16 Сәуір 15:56

Эльмира Мақсұтқызы: Қазақстан – инклюзивті орта қалыптастыруға қолайлы мемлекет

мүмкіндігі шектеулі балалар
Фото: жеке мұрағаттан

Алматыда өткен «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының белгісі» атты қайырымдылық фестивалі мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың жақындарының басын қосқан еді. 

 NEGE тілшісі осы фестивальді ұйымдастырушы, клиникалық психолог, Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты жобасының директоры, Қазақстан Республикасындағы психологиялық қызмет қызметі бойынша нормативтік құқықтық актілерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Әлиева Эльмира Мақсұтқызын әңгімеге тартқан еді. 

 – 13 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының белгісі» атты қайырымдылық фестивалін өткізудегі мақсат қандай?

 – Біз ұйымдастырып жүрген «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының белгісі» атты фестивалі алғаш 2011 жылы 21 қазанда өткізілді. Содан бері өмірі қиындыққа тап болған мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетуді мақсат етіп келеміз. Оның ішінде интернаттың балалары, көпбалалы отбасы балалары, сондай-ақ калонияға тап болған жасөспірімдер бар. Соңғы жылдары дамуы тежелген балаларды да қамтуға тырыстық. Атап айқанда, жетім балалар, жақынынан айрылған, өз еркімен жүріп-тұра алмайтын ауыр науқасқа шалдыққан балаларды сырт айнала алмадық. Бұл қайырымдылық шараны өткізудегі мақсат – әлеуметтік, психологиялық, материалдық тұрғыдан дамуға көмек беру. 

Эльмира Мақсұтқызы
жеке мұрағаттан

Бұған баланы жан-жақты даму, ортаға бейімдеу, әлеуметтендіру, одан қала берді мамандық таңдауға қолдау көрсету, қандай жағдайда да өзіне сенімді болуды сіңіру кіреді. Біздің фестивальге мүмкіндігі шектеулі кез келген бала қатыса алады. Бұл ең алдымен бір-бірімізге жәрдемдесу, ерекше балалардың өзіне басқаша көзбен қарап, «Неге басқа балалар сияқты болмадым екен?..» деген ойдан арылуына титтей де болса үлес қосу. Әрбір бала – жеке тұлға. Ол да осы қоғамның өкілі. Оларға дәл сондай көзқараспен қараған кезде ғана қоғамның толыққанды мүшесі бола алады. Біздің үлкен команда бұл балаларға жақсылық жасай алса, көңілін аулап, жүректеріне бір сәт бақыт сезімін ұялата алса, мұның өзі діттеген, көздеген мақсатқа жеткенімізді көрсетеді. Яғни, біздің тарапымыщдан жасалған немесе жасалып жатқан көмек нақты әрі нәтижесін берді деген сөз.

 – Жылдағы дәстүр бойынша республикамыздың әр өңірінен талантты балалардың басын қосатын фестивальға қатысушылар саны артып келе ме?

– Әлгінде айтқандай, біз әуелгіде балалар үйінің балалары, сосын интернат, кейін жабық типтегі мекеме (калония) мен орталық балаларын қамтыдық. Бірте-бірте шараның ауқымы кеңейіп, қатарымызға Алматы қалалық Білім басқармасы арқылы балаларды қолдау орталықтары, балалар үйі, жасөспірімдер үйі қосылатын болды. Тіпті, кейбір ата-аналардың өздері біз өткізетін шара туралы естіп-біліп, өздері хабарласты. Оның үстіне ақпарат құралдары біз туралы жиі жаза бастады. Өзіңіз білесіз, әлемді ғана емес, елімізді шарпыған коронавирус індеті кезінде де фестивальге қатысушылар саны артып, 43 балаға дейін жетті. Олардың қатарында Алматы, Алматы облысы, Атырау, Қостанай қаласынан келгендер бар.

