Шетелдегі қандас: Ауруханасы жоқ мемлекет дамыған 30 елдің қатарына кіреміз дейді
Бүгінде екі өкпесінен деміккендерге көмектесіп жатқан да өзіміздің қара халық. Аз күнде шама-шарқынша ақша жинап оттегі концентратын сатып алуға жұдырықша жұмылып кетті. Тіпті, бұл қайырымдылық шарадан шетелде тұратын қандастар да тыс қалмады. Қазірдің өзінде Еуропа елдерінде тұратын қазақтар елімізге көмек қолын созып үлгерді. Біз осы істің басы-қасында жүрген Дания және Еуропа қазақ мәдени орталығын құрушылардың бірі, экономист-маман Әкбар Аюбиды әңгімеге тарттық.
– Әкбар Аюби мырза, шетелдегі қандастардың елімізге көмек беріп жатқанын естіп қуанып қалдық. Жиналған қаражатқа қанша оттегі аппараты сатып алынды және қайда жеткізілді?
– Бұл идея қайдан пайда болды? Елдегі жағдайды әлеуметтік желіден естіп, көріп, жүрегіміз ауырды. Белгілі ақын Айнұр Тұрсынбаева өзінің «Айдың нұры» атты қоры арқылы ақша жинап, Түркиядан елге көмек ретінде оттегі аппаратын жіберуге әрекет етіп жатқанын Фейсбук парақшасынан оқыдым. Сосын дереу Еуропадағы қазақтарға шығып, біз де өз тарапымыздан атсалысайық деген ұсыныс айттым. Швейцариядан дәрігер Серік Тұрсын, Сәуле Хофер, Бешеритхан Малабакан сияқты белсенді азаматтар қолдап, ақша жинауға кірістік. Сұрастырып көрсем, бұл құрал Данияда қымбат тұрады екен, 3 мың еуро. Ал Қытайдың аппаратын Түркияда 500 еурода сатып жатыр. Сөйтіп, 4 оттегі концентратын сатып алып, Түркиядағы «Хадиат» түрік-қазақ мәдени орталығының арқасында елге жібердік. Аллаға шүкір, аманатымыз Қазақстан топырағына жетті. Бізге 4 ауруханаға табыс етілді деп айтты. Әу баста бұл оттегі концентраторының екеуі Қызылордаға, біреуін Аягөзге, тағы біреуі Атырау облысындағы Мақат ауданына берілетін болған. Алайда, кейбір себептермен бұл құралдың біреуі Түркістан облысы, қоғамдық денсаулық басқармасы «Облыстық клиникалық ауруханасына», екіншісі – Нұр-Сұлтан қаласындағы көпсалалы медициналық орталығына, үшіншісі – Алматы қаласындағы «Open clinic» ЖШС-на, төртіншісі – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Тарбағатай орталық аудандық ауруханасына (Ақсуат аулы)» жеткізілген. Не болса да, қазағымның пайдасына жараса болды. Одан бөлек біз Қазақстанның өзінен оттегі аппаратын 1500 еуроға таптық. Қытаймен шекаралас ауылға ешбір көмек бармаған екен. Біз қаржыны Семейдегі «Халықтан – халыққа» атты қорға тапсырамыз Олар әлгі ауылға жеткізу жағын қарастыратын болады. Ал Кельн қазақ мәдени орталығы 3 оттегі аппаратын Аягөзге, бір аппаратты Жамбыл облысы, Шу ауданына жөнелтті. Білуімше, жергілікті халықтың ақшасына 5 мың дана оттегі аппараты сатып алынған. «Көп түкірсе – көл» деген осы шығар. Ең бастысы, халықтың ниеті бұзылмасын деп тілеймін.
– Елге деген аманатты жіберерде қандай да бір кедергілер болған жоқ па?
