USD
USD
USD

Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан неге 10 млрд теңге талап еткенін түсіндірді

Шымкентте пышақ жарақатынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың жақындары сотталушы Шерхан Аймаханнан моральдық өтемақы ретінде неліктен 10 млрд теңге талап еткендерін түсіндіріп берді.

Нұрай Серікбай
Фото: instagram.com/ayankhan_omarov_advocate

Астана, NEGE. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай бұл мәселені заң және мораль тұрғысынан қарастырып отырғанын айтты.

«Заң тұрғысынан алып қарағанда, сотталушы шығынды өтемей, мерзімінен бұрын шартты түрде босау, жазасын жеңілдету немесе жазаны жеңілдетудің басқа да түрімен айналыса алмайды. Сондықтан (моральдық өтемақы сомасы – ред.) өмір бойы төлеп өтетіндей қомақты сома болуы керек», – деді ол.

Бұл ретте Нұрайдың ағасы үкім шыққан кезде қанша сома бекітетінін сот шешетінін ескертті.  Сондай-ақ, оның айтуынша, жәбірленуші тарап қанша сома талап ететінін өзі шешетіндіктен, марқұмның жақындары қомақты сома бекіткенін алға тартты. 

«Мораль тұрғысынан келер болсақ, әлемнің бүкіл ақшасын берсе де, Нұрайдың орнын толтыра алмайды. Өйткені біз үшін адамның өмірі ақшамен есептелмейді. Сондықтан егер біз Нұрайдың жоқтығымен сыналатын болсақ, сотталушы тарап ақшамен сыналуы керек деп ойлаймыз», – дейді Сұлтан Серікбай.

Оның мәлімдеуінше, моральдық өтемақыны өндіріп алу мүмкін болса, отбасы бұл қаражатты сталкинг пен зорлық-зомбылыққа тап болған басқа қыздарға көмек көрсетуге жұмсауды жоспарлап отыр.

Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтарда жасалған. Сол күні кешке Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы 11 жерінен пышақтап өлтірген.

Бұл факт бойынша адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен он шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.

Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, ол Талғар ауданы Ақтас ауылындағы мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Кейін күдікке ілінген жігіттің ақыл-есінің дұрыс екені анықталды.

Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін қалалық полиция департаменті бастығы мен оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды.

Қазір оқып жатыр

Алматы облысында мәйітін өртеп жіберген полицей өліміне қатысты істі тергеу аяқталды

Аслан Әлсеров

Үкімет жаңа шарттарды бекітті: енді жәрдемақыны кімдер ала алмайды?

Көпбалалы аналар

LRT құрылысы: Астананың екі көшесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді

Астана

Вячеслав Ким Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмен атанды

Вячеслав Ким