6 октября 2020 г. 13:09

Виктор Сесь: Өз елінің тілін білсін деп балаларымды қазақ мектебіне бердім

Фото:

Әдетте, ел танымал адамдар жайлы білгісі келеді. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының назары әншілерге, спортшыларға, шенеуніктер мен ғалымдарға, олардың отбасына жиі ауады. Nege.kz осы қағиданы бұзып, қарапайым, бірақ өзгеге үлгі боларлықтай ерекше отбасы жайлы жазуды жөн көрді.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылында тұратын Сесьтердің үйіне жақындағанымызда, бізді алдымыздан өте кішіпейіл, сыпайы егіз балалар – Алеся мен Евгений күтіп алды. Алесяның «Сәлеметсіз бе?» деп жылыұшырай амандасқаны, Евгенийдің қазақ баласындай құрақ ұшып келіп, «Ассалаймағайкум!» деп үлкендердің қолын алғаны ерекше жылы әсер қалдырады екен.

Отағасы Виктор Сесь жүк көлігін жүргізеді. Этникалық тегі – украин. Әйелі Светлана Доржиева – қалмақ қызы. Тігінші болып жұмыс істейді. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары ержетіп, отау тігіп, өз шаңырақтарын құрған. Алеся мен Евгений қазақ сыныптарында оқып жатыр.

Әрине, алғашқы сұрағымыз балаларын қазақ мектебіне беруге не түрткі болғаны жайында еді.  

«Біз Қазақстанда тудық. Өмір бойы осы жерде тұрып келеміз. Мен балаларымыздың өз елінің тілін білгенін қаладым. Сондықтан қазақ мектебіне бердім», – дейді Виктор Сесь.

Отағасы біртоға кісі екен. Қойған сұрақтарыңа бір сөзбен ғана жауап береді. Жанарынан ер адамға тән бірсөзділік, табандылық, талапшылдық байқалады. Отбасынан да осыны талап ететіні көрінеді. «Папасына рахмет айтқым келеді. Ол балаларға қатаң тәрбие беріп келеді. Көп сөзсіз-ақ, ісімен ұқтырады. Біз үшін әкесінің айтқаны заң», – дейді жұбайы.

Отбасында орыс тілінде сөйлейтін балаларға қазақ мектебін оқу қаншалықты қиын болғанын өздерінен сұрадық:

«Жоқ, маған ешқандай қиындық тудырған жоқ», – дейді өскенде ІТ маманы болғысы келетін Евгений Сесь. Сыңары Алеся Сесь қыз баланың қағылездігімен әңгімеге еркін араласып кетті.  «Балабақшада, мектепте айналамыздағы балалардың бәрі қазақтар болды. Бірге ойнадық, сөйлесіп жүрдік. Ақырын-ақырын қазақша үйрендік. Қиын болды деп айта алмаймын», – деді Алеся.

«Кейде бізді танымайтын қазақ кісілер орысша сөйлеп, ойын жеткізе алмай қиналып жатады. «Оларға қазақша айта беріңіз, біз қазақша жақсы білеміз», – дейміз.

Мектепте Алеся және Женя деп бізге балалар қатты қызығады. Қазақ тілінде еркін сөйлейтінімізге таңқалады. Тіпті, мұғалімдеріміз де таңырқап жатады. Әсіресе, орыс сыныптарында оқитын балалар қатты қызығып: «Бізге де үйретіңдерші», – деп өтініш білдіреді. Мектеп директоры Гүлнәр Туаршиева бізге ұдайы қолдау көрсетіп, түрлі іс-шараларға жіберетін», – дейді Алеся Сесь.

 

Рас, Бәйтерек ауылындағы Әл Фараби атындағы орта мектеп – аралас мектеп. Екі тілде де білім береді. Әдетте, орыстілділер – орыс сыныптарында, қазақтілділер қазақ сыныптарында оқиды. Орысша оқытатын мұғалімдер қазақ сыныбында оқып жүрген еуропалық келбетті Алеся мен Женяны көргенде шын таңырқап жатады екен.

Светлана Доржиеваның балаларының болашағына деген көзқарасын, қазақ тіліне деген құрметін көріп, риза болдық. 

