Жәбірленуші Арман Әлімов өзін Хасанның адамдары қалай ұрлағанын айтты

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгінгі сот отырысында прокурор Ерлан Құланбаев сотталушы Хасан Қасымбаев пен 5 сотталушыға қатысты айыптау актісін оқыды.
Сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспеді. Ары қарай сот отырысында жәбірленуші Арман Әлімовтен жауап алынды.
Арман Әлімов Хасан Қасымбаевты 2016 жылдан бері білетінін айтты. Ол Асхат есімді танысы жарыс ұйымдастырған кезде Х.Қасымбаевпен танысқан. Айтуынша, сол азамат пен Х.Қасымбаев оған демеушілік еткен. Яғни, оның жекпе-жекке шығуын қаржыландырған. Одан әрі қарай жәбірленуші оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Қалымжанов Мадияр мен топтасқан адамдар тобы Талғат Қалмұратовқа шабуыл жасады. Жаттығудан кейін үйіне қайтып бара жатқан кезде оны ұрып кеткен. Мен сол оқиғадан кейін Талғат Қалмұратовқа ауруханаға бардым. Ол маған оқиғаның мән-жайын айтып берді. Сосын үйімнің жанынан мені белгісіз біреулердің «Ауди» маркалы авиокөлікпен аңдып жүргеніне назар аудардым. Автокөліктегілер мені екі аптадай бақылап жүрді. Мен олармен бұрын таныс емес едім. Менің үйімнің маңында кішігірім спорт алаңқайы бар, кейде ол жерге балалардың кіруіне рұқсат беретінмін. Сол жерге Руслан Әлиев, қасында Нұрмұхамет Сұлтанбеков немесе Данияр Асқаров болуы керек, нақты білмедім, кіріп келді. Мен олардың мені аңдып жүргенін білгенім жоқ.
Одан кейін 2021 жылы 21 маусымда үйден шығып дүкенге келгенде, маска таққан бес адам маған көлікпен жақындап, төртеуі атып шығып, тұтқиылдан шабуыл жасады. Көлікті алдын ала дайындап қойған екен. Мадияр қолымды алып амандасты да, кенеттен мені қатты тартып қалды. Біреу аяғымнан ұстап, аудармақ болды. Мен тек олардың жан-жақты соққылап жатқанын көрдім, содан кейін есімнен танып қалдым. Есімді жиғанда, көліктің артқы орындығында отырғанымды түсіндім. Аяғымды Руслан ұстап отыр екен, денемді Мадияр, басымды Ақтанов қысып тұрды. Қолдарында шоқпар болды. Мені Талғардың шетіне алып шықты. Сол кезде қараңғы түсіп кеткен еді. Мені сыртқа алып шығып, жауап алуды бастады. Сұлтанбеков пен Асқаров сол жерде тұрды. Қалымжанов Мадияр киімін шешіп, денесіндегі оқ іздерін көрсетіп, мені кінәлай бастады. Ақтамов Сайлау менен жауап алды. Менің қатысым бар-жоғын сұрай бастады.
Мен Ақтановтың Қасымбаевқа қоңырау шалып, әрі қарай не істеу керегін сұрағанын естідім. Қасымбаев оған мені видеоға түсіруге бұйрық берді. Руслан бәрін видеоға түсіріп жатты, ал қалғандары мені ұруын жалғастырды. Кейін Қасымбаев оларға өзін күте тұруды бұйырды. Күн батқанда Хасан Қасымбаев «Toyota Prado» маркалы автокөлігімен келді, бірақ көліктен түспеді. Терезесін төмен түсірді, барлығы оған жақындай бастады. Ол: «Жетеді, кетеміз, тәртіп сақшылары келе жатыр, бізді біліп қойды», – деді. Осыдан кейін бәрі тез көлікке отырып, кетіп қалды», – деді жәбірленуші Арман Әлиев сотқа берген жауабында.
Бәрі кетіп қалған сәтте жәбірленушінің қолында телефоны болған, ол таныс такси жүргізушісін шақырып, тұрған жерінің мекен жайын жіберген. Оны оқиға орнынан такси жүргізушісі алып кеткен.
- Тақырыпқа орай: Хасан ісі: Сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспеді
Жәбірленуші Арман Әлімовтің айтуынша, арадағы араздық өзін Х.Қасымбаев жеке шақырған кезде басталған. Қасымбаев Әлімовке екі рет адам жіберген. Әлімов екі жағдайда да «ол мен үшін авторитет емес» деп қайтарған.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.