14 мая 2025 г. 11:48

«Ұлттық кеңеске мүше болу Айгүлдің деңгейі емес» – Қоғам белсендісі өзіне сын айтқандарға жауап берді

Фото: ғаламтордан

Оңтүстік өңірдегі заңсыз әрекеттерді әшкерелеп жүретін заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбекті жұрт әлеуметтік желі арқылы таныды. Ол осы белсенділігінің арқасында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне де мүше болды. Алайда, бәзбіреулер «Ұлттық кеңеске мүше болу Айгүлдің деңгейі емес» деп те жүр...

Қоғамдағы кез келген мәселеге үн қосуға асығатын заңгермен NEGE тілшісі аз-кем әңгімелескен еді.

– Айгүл, сізді «Шымкент әкімдігінде болған оқиғаға байланысты жалған ақпарат таратты» деп сынға алып жатқандар бар. «Мен ақпарат сайттарында жарияланған дереккөздерді негізге алып, пікірімді жаздым» дедіңіз. Бұл жерде кінәлі ақпарат құралдары ма, әлде әкімдікке қарсы шығу мақсатыңыз болды ма? Осыны көпшілікке нақтылап айтып бересіз бе?

– Мен ешқашан арандату немесе біреуге қарсы шығу мақсатында жазба жариялаған емеспін. Әлеуметтік желідегі белсенділігімнің түпкі мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударту, үн қосу. Шымкент әкімдігінде болған оқиғаға қатысты пікір білдіргенде бұқаралық ақпарат құралдарындағы ашық дереккөздерге сүйендім. Егер кейін бұл ақпараттың кейбір тұстары шындыққа жанаспайтыны анықталса, алдымен ақпарат таратушы тараптардың жауапкершілігі қарастырылуы керек. Қоғамда резонанс тудырған мәселелерге үн қосу – бұл азаматтық ұстаным, ал оны әкімдікке қарсы бағытталған әрекет деп қабылдау – қате әрі біржақты түсінік.

– Бұған дейін де әкімдік жұмысын ашық сынап жүргеніңізді білеміз. Тіпті, бірде марапат ретінде берілген дипломды қоқысқа тастағаныңызды желіге жарияладыңыз. Мұны «менің аузымды жапқысы келді» деп қабылдадыңыз ба?

– Иә, бұл әрекетім қоғамда үлкен талқылауға себеп болды. Ол кезде қала әкімі Мұрат Әйтенов болатын. Егер сол алғыс хат шын жүректен, шын ниетпен берілсе, мен оны бағалар едім. Алайда, бұл марапатты «сын айтпа, үндеме» деген ишара ретінде қабылдадым. Өйткені, дәл сол сәтте мен анамды ауруханаға жатқыза алмай жүр едім. Қалада адамдар оттегі концентраторын таба алмай сабылып жүргенде әкімнен алғыс хат алып, мәз болып отыра алмайтын едім.

Фото: ғаламтордан

Бұл пандемияның қиын кезеңі болатын. Мемлекеттен 5 млрд теңгеге салынған ковид госпиталіне Мамин мен Біртанов келіп, лентасын қиып кеткенімен, төрт күн өткен соң ол аурухана науқастарды қабылдамай қойды. Жедел жәрдем дәрігері «әкімдік рұқсат берілген адамдар ғана фосфорный ауруханаға жатқызылады» деді. Қаншама адам оттегісіз көз жұмып жатқанда әкімдіктің «алғысын» қабылдауым – арға сын болар еді.

Ковидпен күреске миллиардтар бөлінді, бірақ нәтижесі – өтірік есеп пен жымқырылған қаржы. Менің бұл әрекетім марапатқа емес, жалғандық пен көзбояушылыққа қарсылық болды. Бұл – жүйеге қарсы шығу емес, әділетсіздікке деген наразылық.

– «Ұлттық кеңеске мүше болу Айгүлдің деңгейі емес» деп пікір айтқандар бар. Сіз үшін Ұлттық кеңеске мүше болу мәртебе ме, әлде жауапкершілік пе? Бұл кеңеске не үшін бардыңыз және қандай ұсыныс жасап, нендей мәселе көтердіңіз?

– Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне кірмей тұрып-ақ, қоғамда белсенді азамат, құқық қорғаушы ретінде танымал болдым. Жемқорлыққа, заңсыздықтарға, әлеуметтік әділетсіздікке қарсы күресіп жүргенімді халық жақсы біледі. Егер менің қоғамдағы еңбегім болмаса, мені ол кеңеске ешкім ұсынбас еді.

Әрине, ел алдында жүрген соң түрлі пікірлер айтылады. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ мен өзім секілді қоғамға жаны ашитын кез келген азаматтың Ұлттық кеңесте отыруға толық моральдық құқығы бар деп есептеймін. Мен үшін кеңеске мүше болу – мәртебе емес, үлкен жауапкершілік.

Мақсатым – халықтың шынайы мәселесін билікке жеткізу. Мен көтеріп жүрген негізгі тақырыптар: ауыл-аймақтағы жемқорлық, сапасыз білім беру, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық, әйелдердің құқығы, жергілікті басқарудағы мәселелер.

Фото: ғаламтордан

Құрылтайда мынадай нақты ұсыныстар көтердім: бірінші, ауыл әкімдерін сайлаумен қатар, олардың жұмысына қоғам тарапынан бақылау орнату; Екінші, мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін құқықтық, психологиялық қызметтерді күшейту; Үшінші, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған дағдарыс орталықтарының санын арттыру; Төртінші, жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын алу үшін құқықтықтану пәнін жетінші сыныптан бастап оқыту. Бесінші, жемқорлықпен күресте қоғам белсенділері мен журналистердің рөлін күшейту. Алтыншы, қайырымдылық қорларын бақылауға алу және олардың есебін талап ету. Мұндай қорлар террористерді қаржыландыруы мүмкін . Сондықтан барлық қорларды жабу және тек мемлекеттік бақылаудағы қорларға ғана қаржы аудару жайлы, бұдан бөлек көптеген мәселелерді көтердім.

Ұлттық кеңес пен құрылтай мүшелеріне жалақы төленбейді, бұл – ерікті қоғамдық жұмыс. Сондықтан менің билікке жеткізген үнім біреуге ұнауы, біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл жолда мен тоқтамаймын. Мені бәрі жақсы көруі міндет емес. Ең бастысы – мақсатым айқын.

– Президенттің Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында «Азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуі керек» деген пікірі қоғамда талқылау тудырды. Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде сіз не дейсіз?

– Бұл – өте күрделі әрі сезімтал мәселе. Мемлекеттік тіл – елді біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын басты құндылық. Қазақ тілінде сөйлеуді талап ету – бұл мәжбүрлеу емес, бұл – ұлттық сананың көрінісі, тілді сақтау мен дамытуға деген ниет. Бірақ оны жеткізудің мәдениеті болуы керек. Мұндай талап бейбіт, түсіндіру арқылы, сабырмен жасалуы тиіс.

Мемлекеттік деңгейдегі тұлғалар мен мінберге шыққан азаматтар алдымен қазақ тілінде сөйлеуге міндетті. Бұл – мемлекеттің бет-бейнесі. Сондықтан бұл мәселені тек құқықтық тұрғыда емес, азаматтық парыз ретінде де қарауымыз қажет. Мемлекеттік тілді қолдану – халыққа, елге деген құрметтің белгісі.