8 Наурыз 18:00

Әйелдер НЕГЕ еркектерден ұзақ өмір сүреді?

Фото:

Осы сұрақ төтеннен қойылғанда ең алдымен ойыңызға қандай жауап келетінін шамалап біліп отырмыз. «Өйткені әйелдердің күнде миын жеп отыратын әйелі жоқ» деп қыжыртуыңыз мүмкін. «Әйелдің қырық жаны бар» дерсіз, бәлкім. Себеп бұл ғана емес екен. Мәселе мына біз – еркектер ойлағаннан да терең һәм күрделі көрінеді...

Тарихтан белгілі Адам ата мен Хауа ана жаратылғалы бері әйелдер еркектерге қарағанда ұзақ өмір сүреді екен. Бұл ерекшелік адамдарға ғана емес, жануарларға да тән.

Жаңа Оңтүстік Уэльс (Аустралия) университеті ғалымдарының зерттеуінше, әйелдердің еркектерден ұзақ өмір сүруі олардың өмір сүру образына ғана байланысты емес, хромосомалардың ерекшелігіне де қатысты. Әйелдерде болатын екі Х хромосома олардың өмірін ұзартады. Бұл гипотезаның дәлдігі адамдарда ғана емес, жануарларда да анықталған. Бұл туралы Biology Letters журналы егжей-тегжейлі жазды.

Хромосомалар

Генетиктер 229 биологиялық түрдің – жәндіктерден бастап сүтқоректілерге дейінгі тіршілік иелерінің жыныстық хромосомасын зерттеген. Еркек сүтқоректілердің көпшілігінің хромосомасы жұп емес, әртүрлі болады (ХҮ). Ал ұрғашылардың жыныстық хромосомасы жұп – ХХ. Тек құстардікі ғана сәл өзгешелеу екен: еркектерінде – ZW, ұрғашыларында – ZZ.

Әйелдердің ағзасындағы Х хромосомалардың бірі зиянды мутацияға ұшыраса, ол ағзаға кесірін тигізбейді. Өйткені дәл сондай тағы бір хромосома бар. Әйелдердің ағзасындағы жыныстық сероидтар тобы – эстрогендер хромосомаларды зақымданудан сақтайды да, ағзаның қартаюын тежейді.

Бұл жөнінде зерттеу нәтижесі былай дейді: «Тектес жыныстық хромосомалар (ХХ) әртектес хромосомаларға (ХҮ) қарағанда, орташа есеппен 17,6 пайыз ұзақ өмір сүреді».

Бір қызығы, ғалымдар әйелдердің еркектерден ұзақ өмір сүруінің негізгі себебі хромосомалардың әртектілігі дегенімен, басқа да факторлар әсер ететінін жоққа шығармайды. Айталық, әлеуметтік қарым-қатынас пен тамақтанудың да әсері бар екен. Сондықтан халқымыз «Әйелдің қырық жаны бар» дегенді бекер айтпаса керек-ті.

Халқымыз қашаннан әйел затына құрметпен қараған. Қызды жат жұрттық, қонақ деп есептеп, ерекше қадірлеген. Дәстүр сабақтастығы әлі үзілген жоқ.

Nege.kz порталы аналарды, қыз-келіншектерді 8 наурыз мерекесімен құттықтайды!

  

Тегтер: