10 Шілде 14:30

«Лудоман емделу үшін айына 300-400 мың теңге жұмсайды»

Құмар ойындары
Фото: ғаламтордан

XXI ғасырдың дертіне айналған лудомания дертінен әлемде 350 миллион адам зардап шегіп отыр. ДДҰ-ның мәліметінше, жер жаһанда өмір сүретін ересектердің 3 пайызы лудоман.

Ал ресми статистика елімізде 36 мыңнан астам адамның шалдыққанын растаса, 2022 жылы құмар ойынның кесірінен 735 адам өзіне қол жұмсаған. Ең сорақысы, ел азаматтары соңғы үш жылда триллион теңгеден астам қаржы жұмсапты.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға президент қол қойды. Оған депутаттар 100-ден аса түзету енгізіпті. Заң бойынша борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге қосымша тыйым салынды. Мұнымен қоса мемлекеттік қызметкерлерге кез келген құмар ойындарға, букмекерлік кеңселерге, казиноларға және онлайн казиноларға заңды түрде шектеу қойылады.

NEGE тілшісі заң нормалары туралы «Respublica» партиясы фракциясының бағыттар жетекшісі Рауан Қалиевтің пікірін білген еді.

Республика партиясы
жеке мұрағаттан

«Құмар ойындары қоғамға үлкен кесірін тигізіп жатыр. Бұл мәселені президенттің өзі Қауіпсіздік кеңесте, Ұлттық құрылтайда көтеріп, ойын бизнесінің қаржылық айналымын қатаң қадағалауға алу керектігін назарда ұстады. Кеше ғана президент мәжіліс пен сенаттан қолдау тапқан ойын бизнесін реттеуге бағытталған заңға қол қойды. Бұл өте ұзақ қаралған кешенді жоба. Себебі, оның ауқымдылығы 6 кодекс және 15 заңды қамтиды. Жұмыс тобына қатысқан мәжіліс депутаттары Руслан Берденов, Елнұр Бейсенбаев, Нартай Аралбайұлы, Дәулет Мұқаев, тағы басқалар мәселені әбден зерттеп, зерделеп талқыға салды. Сол сияқты қоғамдық белсенді азаматтар, БАҚ өкілдері, букмекерлік кеңсе өкілдері де ұсынысын жеткізді. Әрқайсысының уәжі ескеріліп, ортақ шешімге келді. Бұл – қоғамның үлкен жеңісі», – дейді Рауан Ақылбердіұлы.

Біріншіден, лудомания – психологиялық ауытқу. Іс насырға шапса, қарызға белшесінен батқан адам суицид жасауға бел буады. Бұл ем-шара қажет ететін психикалық ауру. Соңғы кезде бұл дерт мемлекеттік және әскери сала қызметкерлері арасында кең тараған.

Осы тұрғыда «Respublica» партиясы фракциясының бағыттар жетекшісі Рауан Қалиев: «Шынында да, лудомания мәселесі өршіп тұр. Әсіресе, мемлекеттік және әскери қызметте жүрген азаматтарға тыйым салуды қажетті норма деп санаймыз. Себебі, азаматтардың қауіпсіз, дамыған қоғамда, жақсы әлеуметтік ортада өмір сүруі аталған қызметкерлердің жұмысының тиімділігіне, көзқарасына, психологиялық эмоционалды жағдайына байланысты. Сондықтан мемлекеттің тізгінін ұстаған азаматтардың бұл індеттен бойын аулақ ұстауы тиіс. Семей қаласында офицер букмекерлік кеңседегі қарызын өтеу үшін әскери бөлімнің мүлкін ломбардқа кепілге қойғаны және осыдан 2 жыл бұрын ҰҚК-нің шекара қызметі академиясындағы курсанттың өзіне қол жұмсауы, одан бөлек ақпарат құралдарында көрініс тауып жатқан мектеп есепшілері немесе квазимемлекеттік сала басшыларының мемлекеттің мүлкін салып жіберуі алаңдатарлық жағдай.

Енгізілген 100 норманың бәрін айтпасақ та, негізгісі – мемлекеттік қызметкерлерді шектеу, екінші – көрнекі жарнамаға шектеу қою дұрыс шешім. Қазір қайда барсаңыз да, вокзалда, әуежайда, тіпті қолыңыздағы ұялы телефоннан кино көрейін десең де құмар ойынының жарнамасы атып шығады. Ол ол ма, «ұтыс ойындарына қатысыңыз» деген хабарлама келетін болды. Осының бәріне заң төңірегінде тыйым салынады. Бұдан былай жарнама тек спорттық іс-шаралар жүзеге асатын жерлерде, арнайы спорт арналарында ғана көрсетіледі», – дейді.

– Азаматтардың құмар ойынының жетегінде кетуіне не себеп? Біріншісі – қаржылық сауаттың болмауы. Кейбіреулер аз ақша тігіп, «тез арада байып кетемін» деп ойлайды. Екіншісі – көшедегі көздің жауын алатын жарнамаға сеніп қалу. Сондай сәтте «Ойнап көрсем қалай болар екен?» деген ой сап етіп, қызығушылығы оянуы ықтимал. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер тез бой үйретіп жатады. Айта кету керек, заңда борышкерлердің құмар ойындарына қатысуына шектеу қойылды.

«Өйткені, елімізде несиесін, баласына алимент төлей алмай жүрген азаматтар қарызға белшесінен батқан. Одан құтылудың жолын іздеп микроқаржы ұйымдарынан тағы несие алады. Олардың саны – 3 млн 600 мың адам. Ұлттық борышкерлер бюросы мен құмар ойынын ұйымдастырушылар ортасында ақпараттық алмасу жүріп, тізімде тұрған азаматтарды құмар ойынына қатысуға толықтай шектеу қоя алады».

«Respublica» партиясы фракциясының бағыттар жетекшісі Рауан Қалиевтың пікірінше, елімізде ресми түрде емделіп жатқан адамның саны 12 ғана екен. «Бірақ осы мәселені талқылау барысында «Мен емделіп жүрмін. Бауырым, балам, күйеуім, әкем құмар ойынына кіріп, бүкіл дүние-мүлікті құмар ойынына салып жіберді» дегендерді жиі естиміз. Бұл жайтты зерттеу барысында лудоманның өзімен сөйлесіп, медицина мамандарымен кеңесе келе мынадай мәселені анықтадық. Бұрын лудоман мемлекеттік мекемеде емделу үшін міндетті түрде есепке алынып, содан кейін ғана емін қабылдайтын. Қазір көп азаматтар соттылық немесе психикалық ауру сияқты шығып тұрады деп ойлайды да «кейін жұмысқа тұруыма кедергі болады немесе бала-шағам мемлекеттік қызметке орналаса алмайды» деп жасырады. Енгізілген нормаға сәйкес, азаматтар мемлекеттік мекемеде емделіп, консультативтік есепке алынады. Бұған дейін лудоман жекеменшік мекемеде емделіп, айына орта есеппен 300-400 мың теңге жұмсайтын. Оған кемінде 3-4 ай уақыт кетеді. Олар енді мемлекеттік емдеу мекемесінен тегін қызмет алады. Бұл қоғамда тамырын жайып жатқан құмар ойыны дертіне тосқауыл болады деп санаймын», – деді фракцияның бағыттар жетекшісі.