«Жәбірленуші Аюпжан Тәжиевтің Хасан Қасымбаевқа уәжі жоқ» — Адвокат істің мән-жайын айтты
Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысының өтіп жатқанына бір айдың жүзі болды. Іс 36 томнан тұрады.
Осы уақыт аралығында жәбірленуші Арман Әлімовтен жауап алынып, 6 куәгер сотта куәлік етті. Тек жәбірленуші Аюпжан Тәжиев сот отырысына келмегендіктен, одан жауап алынбаған еді. Ол сотқа онлайн қатысып, жауап беруге өтініш білдірген. Алайда, сотталушылардың адвокаттары бұған қарсылық танытты. Аюпжан Тәжиев одан кейінгі сот отырыстарында да төбе көрсетпеді. Сол себепті оны сот залына күштеп әкелу ұсынылды.
Бүгінгі сот отырысына тек Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Данияр Асқаров жеткізілді. Қалған сотталушылар денсаулығына байланысты қатыспады. Денсаулығына қатысты деп айтылғанымен, нақты қандай аурудан емделіп жатқаны нақтыланбады. Ал Аюпжан Тәжиев сотта Хасан Қасымбаевтың және басқа да айыпталушылардың қатысуынсыз жауап беретінін айтып, судьяға өтініш білдірген. Судья Айнагүл Тукубаева өтінішті қанағаттандырды. Сот процесі айыпталушылардың қатысуынсыз жалғасты.
Х.Қасымбаевтың адвокаттары істі сотталушылардың қатысуынсыз қарауға қарсылық білдіріп, судья Айнагүл Тукубаеваны шеттетуді сұрады. Сотталушылардың адвокаттары осымен төртінші рет судьяны ауыстыруға өтініш білдіріп отыр.
Белгілі болғандай, жәбірленуші Аюпжан Тәжиев сот отырысына Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерімен жеткізілген. Ол сотта жауап беруді бастады. Алайда, оның сотта берген жауабын жариялауға рұқсат жоқ. Естеріңізде болса, журналистерге жәбірленушінің айғақтарын жариялауға тыйым салынған.
Кезекті процестің соңында NEGE тілшісі бүгінгі сот отырысына қатысты Х.Қасымбаевтың адвокаты Гүлмира Бабажанованың пікірін білді.
Адвокат Бабажанованың айтуынша, бұл жерде сотталушылардың құқығы бұзылып отыр. Сол себепті олар судьяға қарсылық білдірген.
«Сотталушылардың үшеуі сот отырысына келген жоқ, олар денсаулығына байланысты арыз жазған болатын. Оны конвой қызметкерлерінен беріп жіберді. Іс айыпталушылардың қатысуымен ғана жүргізілуі керек. Қылмыстық-процестік кодекстің 335-бабына сәйкес, сотталушылардың қатысуынсыз тек қана олар сот процесінен бас тартқан жағдайда ғана өткізіледі. Алайда сот оған қарамастан, «сотталушылар бас тартты, сондықтан қылмыстық істі ары қарай сотталушылардың қатысуынсыз қараймыз» деп айтты. Бірақ олар отырған мекемеден медициналық құжат салынған жоқ. Судья заң талаптарын бұзып отыр деп ойлаймыз. Оларға қатысты ауыр санаттағы қылмыстық іс қозғалып отыр ғой. Судья олардың тікелей құқығын бұзып отыр. Сол себепті судьяға қарсылық білдірдік. Өйткені, олардың қатысуынсыз қалай қаралады?», дейді адвокат Бабажанова.
Олардың судьяға қарсылық білдіруінің екінші себебі, жәбірленуші Тәжиевтің сотталушылардың қатысуынсыз жауап беремін деген талап-арызы.
«Қарсылық білдіруімізге екінші себеп, жәбірленуші Тәжиевтің атынан арыз келіп түскен. Біз ол арызбен танысқанымыз жоқ. Арызда өзінің құқығын пайдалана отырып, 98-бапқа сәйкес, сотталушылардың қатысуынсыз жауап беремін деп талап-арыз берген. Бірақ біз қорғау жағы үкіммен келіспедік. Себебі, Хасан Қасымбаевқа қатысты эпизод қаралып жатыр. Хасан Қасымбаевтың Аюпжан Тәжиевке сұрағы көп. Бірақ судья бұл жерде де біздің өтінішімізді қанағаттандырмады. Заң бойынша қылмыстық-процестік кодекстің 98-бабында көзделген. Егер жәбірленуші қандай да бір өтінішімен сотталушылардың қатысуынсыз қаралады. Бірақ бұл жақта кішкене қарама-қайшылық бар, қорқыту фактісі бар. Алайда 96-97 бапқа сәйкес қорқыту фактісі бойынша дәлелді себептер болуы тиіс. Ол ішкі істер басқармасына арыз жазу керек болады. «Сотталушы жақтан, оның туған-туыстары жағынан маған қоқан-лоқы көрсетілді. Сондықтан мен осы қылмыстық істі сотталушының қатысуынсыз қарауды талап етемін», деуі тиіс. Алайда мұндай факті жоқ, ол анықталмады. Мұны да негізсіз деп санаймыз. Сондықтан біз судьяға қарсылық білдірдік. Тәжиев жауап беретін кезде сотталушыларды шығарып тастады. Ары қарай Тәжиевтен жауап ала бастады», — дейді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші Аюпжан Тәжиев сотталушы Хасан Қасымбаевқа уәжі жоқ екенін жеткізген.
«Тәжиевке қатысты айтатын болсақ, оның берген жауаптары есінде жоқ. Сөздері бір біріне қарама-қайшы. Енді қазір менің Хасан Қасымбаевқа қатысты талабым жоқ дейді. Ал Дарханға қатысты талабым бар дейді. Өйткені, Талғар қаласында оны 2016 жылы тауға Дархан алып келген екен. Хасан мені тек бір рет ұрды дейді. Ал қалған ақша талап ету бойынша ондай факті болған жоқ деп отыр. Ал Хасанға қатысты талабым жоқ дейді. Тәжиевке қатысты Хасаннан жауап алынған жоқ, сол себепті оның не ойлайтынын айта алмаймыз. Іс 36 томнан тұрады. Қазір жәбірленушілерден жауап алынып жатыр. Ал ол бұл қылмыстық іспен танысқаны туралы нақты айта алмай отыр. Негізі, қылмыстық іс аяқталғаннан кейін жәбірленушіге барлық 36 том қолына беріледі. Ол танысып, қол қояды. Қазір ол нақты жауап бере алмайды. А.Тәжиев 2016 жылы арызданған. Бірақ Дархан, Шыңғыс, Хасанға қатысты мән жай орын алды, тауға апарды, ақша сұрады деп жазған болатын. Бірақ, ол қазіргі кезде өзінің талап-арызын нақтылай алмай отыр. Есімде жоқ дейді. Хасан Қасымбаевқа қандай айып тағып отырғаны туралы сұраққа да жауап бере алмады», — деді Г.Бабажанова.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.
Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.