«Біз балаларымыздың болашағы болғанын қалаймыз. Біз ешқайда көшіп кетпейміз. Осы жерде тұратын болсақ, біздің балаларымыз қазақ тілін білуі тиіс. Мысалы, орыс мектебінде оқып, қазақ тілін үйренем десең, жақсы нәтижеге бәрібір қол жеткізе алмайсың. Тілді терең меңгеру үшін қазақ заңдарымен өмір сүруің керек. Бәрі таза қазақша болуы тиіс. Осының бәрін ескере отырып, балаларымызды алдымен қазақша балабақшаға, сосын қазақ мектебіне бердік».

Алғаш мектеп табалдырығын аттау Алеся мен Евгений Сеське оңай тимепті. Қазақ балалары ың-шыңсыз партаға қонжиғанда, орыстілді отбасының балалары болғандықтан, «Қазақша білім алуға әзір ме, жоқ па?» деген сауал туған. Мектеп директоры Гүлнәр Туаршиева алдымен сынақтан өткізуді ұйғарған.

«Әрине, балаларым сынақтан сәтті өтті. Ұлым сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Қызымның қазақшасы ол кезде нашарлау болғанымен, өзінің харизмасымен көзге түсті. Би билеп, қазақша өлең айтып берді. Қазір қазақшаға судай екенін өзіңіз көріп тұрсыз», – дейді анасы.

Алеся мен Евгений Сесьтің ата-анасы балаларының мінез-құлқында, тәрбиесінде бір өзгеріс барын да байқапты.

«Мұны қандай сөзбен жеткізсем екен? Олар субординацияны берік сақтайды. Сыйластықпен қарай бастаған тәрізді. Өзінен үлкендерге, егде адамдарға дөрекі, тік сөйлемейтін болды. Балаларымның мейірімді болып өсіп келе жатқанын байқадым. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата біледі», – дейді.

 Алеся және Евгений Сесьтердің сынып жетекшісі Рауан Шынтаева егіздердің сабақ үлгерімі жақсы екенін айтты.

«Алеся көпшіл қыз. Барлық қыздармен жақсы тіл табысады. Екеуінің де қазақшасы өте жақсы. Жазуы да таза. Әдебиеттен эссе, шығарма жазғанда, ойларын өте сауатты жеткізеді. Әдеби сөздерді орнымен қолданады. Женяның лидерлік қасиеті басым. Сыныптағы балаларды ұйымдастырып жүреді. «Жас Ұлан» әскери тобының капитаны. Екі-үш жыл қатарынан «Үздік командир» атағымен марапатталды. Пән мұғалімдері Женя мен Алесяға ешқандай жеңілдік жасамайды. Бәріне қойылатын талап біреу. Женя сыныпта тәртіп секторы. Алеся би мен спортқа бейім», – дейді ұстазы.

Бұл отбасының үлкен ұлы Данил 23-те. Қазақша түсінгенімен, сөйлеуге қысылады екен. Достарының дені – қазақтар. Яғни, ортасы қазақ. Екінші ұлы Кирилл 21-де. Ол үш жыл ғана орыс мектебін оқыған. Отбасы басқа ауылға көшіп барғанда, ол жерде орыс мектебі болмаған. Ол да қазақ мектебін бітірген.

«Алғашқыда сыныбындағы балалардың бәрі орысша сөйлеп кетті. Мұғалімі Роза Исатайқызы мықты кісі еді. «Бұлай болмайды, сені жыл соңына дейін қазақша сөйлетемін. Әйтпесе, көрсеткіштерімізді бұзасың», – деп баламның сабағын қолға алды. Расында да, бір жылдан соң қазақша тәп-тәуір сөйлеп кетті, – дейді С.Доржиева.

Жуырда Виктор Сесь пен Светлана Доржиеваның әулетіне қазақша сөйлейтін тағы бір адам қосылды. Ол – келіні.  

«Өткен сенбіде ұлымыз қазақ қызына үйленді. Осылайша біздің отбасымызға қазақша сөйлейтін тағы да бір адам қосылды! «Тойды қалай өткіземіз: орыс дәстүрімен бе, әлде қазақ дәстүрімен бе?» деп таңдау жасауға тура келді. Сөйтіп, жартылай қазақтың дәстүрімен өткіздік. Қалыңмал бердік. Құдалық өткіздік. Сонымен, отбасымызда қазақша сөйлей алмайтын әкесі екеуміз ғана қалдық», – деп күледі Светлана Доржиева.

Тегтер: