26 Наурыз 16:22

Инесса Чугайнова: Еврейлер – еліміздің біртұтас халқының бір бөлігі

Еврей этносы
Фото: жеке мұрағаттан

Ежелден білім мен мәдениетті бойына терең сіңірген еврей ұлты қай салада да көш ілгері. Сонау алмағайып заманда Қазақстанға жер аударылып, пана тапқан еврей этносы алғашқы кезде қауымдастық ретінде құрылды.  

Еліміз тәуелсіздікке қадам басқан жылдары құрылған «Шалом» еврей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Инесса Чугайнова NEGE тілшісіне сұхбат беріп, еврей этносының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

 – Еврейлердің «Шалом» этно-мәдени бірлестігі қашан құрылды? Бүгінгі атқарып отырған қызметіне тоқтсалсаңыз...

 – «Шалом» еврей этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылған күннен бастап еврей мәдениетін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауға еңбек сіңіріп келеді. Сондай-ақ, еврей тілдерін – ежелгі тамыры бар қазіргі заманғы иврит тілін, сондай-ақ еуразиялық кеңістіктегі еврейлердің мәдениеті қалыптасқан идиш тілін зерттеуге көңіл бөледі.

Этно-мәдени бірлестіктегі кездесулер балалар мен ересектерге арналған жексенбілік мектеп форматында өтеді. Мұнда қызықты тұлғалармен кездесу ұйымдастырылады, еврей мәдениеті туралы лекция оқылады. «Шалом» басқа этно-мәдени бірлестіктермен байланыс орнатып, бірлескен мәдени жобалар, оның ішінде театр, вокалдық және хореографиялық ұжымдардың қойылымдарын қояды. Біздің бірлестік ашылған кезден бері қалалық мерекелерді ұйымдастырумен айналысып, тұрмыстық бұйымдар, кітап көрмесі, аспаздық жобалар, концерттер өткізудің басы-қасында жүреді.

 – Қазір елімізде қанша еврей өмір сүріп жатыр? Негізінен қай өңірде тұрады?

 – 50 мыңға жуық адам. Олар Қазақстанның барлық аумағында өмір сүреді.

 – Еврейлердің Қазақстанға қоныстану тарихынан аз-кем ақпарат берсеңіз. Сондай-ақ, еврей этносының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, қазақ халқымен қарым-қатынасы туралы білсек.

– Қазіргі Қазақстан аумағында еврейлер VIII-ХІІ ғасырда пайда бола бастады. Әсіресе, көпестер, дәрігерлер және аудармашылар керуендермен бірге Ұлы Жібек жолының қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өтетін тармағымен келген. Сол кезде олардың қызметі сұранысқа ие болды. Халық санының өсуі білімнің, мәдениеттің, сауданың, қолөнердің, егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына ықпал етті. Еврейлер арасында тоқыма бұйымдарын өндіру және бояу технологиясын меңгерген қолөнершілер болды. Бұл орта ғасырларда бүкіл Орталық Азияда тиімді кәсіп саналды. Сонымен қатар арамей, парсы, араб, испан тілдерін білу олардың ұстаздық және аудармашылық қызметпен айналысуына жол ашты. Кітапханаларды ретке келтіруде, хат, іс қағаздарын жазуда сауатты адамдардың қызметі маңызды еді.

Еврей этносы
жеке мұрағаттан

Қазіргі Қазақстанның ірі қалаларындағы еврей қауымдары ХІХ ғасырдың екінші жартысында құрылған. Негізінен қауымдастықты ұйымдастырушылар патша әскерінде қызмет еткен еврейтекті Сібір өлкесінің сарбаздары болды. Ол кезде еврейлер үшін «Отырықшылық бозғылт» деп аталатын заң күшінде еді. Олар өздерінің дәстүрлі аймақтарынан – Ресейдің, Украинаның, Беларусьтің, Польшаның провинциялық қалаларынан кетуге құқығы жоқ еді. Алайда, еврей сарбаздары қалауы бойынша империяның кез келген бөлігінде қалауы бойынша қоныстануға мүмкіндік алды. Тарихтан белгілі, Қазақстан территориясы ХІХ ғасырдың екінші жартысында болашағы зор аймақ ретінде қалалар белсенді түрде салынып, жұмысшылар қажет болды. Бұл ретте өңір діни толеранттылығымен ерекшеленді. Отставкадағы еврей сарбаздары әскерге бармай тұрып-ақ түрлі қолөнермен айналысқандықтан, олардың дала өлкесінің қалаларына қоныстану келешегі зор іс болды. Бірте-бірте қоғамдастықтар пайда бола бастады.