– Қазақ қандастары туған еліне көмектесу үшін ештеңені аяп жатқан жоқ. Біз әрқашан да елмен бірге екенімізді білдірсек дейміз. Біздің ұлттық мейрамымыз – Наурыз тойын тойлайтын тобымыз бар. Сондағылар ақша жинап, қажетті дәрі-дәрмек түрін, медициналық маска мен қолғап сатып алған еді.
Бастапқы кезде елшілік мұны да елге жіберуге болады деген. Содан кейін «болмайды, Қазақстан жағынан рұқсат жоқ» деп шықты. Яғни, кедергі тек Қазақстан жағынан ғана болды. Неге солай екеніне таңым бар. Жұмыс істеу органдары арасында ауызбірлік жоқ, керісінше бір-біріне кесірін тигізеді. Бюрократия әбден түп-тамырына сіңіп алған. Бір-біріне жалтақтаумен күнелтеді. Билік басына адамгершілік қасиеттен жұрдай басшылар отырып алған. Ал осылардың шабан қимылдауының салдарынан қаншама адам көз жұмып жатыр.
– Жалпы, оттегі концентраторы тапшы дүние ме?
– Мұны негізінен Қытай өндіріп, пайдаға кенеліп отыр. Тапшы дүние де емес. Қазақстан үкіметі «індет келе жатыр» дегенді естіген кезден-ақ қамданып, әр ауруханаға сатып алса, жағдай дәл қазіргідей ушықпас еді. Сонда миллиардтаған қаржыға қандай дайындық жасалған? Не дәрі-дәрмек, не қорғаныш құралдары, не оттегі аппараттары жоқ. Осы аппараттың жоқтығынан көп адамның кеудесіне оттегі жетпей, өмірмен қош айтысып жатыр. Ол ол ма, науқастар ауруханаға сыймай жатыр деп естідім. Бұл сұмдық қой. Неге аурухана салмайды? Мына түрімен ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қалай кіреміз дейді? Бұл індет Қазақстанның денсаулық сақтау саласының өте төмен деңгейде қалғанын көрсетіп берді. Отандық медицина мүлдем тоқырап қалған екен. Мұны кімнен көреміз? Әрине, бәріне өлім хақ, бірақ жұрт мынадай бейбіт заманда медицинаның әлсіздігінен көз жұмуда. Бұған билік басына білімсіз, біліксіз, ынсапсыз басшылардың отыруы басты себеп. Бүгінгі Қазақстанның бет-бейнесін диктатура меңдеген, жемқорлыққа батқан деректер-ақ паш етіп отыр.
– Ал Данияда індет жұқтырғандар азайды ма? Медицинаның мүмкіндігі қандай?
– Дания қаласында бірінші күннен бәрін жауып тастап, үйден шығармады. Жұмыс та қашықтан жүрді. Қызметкерлердің айлығын толық берді. Мұнда интернет жақсы дамыған. Жеке компаниялар қызметкерлерін үйден істеуге рұқсат берді. Мемлекет әрбір жұмысшы үшін айына 3 мың еуро төледі. Әйтпесе компания жұмысшысын шығарып жіберуі мүмкін еді. Халық та тәртіпке бағынды. Карантин ережесін қатаң сақтады. Өзім істейтін 25 мың жұмысшысы бар «Siemens» компаниясы жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазір жағдай тұрақталды. Қоғамдық орындарға басында 10 адамға, қазір 100 адамға дейін жиналуға болады. Данияда 13 мың адам ауырып, 12 мың адам жазылды. 5,8 млн халқы бар елде 1 млн адам тесттен өткізілді. Ал індет басталғалы 611 адам көз жұмды. Бүгінде 20 адам ауырып жатса, 5 науқас орташа ауыр халде, 3 адамның жағдайы ауыр. Құдайға шүкір, ел індетті жеңді десе болады. Халықаралық шекаралар да біртіндеп ашылып жатыр.
Ал Дания еліндегі ауруханалардың жабдықталуына келсек, мұндағы әр палатада қанша адам жатады, сонша оттегі аппараты тұрады. Яғни, бұл аурухананың стандарты. Ең бастысы, мұнда медицина тегін.