Індет кезінде шара 4 сағаттан екі күн қатарынан өтті. Әрине, біз соншалықты баланы бір уақытта шақырып, өткізе алмайтынымыз анық. Ал биыл еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан облысынан ата-аналар хабарласты. Осы жолы қатысуға 20 бала ұсыныс беріп, оның 19-ы келді. Демек, фестивальдің маңызы да, ақпарат кеңістігі де артты.

 Осы 13 жыл ішінде фестивальді ұйымдастырып жүріп байқаған дүние – балаларда өсу мен даму, ілгерілеу бар. Тіпті, сөйлей алмайтын балалар ән салып, би билегенін көргенде қуаныштан көзге жас келді. Олар біздің көз алдымызда есейіп жатыр. Әрине, бұл әуелі ата-ананың табандылығы мен сабырлылығы, дәрігер мамандары берген нәтижелі ем-дом шарасы, балалармен жұмыс істейтін психологтар мен мұғалімдердің еңбегінің арқасы. Біз балаларға мүмкіндік есігін ашып, әлеуметтенуіне ықпал ете алсақ, соның өзі үлкен жеңіс.

Эльмира Мақсұтқызы
жеке мұрағаттан

 – Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға деген көзқарас өзгерді ме?

 – Әрине, әсіресе соңғы жылдары түбегейлі өзгерді деуге болады. 2011 жылдан бері шараны өткізіп жүрген және сараптама комиссиясында талдау және мониторинг жұмысына қатысушы ретінде білім беруді ұйымдастырудың дайындығы, педагогтар мен ата-аналардың білімі мен білігін көтеру үшін қаншама кедергіні еңсеріп, қалтарыс жолдан өттік.

Әрине, ерекше баласы бар ата-аналардың мемлекетке, қоғамға көңілі толмаған кездері болды. Атап айтқанда, бұған дейін кейбір мұғалімдер жұмыс істеуіне кедергі келтірмес үшін мектеп директорына ерекше баланы сыныпқа қабылдамау жөнінде арыз жазып келді. Бүгін де бұл жағдай ішінара кездеседі. Себебі, соңғы кезде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі және дамуы жағынан тежелген балалар саны күрт артқан. Екінші, қазір инклюзивті қайырымды орта қалыптасып келеді.

 Қоғам белсенділері қайырымды, сауатты шараларды жиі өткізуде. Үшінші, балаларды қолдауға ғылым да сапалы көңіл бөліп келеді. Төртінші, Оқу ағарту министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы ағартушылыққа, білім беруге қатысты басқосулар ұйымдастырудың басы-қасынан табылуда.

Жалпы, ұстаз қауымы мектепте білім беріп қана қоймай, ата-ана, психолог, әлеуметтану қызметкері ретінде баланы сүйемелдеп жүруі тиіс. Дәл осындай маман иелерін дайындау да күн тәртібінде. Нәтижесі көріп отырғанымыздай, ерекше балаларға деген қарым-қатынас пен көзқарас біртіндеп өзгере бастады. Мұның бәрі педаогика, медицина, психолог маманы еңбегінің арқасында түзеліп келеді. Балаларға сауатты диагноз қойылып, оларға жеке дара қарайтын бағдарлама құрылды.

Қоғамдық ортада өз еркімен қозғала алмайтын балалар үшін инво-такси қызметі қосылды. Балалардың дер кезінде маманға қаралуын хабарлайтын кол-орталық ашылды. Тағы бір айта кетерлігі, ата-ананың баласын қалай бар, солай қабылдауы, өзіне деген сенімділігі артты. Алматы сияқты ірі қала мен басқа облыс орталықтарында мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жүретін жол пайда болды, тепшекке шығу үшін қондырғылар қойылды.

Егер 2014 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған білім беру орталықтарының дайындығы 15 пайыз болса, 2019 жылы 70 пайыз болу керек делінген. Алайда, бүгінде бұл көрсеткішке жете қоймасақ та, айтарлықтай ілгерілеушілік бар.

Инклюзивті қоғам
жеке мұрағаттан

 – Инклюзивті орта қалыптастыруға не кедергі? Инклюзивті қоғамды дамыту үшін бізге не жетіспейді? Қазақстан инклюзивті мемлекетке айналуы үшін нені өзгерту керек?

 – Өте маңызды сауал. Әрине, қоғамның өзгеруі мүмкіндігі шектеулі және мүгедек балалар, ардагерлер мен қарттар үшін ғана емес, еліміз үшін керек. Себебі, Қазақстанның инклюзивті қоғам атануына барлық жағдай бар. Біздің халық қоғамның осал тобына мүсіркеп қарауды қойды. Қашан да ақкөңіл, мейірімді, жақсылық жасауға құштар. Бұл қасиеттің бәрі әр қазақтың бойында бар. Оның үстіне Қазақстан – инклюзивті орта қалыптастыруға жағдай жасалған әлемдегі ең қолайлы мемлекет.

Мұны жай сөз ретінде айтып отырғам жоқ, шын мәнінде біз айналамыздағы адамдарға бейжай қарамаймыз, көмек беруге дайын тұрамыз. Тәрбие мәдениеті, халық дәстүрі, бәрі-бәрі үлкенді құрметтеуді, кішіге ізет көрсетуді үндейді. «Алты жасар бала алыстан келсе алпыстағы қарт келіп сәлем береді» деп бекер айтпаса керек. Осы сөздің астарында инклюзивті білім беру мен оларды қолдаудың мән-мағынасы жатыр. Сондықтан біз қашан да мойын бұрып, қолдау көрсетуге дайынбыз.

Кейінгі кезде көптеген ұйымдар, орталықтар инклюзивті бағдарлама жасақтап, қиын жағдайда қалған балаларға қолдау көрсетуге асық. Қазақстанда көмек беру парадигмасы кеңінен тарауда. Қазір жып-жылы бейнероликтер түсіріліп, жағымды ақпараттар жарияланып келеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары нақты қол жеткізе алатын көмек жайында толыққанды мәліметке оңай қол жеткізеді. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін инклюзивті орта қалыптастыру бойынша заңнамалық деңгейдегі құқықтық-нормативтік актілер бар. Олар да басқа балалар сияқты кәдімгі мектепте, солар оқыған бағдарлама бойынша білім алып, жеке сүйемелдеу көменгін ала алады. Ол үшін мұғалімге көп болмаса да, қосымша айлық төленеді. Сондай-ақ, ерекше балалардың дамуына байланысты жекелеген бағдарлама жасалады. Тағы бір тоқталып кететін жайт – мұндай балалардың даму процесіне ерекше атсалысып, үнемі қолдап келетін меценаттар ортасы қалыптасқан. Мұны басты басымдық деп айтуға болады.

Қайырымдылық фестиваль
жеке мұрағаттан

 – Қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау деңгейі қалай?

 – Егер біз мұны 10 балдық шкаламен бағалап көрсек, 3 балл берер ем. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге, мүгедектерге, белгілі себептерге байланысты жұмыс істеу қабілетінен айрылған жандарға толыққанды жағдай жасалған жоқ. Неге?

Біз бар жүкті осы салада жұмыс істейтін мамандарға ғана артпауымыз керек. Біз жанымыздағы біреу қиындыққа тап болса, көмек қолын созуға талпынуымыз қажет. Тым болмаса, «Қалай көмектесе аламын?» деген сауалды қою керек. Кеше ғана Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Біз бұл күнді ұзақ күттік.

 Бұған дейін қаншама қайғылы оқиғаға көз жұмып келдік. Қоғамның түсінігі өзгеріп, халықтың сана-сезімі дамуы үшін біз Орталық Азияның кіндігіндегі өркениетті ел ретінде инклюзивті шараларды көбірек өткізуде белсенді болуымыз керек. Біз адамның жақсы қасиетін бағалай алатын, айналамызға бейжай қарамайтын қоғамбыз. Бұл кез келген адамның рухани өсудегі басты элементі. Онсыз тұлға ретінде толыққанды қалыптасу екіталай.