Қазақстандағы қауымдастықтар дамуының келесі кезеңі 1930 жылдарға жатады. Бұл жазықсыз қамауға алынып, «халық жауы» деп танылғандар Қазақстанға қоныс аударуға жіберілген қиын қуғын-сүргін кезеңі. Осы жер аударылған зиялы қауымның арасында еврейлер көп болды.

Қоныс аударудың келесі кезеңі – 1940 жылдары. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мыңдаған еврей Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға табан тіреді. Әртүрлі мамандықтағы, әр түрлі жастағы адамдар, соның ішінде сәбилі аналар келді. Сол кезде Қазақстан халқы жер аударылып келгендерді баспана, киім-кешек, тамақпен қамтамасыз етіп, көмек қолын созды. Олар да қарап жатқан жоқ, өз кезегінде жергілікті тұрғындармен бірге егіс алқаптарында, зауыттарда, мектептер мен ауруханаларда еңбек етті. Осылайша, жұдырықша жұмылған біртұтас халық жеңісті жақындата түсті. Соғыс аяқталғаннан кейін де олар үшін Қазақстан – жаңа үй, балалары мен немерелері үшін Отаны болды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қауымдастық үшін жаңа даму жолы ашылды. Атап айтқанда, мәдениетті, дәстүрді, тарихты, еврей және иврит тілдерін зерттеуге, қайырымдылыққа барлық мүмкіндіктер заңдық тұрғыдан жасалды.

1992 жылы Алматыда республиканың барлық еврей қауымдарын, соның ішінде Алматы қалалық «Шалом» этно-мәдени бірлестігін біріктіретін Мицва қауымдастығы құрылды. Расында, еврейлер құрылған алғашқы жылдардан бастап күнделікті қазақ тілін үйреніп, қазақ халқымен және басқа этнос өкілдерімен тату-тәтті өмір сүрді.

 Одан кейінгі кезеңдерде, соның ішінде екінші дүниежүзілік соғыста еврейлер мен қазақ халқы, барлық этностар әрқашан тату көршілік, бауырластық қарым-қатынаста болды. Бүгінгі таңда еврейлер – еліміздің біртұтас халқының бір бөлігі. Олар үшін қазақ мәдениеті мен басқа этностардың мәдениеті туған жеріндей жақын.

Еврей этносы
жеке мұрағаттан

 – Еврей ұлтының өзіне тән ұлттық мерекелері мен атаулы күндері барын білеміз. Сол жөнінде айтып өтсеңіз.

 – Еврей күнтізбесіндегі барлық маңызды күндер мерекелік көңіл көтеру ретінде саналмайды. Мысалы, еврейлердің Жаңа жылы (Рош Хашана) шулы кештермен тойланбайды. Өйткені, одан кейін бірден 10 күн тәубе ету басталады, бұл өтеу күнімен аяқталады.Әрбір мереке еврей тарихындағы маңызды оқиғаға сәйкес келеді. Атап айтқанда, пасха – құтқарылу мейрамы әдетте сәуір айында атап өтіледі. Мереке бір аптаға созылады. Бұл еврейлердің Мысырдан шығу мерекесі, тек физикалық ғана емес, рухани жағынан да құлдықтан босатуды білдіреді.

Ал Шавуот мерекесі құтқарылу мейрамынан кейін 7 аптадан кейін тойланады. Шавуот – адамдарға бүкіл адамзат өмір сүруі үшін өсиет беретін мереке. Мерекенің басты әдеті – он өсиет тыңдау. Олар таңғы намаздан кейін синагогаларда оқылады. Шавуотта үйлер мен синагогаларды гүлдермен және жасыл желектермен безендіріп, мерекені сүт тағамдарымен бастау дәстүрі бар.

 Сүт белгісінің бірі – дәстүрді танудың дәмі. Ал Суккот – еврейлердің тишрей айының соңында, күздің басында тойланады және қуаныш уақыты деп аталады. Оның әдет-ғұрпы бойынша 7 күн қатарынан еврейлер шатыры мөлдір (бұтақтан немесе сабаннан жасалған) уақытша баспаналарда тұрып, сонда ұйықтап, тамақтануы керек. Мұндай тұрғын үй «сукка» деп аталады және ежелгі дәуірде болған египеттік құлдықтан азаттық туралы естелік ретінде қызмет етеді.

Рош Хашана – күзде тойланатын жаңа жылдық мереке. Аңыз бойынша, дәл осы уақытта Алла Тағала барлық ұлттардың және әрбір жеке адамның жаңа жылға тағдырын белгілейді. Йом Киппур – жаңа жылдан кейін бірден Йом Киппурмен (өтірілу күні) аяқталатын 10 күндік өкіну бар. Дәстүр бойынша Йом-Киппурда адамдардың алдағы жылға белгіленген тағдыры күшіне енеді. Йом Киппур алдында ренжіткен адамдардан кешірім сұрау әдетке айналған. Рош Чодеш – еврей мерекесінің атауы «ай басы» деп аударылады. Рош Чодеш әр айдың бірінші күні жаңа айға сәйкес келеді. Еврейлер бұл уақытты ерекше деп санайды, өйткені бұл мерекелерді кері санауды бастайтын жаңа ай. Сол сияқты Пурим, Ханука, Ту би-Шват, Лаг ба-Омер сынды мерекелер тойланады.

