Шымкентте Нұрайдың өліміне кінәлі деп танылған Шерхан Аймаханға үкім шықты

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды бірнеше рет пышақтап өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Коллаж: elordainfo.kz

Астана, NEGE. Шерхан Аймахан Қылмыстық кодекстің «Ерекше қатыгездікпен адам өлтіру», «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Еске салсақ, қанды қылмыс биыл 11 қаңтарда жасалған. Сол күні кешке Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы Шерхан Аймахан бірнеше жерінен пышақтап өлтірген.

28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен он шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.

Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, ол Талғар ауданы Ақтас ауылындағы мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Кейін күдікке ілінген жігіттің ақыл-есінің дұрыс екені анықталды.

Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды.

Бұған дейін сотта мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сондай-ақ марқұмның туыстары сотталушыдан моральдық өтемақы ретінде 10 млрд теңге талап еткенін жазған едік.