18 Маусым 17:25

«Жайлы мектеп»: Аймақтарда қалай жүзеге асуда?

Алматы облысы
Фото: ғаламтордан

Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы президент Қ.Тоқаевтың пәрмені бойынша қабылданып, жүзеге асып келеді. Бұл бойынша республиканың түкпір-түкпірінен мыңға жуық мектептің салынатыны туралы айтылды.

Бұл қаланың ғана емес, ауыл балаларының да соңғы үлгідегі заманауи мектептерде білім алуына толыққанды жағдай жасайды. Себебі, бұған дейін шалғайдағы ауыл мектептеріне жан-жақты көңіл бөлу мардымсыз екені жасырын емес. Келешек ұрпақ білімді болсын десек, оларға берілетін білім сапалы болуы тиіс.

Сонымен, 2025 жылға дейін республикада үш ауысымдағы және апатты жағдайда білім беретін білім ошақтарының саны азая ма? Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық теңесе ме? Қазірдің өзінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша кез келген өңірде мектеп салу қарқынды болып тұр. Бүгінде ауылдан қалаға ағылған отбасы көп. Оның көп қаланың іргесіндегі елдімекендерге қоныс тебеді. Соңғы жылдары демографияда да серпіліс бар. Бұл мектепте орын жетіспеушілігі мәселесін туындататыны сөзсіз.

Алматы облысы
ғаламтордан

Әсіресе, халық санының тығыздығын ескерсек, Алматы облысында білім ұясы көптеп салынуды талап етеді. Осыған орай, 2022 жылы өңірде 16 білім ошағының құрылысы басталып, былтыр 14 мектеп пайдалануға берілген. Екі мектеп осы жылдың аяғында қолданысқа берілмек. Соның өзінде үш ауысымда оқитын мектеп саны жетерлік.

Алматы облысының Білім басқармасы басшысы Салтанат Дауысбекқызының айтуынша, аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру мақсатында 2023-2024 жылдары 54 мың 600 орындық 53 мектеп салу жоспарланған. 

«2024 жылы 26 мектеп, 2025 жылы 27 мектептің құрылысын бастау қолға алынды. Бұл білім ұясының бәрі бала саны көп аудандағы елдімекендерден бой көтереді», – деді бізге берген жауабында.

Қызылорда облысы: Апаттық жағдайда 6 және үш ауысымда білім беретін 6 мектеп бар

Ал Қызылорда облысында жалпы білім беретін 336 мектеп бар. Оның қатарына жекеменшік, кешкі және арнайы мектеп-интернаты кіреді. Алайда, орын тапшылығы 12 мың 757 орынды құрайды. Бұл өңірде де «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2023-2025 жылдары 15 мың 100 орындық 21 мектеп салу жоспарға алынған. Айталық, Қызылорда қаласынан 8, Қазалы ауданында 2, Қармақшы ауданында – 2, Жалағаш ауданында – 2, Арал ауданында – 4 мектеп, Сырдария ауданында – 1, Шиелі ауданында – 1, Жаңақорған ауданында – 2 мектеп салынбақ.

ғаламтордан

Оның оны биыл, қалған 11 мектеп 2025 жылы есігін айқара ашпақ.

Жергілікті өңір әкімдігінің мәліметінше, апаттық жағдайда 6 және үш ауысымда білім беретін 6 мектеп бар. Бір айта кетерлігі, кейбір елді мекендегі апатты мектептің құрылысы жеке инвестордың көмегімен жүзеге асып жатса, 4 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынады.

 Сондай-ақ, облыста оқушылардың қауіпсіз білім алуы үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасы барысында барлық мектепке бейнебақылау орнатылып, желі полиция бөлімі мен жедел басқару орталығына қосылған. Ал 170 мектепке турникет қойылса, 300-ге жуық мектеп дабыл көтеретін қондырғымен қамтылған.

Түркістан облысы: 63 мектептің құрылысы басталды 

Халық саны көп өңірдің бірі – Түркістан облысы. Мұнда үш ауысымдағы және апаттық жағдайдағы мектеп санын азайту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Айталық, орын тапшылығын жою үшін 2023-2025 жылдары 96 мектеп салу көзделсе, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектептің құрылысы басталған. Оның 20-сы 2023 жылы пайдалануға берілді. Ал осы жылы есігін ашатын 28 мектептің кейбірі тұсауын кесіп үлгерді. Былтыр осы уақытта аймақта «1000 мектеп» бағдарламасы бойынша 24 мектептің құрылысы басталды. Оның 11-і былтыр, қалған 13 мектеп осы жылдың соңына дейін біртіндеп іске қосылып жатыр.

Жайлы мектеп
Түркістан облысы әкімдігі

Таяуда ғана өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Жайлы мектеп» жобасы нәтижесінде Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында 600 орындық мектептің құрылыс жұмысын тезірек аяқтауды тапсырды. «Жоба бойынша қолға алынған мектеп құрылысын сапалы әрі уақытылы іске асыру керек. Мердігер компания жұмысына жауапкершілікпен қарап, мерзімінде пайдалануға беруі тиіс.

Екінші мәселе – жаңадан ашылатын білім ұяларына директорды байқау арқылы тағайындап, білікті ұстаз құрамымен жасақтау қажет. 63 мектептің биыл 24-і, келесі жылы 34-і салынады. Бұған бюджеттен 288 млрд теңге бөлініп отыр», – деді Түркістан облысының әкімі.

Жамбыл облысы: 12 мектеп құрылысы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жүзеге аспақ

Жайлы мектеп жобасы
Жамбыл облысы әкімдігі

Ал Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары 41 мектеп салу жоспарланса, оның 12-сі «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жүзеге аспақ. Мұнымен қоса 9 білім ұясына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі екен. Аймақтағы жоба аясында салынып жатқан мектеп құрылысымен жіті танысқан өңір әкімі Ербол Қарашөкеев президент тапсырмасына бейжай қарамау керектігін тілге тиек етіп, кейбір мердігер компанияның әрекетін сынға алды. «Жұмыс баяу жүріп жатыр. Егер осы қарқында жалғастырсақ, межелі уақытында аяқталмайды. Ең алдымен сапа жағына көңіл бөлген жөн. Білім ұясы оқушылар үшін қауіпсіз болғаны дұрыс», – деді өңір басшысы.

Павлодар облысы: Жаңа мектеп соңғы үлгіде болады 

Жайлы мектеп жобасы
Павлодар облысы әкімдігі

Сол сияқты Павлодар облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салынса, жыл соңына дейін 2 мектеп пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Өңір әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, салынып жатқан білім ұясының бәрі соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталады. «Мұнда оқушының сапалы білім алуы үшін бар мүмкіндік қарастырылады», – депті өңір әкімі құрылыс барысымен танысу кезінде.

Бір мақалада еліміздің барлық өңірін қамту мүмкін емес. Алайда, «Жайлы мектеп» жобасы сәтті қабылданып, дер кезінде қолға алынғанын айтады жұрт. Себебі, әр бала сыныпта қыстырылып-қымтырылмай сапалы білім алып, болашақта кірпіш боп қаланып, қадамын сенімді басуы керек. Ол үшін үш ауысымда және апатты жағдайда білім беретін мектеп түп-тамырымен жойылуы тиіс.