Еврей этносы мемлекеттік тілді біле ме? Қазақ тілін үйренетін жексенбілік мектептер бар ма?

– «Шалом» этно-мәдени бірлестігінің басты міндетінің бірі – қазақ тілін, қазақ мәдениетін, сондай-ақ Қазақстан халқының барлық этностарының әдет-ғұрпын зерттей отырып, оның мәдени дәстүрлерін дамыту.Бірлестік қазақ тілін барлық деңгейде оқытып жатыр. Балалар қазақ тіліне кіріспе ретінде әліпбиді меңгерсе, оқу мен жазуды үйренетін балабақшада үйренеді. Ал мектеп оқушылары қазақ тілін қосымша сабақ негізінде оқиды. Онда үй тапсырмасын орындайды, сөйлеуге жаттығады, жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттайды. Ересектер тілді Қазақстан халқы Ассамблеясының курстарында, сондай-ақ республикалық және қалалық кітапханалар жанындағы ауызекі тіл үйірмелерінде меңгереді.

жеке мұрағаттан

 – Еврей этникалық тобы үшін Ассамблеяның басты берері не?

 – Қазақстан халқы ассамблеясы – мәдени, қоғамдық, әлеуметтік және білім беру алаңы. Мұнда этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, оның ішінде еврей этносы да алдағы жобалар бойынша пікір алмасып, ынтымақты одан әрі нығайту үшін өзіндік бастамалар әзірлейді. Ассамблея – қазақ тілінде семинар сабақтары өткізілетін білім беру институты. Қазақстан халқы ассамблеясы еврей қауымдастығының халықаралық жобаларын, атап айтқанда, «Тарих. Жады. Халық» және жазушы Морис Симашко шығармашылығына арналған әдеби оқулар шарасын әркез қолдап келеді. Сол сияқты Қазақстан халқы ассамблеясы – әлеуметтік дамуға бағытталған әлеуметтік-мәдени байланыс орны.

 – Қоғамда «Қазақстан халқы ассамблеясы керек пе, жоқ па?» деген пікір жиі туындайды. Сіздің ойыңыз қандай?

 – Қазақстан халқы ассамблеясы – мәдени-әлеуметтік дамуға, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды қоғамдық ресурс. Мұнда өтетін кез келген шара, мәселен, кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, деректі фильмдердің премьералары, әдеби кездесулер еліміздің дамуына зор үлес қосатыны анық. Бұл шараның қай-қайсысы да мәдени мұраны сақтауға септігін тигізеді. Сондай-ақ, Ассамблея Қазақстан халқының рухани бірегейлігін дамыту және мәдени даму бойынша идеялармен алмасу үшін маңызды. Бұл жобаның барлығы әлеуметтік дамудың құралы ретінде маңызға ие.

Еврей этносының басты ерекшелігі неде?

 – Әр халықтың өзіндік ерекшелігі, бай салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар. Әрбір халықтың мәдениеті, оның қайталанбас мұрасы өркениеттің дамуы үшін қажет. Еврей халқының тарихи жолының ерекшелігі – көптеген еврей қауымдары ежелгі заманнан бері бүкіл әлемге тарап кеткен. Басқа халықтармен қатар өмір сүре отырып, өздерінің мәдениеті мен дәстүрін сақтайды. Сонымен бірге басқа этностардың мәдени әдет-ғұрпын бойына сіңіреді. Содан ба екен, еврей дәстүрі әлемнің әртүрлі елдерінде кездеседі.

Еврей этникалық тобының өкілдері Қазақстанда 100 жылдан астам тұрақты тұрып келеді. Сондықтан қазақ мәдениеті мен қазақ тілінің әуезі Қазақстан еврейлеріне ежелден жақын. Тіпті, қазақтың еті, бауырсақ, құрт, ірімшік және басқа да тағамдары еврейлердің аспаздық рационына енгізілген.

Қазақстанда тұратын еврейлер өздерін халықтың бір бөлігі ретінде санайды. Аға буын еврейлердің балалары, немерелері мен шөберелері Қазақстанда дүниеге келген. Бірақ қай жерде туғанына қарамастан, еврейлер үшін Қазақстан – Отаны, біртұтас Қазақстан халқының бір бөлігі. Себебі, олар үшін Қазақстан бала тәрбиелеп өсіретін, болашағын құрайтын жер.