22 Ақпан 09:47
...

Жаңа заң тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын ала ма?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Фото: ғаламтордан

Депутаттар әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң жобасын талқылағанда әке рөлі туралы қайта-қайта еске салып, заң жобасы дәстүрлі таным-түсінікке қайшы еместігіне алаңдады.

Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бірінші оқылым өтіп, онда депутат Ермұрат Бапи отағасы туралы заң қабылдау туралы ұсыныс айтты.

«Осы заң жобасынан біз әкенің рөлін, ер азаматтың рөлін, заң жобасының табиғатынан сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Қазақстанда халықтың 70 пайызын қазақтар құрайтынын білеміз. Осы жерде отырғандарымыздың бәрімізді «осыдан әкең келсін, әкең сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыдан келгенде біз әкенің, ер азаматтың рөлін көтеру үшін отағасы туралы заң қалыдауымыз керек шығар?» – деді депутат.

Ал депутат Аманжол Әлтай ер азаматтан қысым көрген әйел адам ғана емес, әйелден де қысым көрген еркектер баршылық екенін еске салды.

«Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да жетерлік. Біз «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен буын едік, қазір «мамам біледі», «мамамнан сұраймын», «мамам шешеді» деген балалар көбейіп бара жатыр. Оған кеше ғана Қарағандыда 78 жастағы кейуананың өз баласынан зорлық-зомылық көргені дәлел болып отыр», – дейді мәжілісмен.

Алайда баяндамашы депутат Жұлдыз Сүлейменова заңға енгізілетін өзгерістердің бағыттарының бірі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және дамыту турасында екенін атап өткен еді. Депутат заң жобасын қабылдар сәтте ұлттық ерекшеліктерімізді де ұмытпауымыз керек деп отыр.

«Әсіресе, таяқтың екі ұшы болатынын ескергеніміз жөн. Әсіресе, бала тәрбиесінде. Мысалы әкенің сұсы болады. Оның баланың болашағын ойлаған тәк-тәгін ертең зорлық-зомбылық деп қабылдауға жол бермегеніміз абзал. Ата-ана мен бала арасындағы жанжалды ушықтырмаудың жолын қарастырған жөн. Қандай ата-ана да баласын жақсы болсын дейді, өзі жетпеген биікке оның шыққанын қалайды. Әрине, кейде сәл артық кетуі де мүмкін. Бірақ оның жанашырлықтан туған әрекет екенін ұмытпаған абзал», – дейді Ж. Сүлейменова.

Кодекстің ҚР неке-отбасы заңнамасының негіздері деп аталатын 2-бабында жаңа 9, 10 тармақшалары қарастырылған екен. Онда дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету және балаларды дәстүрлі отбасылық құндылықтарға құрмет рухында адамгершілік және рухани тәрбиелеуді қамтамасыз ету жазылған.

Өз кезегінде депутат Елнұр Бейсенбаев қоғамда үлкен резонанс тудырған Салтанат Нүкенованың қазасын еске алды. Ол статистика бойынша көбінесе әйелдер мен балалар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтынын айтты.

«Былтыр ұрып-соғудан көз жұмған Нүкенованың өлімі қоғамның ерекше ашу-ызасын туғызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жазаны қатаңдатуды қолдау бойынша арнайы онлайн-петиция іске қосылып, 150 мыңдай қол жиналды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында петицияны қолдап, ел азаматтарының пікірі ескерілетінін айтты. Осының негізінде, бүгін заң тағы да қатаңдатылды. Енді ұрып-соғу мен денсаулығына жеңіл түрде зиян келтіру бойынша қылмыс түрі Әкімшілік Кодекстен Қылмыстық Кодеске ауыстырылды. Енді ұрып-соғу факттері бойынша, тіпті жеңіл түрі болса да қылмыскер Қылмыстық Кодекспен жазаланатын болады.

Сондай-ақ, азаптау бойынша жаңа бап қолданысқа еніп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «AMANAT» партиясы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне кепілдікті күшейте түсетін түзетуді қысқа мерзімде енгізу қажеттігін әркез қолдады», – дейді депутат Е.Бейсенбаев.

Жалпы заңға енгізілетін өзгерістердің бес бағыты бар. Олардың бірі айтып өткендей дәстүрлі құндылықтарға негізделген болса, тағы бірі зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар Әкімшілік Кодекстен Қылмыстық Кодекске ауыстырылып, қатаңдатылды. Онда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған және олар рақымшылыққа іліне алмайды.

Ендігі заңға түзету енетін болса, уәкілетті органдар азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зомбылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдана алады.

Сондай-ақ балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайды. Жазаны жұмсарту немесе өтелмеген жаза мерзімі болмайды.
Сонымен қатар құқық бұзған азаматқа сот шешімі бойынша тіпті психологиялық көмек көрсетуге де мүмкіндік қарастырылыпты.
Заң жобасындағы үшінші бағыт бойынша суицидке итермелеу мен суицидті насихаттау бойынша норма енгізілді.

«Мысалы бұдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит» немесе сол секілді ойындар бойынша әлеуметтік желілерде челендждер болып тұрды. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізілуде», – дейді заң жобасының баяндамашысы депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Заң жобасында қарастырылып отырған тағы бір бағыт – интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқықтарын қорғау. Қазіргі заң бойынша интернаттық ұйымдарды тексеру үшін алдын ала хабарлама беруге міндеттелсе, жаңа заң жобасы бойынша ешқандай ескертусіз тексеріс жүргізуге болады.

Бесіншіден тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасын жүзеге асыратын Отбасын қолдау орталықтарын құру осы заң жобасында қарастырылған екен.

Статистика бойынша, жыл сайын елімізде 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болады және күн сайын 5-6 бала отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Статистика бюросының мәліметінше жыл сайын 80 мыңнан артық адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Олардың басым бөлігі әйелдер мен балалар.