«Барыс көздеріңе сілеусін боп көрінген». Закирьянов өзін айыптаған көпшілікті НЕГЕ кінәлады?
Белгілі боксшы Жанқош Тұраров Қызыл кітапқа енген аңның терісі төселген кабинетте Қайрат Закирьяновпен бірге түскен суретін Instagram желісінде жариялаған. Бұл фото қоғамда наразылық тудырды.
Бөлмеден арыстанның арнайы қалыпқа кигізілген тұлыбын, сілеусіннің, барыстың, қасқырдың кілемше түрінде жасалған терісін және екі аққудың төрге ілінген қатырылған тұлыбын көруге болады. Спортшы мән-жайды толық аңғармаса керек, желіге: «Спорт және туризм академиясының Президентімен», – деп түскен суретін мақтанышпен жүктеген. Кейін бұл сурет желі қолданушыларының арасында үлкен дау тудырғандықтан, парақшасынан өшіріп тастаған.
Табиғат қорғаушы Сәкен Ділдахмет Facebook желісіндегі парақшасында осы суреттерді жариялап, Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен фотоға қатысты жауап беруін талап еткен.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі әлгі фотоларға қатысты пікір білдірді.
«Желіде тараған бұл сурет бізді де бей-жай қалдырмады. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біздің ортақ міндетіміз – Қызыл кітаптағы жануарларды тұрмыстық мақсатта қолдану емес, қорғау мен сақтап қалу. Суреттерда қар барысының, сілеусіннің терісі мен арыстанның тұлыбы бейнеленгеніне назарларыңызды аударғымыз келеді. Арыстандар Қазақстанда өмір сүрмейді. Сондықтан суреттер Қазақстанда немесе шетелде түсірілгенін анықтауымыз қажет», – деді министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.
Суреттегі Қызыл кітапқа енген барыс терісіне қатысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы жағдайды тексеру және тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жүгінетін айтқан. Бұл туралы С.Ибраева былай деді:
«Суреттегі барыс терісіне байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы құқық қорғау органдарынан жағдайды тексеріп, тиісті шара қабылдауды сұрайды. Біз аталған мәселені бақылауда ұстап, азаматтарды хабардар етіп отырамыз. Барыстың Қызыл кітаптағы аң екенін, оны аулауға қатаң тыйым салынғанын тағы да естеріңізге саламыз».
Сонымен, арыстандар елімізде жоқ делік, бірақ қар барысына қатысты Спорт және туризм академиясының президенті не деп ақталар екен деп күткен едік. Бұған Қайрат Закирьяновтың да жауабы дайын болып шықты. Қоғам өкілдерінің наразылығы Закирьяновтың құлағына жетсе керек, көп ұзамай жауап берді. Бір қызығы, «мақтаулы аңшы» Қайрат Қайруллинұлы қар барысы мен сілеусінді «ажырата алмайтын» болып шықты.
Академиктің аң терілерін қайдан алғаны жөніндегі уәжі сенімсіз шыққаны соншалық, кейбір оқырмандар оны күлкіге айналдырды. Қайрат Закирьяновтың ақталуы шынымен де күлкілі екен. Сенбесеңіз, жауабын оқып көріңіз. Суреттен қар барысының терісін анық көріп тұрсаңыз да, оның жауабын оқыған соң өзіңізді ақымақ сезініп қалуыңыз әбден мүмкін.
«Бұл қар барысы емес, бұл – сілеусін мен өзім атып алған арыстан. Сілеусіннің терісін маған Шығыс Қазақстанда сыйға тартты, ал аққулар есімде жоқ, тарихты зерттеп жүргендіктен, оларды да сыйлаған. Сондықтан мұнда тыйым салынған ештеңе жоқ. Біздің елде сілеусін Қызыл кітапқа енбеген. Бұл барыс емес, тек сіздерге солай көрінген», – деді Спорт және туризм академиясының президенті.
Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сенсек, Қазақстандағы қар барысының саны шамамен 180-200 ғана. Олар негізінен Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Сауыр, Алтай тауларында мекендейді. Жамбыл облысы мен Түркістан облысының аумағында да бірен-саран кездеседі. Аулауға тыйым салынған, жер бетінен жоғалып кету қаупі төнгендіктен, халықаралық және ұлттық «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Қайрат Закирьянов ақталу үшін жұртты ақымақ санамай-ақ, басқа сылтау ойлап тапқаны жөн еді. Африка саванналарында арыстан атып жүрген мақтаулы аңшының мұнысы тіпті ұят болды.