Шымкенттегі Нұрайдың қазасы: полиция бастығы қызметінен босатылды
Шымкенттегі 21 жасар Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін қалалық полиция департаменті бастығы және оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Астана, NEGE. Ведомство өкілдері Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің марқұм Нұрайдың туыстарының өтініштерін қарамаудың ықтимал фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Қылмыстық іс шеңберінде жедел ден қоймау және уақтылы шаралар қабылдамау бойынша барлық дәйек жан-жақты тексерілмек.
«Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – делінген хабарламада.
Бұған қоса ІІМ өкілдері қызметтік тергеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша басқарушылық жауапкершілік негізінде тәртіптік шаралар қабылданғанын атап өтті.
«Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментін Нұрлан Алмасбеков басқарып келген. Ол бұл қызметке 2024 жылғы қыркүйекте тағайындалған.
«Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысы ІІМ бақылауында. Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды», – делінген хабарламада.
Бүгінгі Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты қоғамда өрбіген пікірталасқа үн қосты. Ол Ішкі істер министрлігіне қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырғанын мәлімдеді.
Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтар күні кешкілік Шымкент қаласындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында жасалған. 21 жастағы Нұрай Серікбай есімді қызды танысы 11 жерінен пышақтап кеткен.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен 10 шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.