай дәлелдер жоқ. Біз құқықтық мемлекет құрайын деп отырмыз ғой. Мен қазір өзімді де, сізді де, жалпы барша халықты соттың шешіміне сүйенуге шақырып отырмын.

– Жаңаөзенде халыққа от атқан полицияға кім бұйрық беруі мүмкін және билік халықтан ресми түрде кешірім сұрауы керек пе?

– Мен тағы да қайталап айтамын, бұл жерде соттың шешіміне қарауымыз керек. Бұйрықты кім бергенін, кім бермегенін мен айта алмаймын. Өйткені шешім шығарған кезде мен ол жерде болған жоқпын. Сондықтан мен ресми түрде жарияланған ақпаратқа сенемін.

Билік халықтан кешірім сұрау керек пе деген сұраққа келетін болсақ, әр қылмыстың аты-жөні бар. Яғни, нақты адамдардың кінәсі бар. Кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылды. Одан артық біз ештеңе істей алмаймыз.

– 1986 жылғы көтеріліске қатысқан Қайрат Рысқұлбеков секілді азаматтарды кейін билік ақтап, Халық қаһарманы деген атақ берді. Болашақта Жаңаөзен оқиғасына қатысқан азаматтарға атақ беріле ме?

– Оны болашақ көрсетер. Кім білсін? Кейбір мәселелер әліге дейін ашылмаған болуы мүмкін. Бұйрық берген кезде мен ол жерде болған жоқпын. Бірақ та қазір біз ресми соттың шешіміне қарауымыз керек.

– Яғни биліктің қылмысы уақыт өте келе ашылуы мүмкін бе?

– Әрине, әрине. Егер әліге дейін құпия сақталған ақпарат шығып, ашылғанда басқа көзқарас шығып кетуі мүмкін.

– «Жаңаөзенге басқаша тарихи баға берілуі мүмкін» деп айттыңыз ғой. Демек қандайда бір құпия ақпарат бар деп ойлайсыз ба?

– Мысалы қазір сіз бұйрық кім берді деп айтып отырсыз ғой. Мен үшін бұл құпия. Әрбір қылмыстың аты-жөні бар. Ол ерте ме, кеш пе ашылады.

Е.Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше, Жаңаөзен бойынша қылмыстық іс қозғалып, жауаптылар жазасын алған. Алайда ол «Жаңаөзенге жеке бір адамды арандатушы деп айту қиын» деп, бұл іске біраз азаматтар айыпты екенін айтты.

P.S. Азат Перуашев айтпақшы, Жаңаөзен шындығы ерте ме, кеш пе ашылатынына күмән жоқ. Бірақ уақытында айтылмаған шындықтың құны бар ма?..

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: