Сейтқазы Матаев: Мен ешкімнің алдында бас иген емеспін!
Nege.kz студиясының алғашқы қонағы – Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев.
С.Матаевты бекерден-бекер таңдаған жоқпыз. Біріншіден, Секеңнің аты мен заты бар. Қырық жылдан бері журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Екіншіден, тағдыры бөлек. Тәуелсіз Қазақстан сотында әке мен баланы қосақтап қойып соттаған іс есімізде жоқ.
Қылмыстық істің жай-жапсары – басқа тақырып. Біз бүгін қоғамды, журналистиканы сөз еттік.
Сұхбаттың толық нұсқасын (20.11.2019) YouTube желісіндегі Nege.kz арнасынан көре аласыздар.
- Секе, денсаулығыңыз қалай?
- Жақсы. Қазір жақсы.
- Қан қысымыңыз қалыпқа түсті ме?
- Ауыр жағдай болды. Одан өттік. Мұны сынақ деп санаймын. Ең қиыны – баламмен бірге түрмеде отыру. Қазір балам қасымда. Өз отбасымен. Қаз ТАГ агенттігін басқарады. Мен Журналистер одағына қайттым. Кетерде былай болды: қылмыстық іс басталғанда арыз жаздым. «Қылмыстық іс тоқтағанша мені босатыңдар» дедім. Жалпы, журналистикадан кетемін деп шештім. Өйткені зейнетке шықтым. Бірақ журналистердің көбі қарсы болды. Кейіннен конференция өткіздік. Орталықтан, аймақтан көп журналист қатысты. Соңында мені қайта сайлады.
- Сұхбаттарыңыздың бірінде кітап жазып жатырмын деп едіңіз. Ол кітап не туралы? Қашан жарыққа шығады?
- Ол кітап менің өмірім туралы. Журналистикада жүргеніме қырық жылдай болды. Жақсы редакцияларда жұмыс істедім. Қарағандыда «Индустрияльная Караганда» газетінде, «Известия» газетінде жұмыс істедім.
- Яғни бұл кітап өзіңіздің өмірбаяныңыз туралы ғой?
- Иә, өмірбаяным туралы. Түрлі қызықты оқиғалар болды. Соны айтатын уақыт келді деп есептеймін.
- Басыңыздан өткен соңғы жағдай туралы осы кітапта бар ма?
- Оны жалпы айтып өтем. Эпизодтар бар. Бірақ басты тақырып бұл емес.
- Сізді түрмеден босату туралы сот шешімі осыдан тура екі жыл бұрын шыққан екен. Бірақ ол ақтау үкімі емес. Арқаңызда ауыр жүк жүргендей сезінбейсіз бе?
- Рас, бұл ақтау шешімі емес. Бірақ ондай сезім жоқ. Мен өзіме өзім сендім. Балама да сендім. Біз тағылған айыпты мойындаған жоқпыз. Бұл соттың шешімінде де бар. Ең бірінші – баламыз екеуміздің арымыз таза. Кез келген адамға тура қарай аламыз, ашық айта аламыз.
- Сот шешімімен ақталу уақыттың еншісіндегі мәселе деп есептейсіз бе?
- Ақталудан үмітіміз бар. Оған уақыт керек.
- Бостандыққа шыққаннан кейін «жанымда дос қалмады» депсіз. Журналистер одағының төрағасы болып қайта сайландыңыз. Достар пайда болған шығар?
- Менде дос көп емес. Үш-төрт досым бар. Олар Қарағандыда тұрады. Басыма күн туғанда Алматыға болды. Сотқа қатысты, түрмеге де келді. Түрмеден шыққанымда үйде болды. Осы азаматтар барлық кезде менің қасымда. Басқаларын дос деп санамаймын. Бүгін бар, ертең жоқ. Одақ төрағасы болғаннан кейін ондай адамдар айналамда көп болады. Біреуге атақ керек, біреуге сыйлық керек, енді біреуге ұсыныс керек. Бірақ мен ешкімге жоқ деп айтпаймын. Егер ол адам дұрыс болса, өмірбаяны келіп тұрса, көмектесемін. Марқұм шешем: «Қолы ашықтың жолы ашық» дейтін.
- Басыңызға күн туғанда баррикаданың арғы бетінде жүргендей көрінген әріптестеріңіз болды. Соларға өкпе-ренішіңіз бар ма?
- Ешкімге ренішім жоқ. Кімнің кім екенін журналистер де, халық та біледі.
- Қазір сол әріптестеріңізбен кездесіп тұрасыз ба?
- Мен шақырған жерге барамын, шақырмаса – бармаймын. Әдейі кездесу үшін әрекет жасамаймын. Ондай адамдар бар. Өмір болған соң, мұны солай қабылдау керек. «Менің басыма күн туғанда маған шоқпар алып жүгірдің» деп ешкімге айтқан емеспін.
- Ал енді өзіңіз Журналистер одағының төрағасы ретінде қанша журналистке, қанша БАҚ-қа көмектестіңіз?
- Мен оны санаған жоқпын. Бірақ журналистер біледі. Қолдан келіп тұрса, неге көмектеспеске? Көп жұрт мені таниды. Қазір де жақсы қабылдайды. Кейбіреулер ойлауы мүмкін «Сейтқазы осындай жағдайға тап болды, оппозицияға кетті» деп. Жоқ, олай емес. Мен ешқашан оппозицияға немесе билікке бармаймын. Билікпен жұмыс істеу керек. Билікте де дұрыс жігіттер бар.
- Билікті сынау да керек. Солай ма?
- Егер сын болмаса, ол журналистика емес. Журналист – биліктің табиғи оппоненті. Журналист билік өкілімен құшақтасып жүрмеуі керек. Журналист елге жақын болуы шарт, елдің сөзін сөйлеуі керек. Сонда ғана ол – журналистика.
- Сіз Қазақстан президентінің тұңғыш баспасөз хатшысы болдыңыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайды жақсы білесіз. Сол кездер мен екі мыңыншы жылдардағы журналистиканы және бүгінгі журналистиканы салыстырып қарайсыз ба?
- Тоқсаныншы жылдары көп газеттер, көп телеарналар ашылды. Журналистика ашық болды. Ол кезді «Қазақстан журналистикасының алтын кезеңі» деуге болады. Бас редактордан бастап қарапайым журналистке дейін баспасөз қызметінің есігі ашық еді. Ешбір бас редакторға «мына мақалаң дұрыс емес, мынаны жазба» деген емеспін.
Екі мыңыншы жылдардың басында өзгерістер болды. Билікке ұнамаған басылымдар жабылды. Кейбір журналистерді қамады. Журналистер одағының төрағасы ретінде мен бұған қарсы шықтым.
Қазіргі журналистика әлеуметтік желіге көшті. Әрбір блогер өзін журналист санайды. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар. Бірақ олар өз сөзіне жауап беруі керек. Мұндайлар аз.
Билік осы әлеуметтік желіден қауіптеніп отыр. Әлеуметтік желіні қалай пайдаланудың, қалай тоқтатудың жолын іздеп жүр.
- Ол мүмкін бе?
- Мүмкін. Кезінде айтқанмын, интернетті тоқтату үшін бүкіл Қазақстанда электр тоғын өшіріп тастау керек. Басқа жолы жоқ.
- Бұл мүмкін емес нәрсе ғой.
- Әрине, мүмкін емес нәрсе. Билік өзі диалогқа баруы керек.
- Секе, тәуелсіздік алғалы бергі уақытта журналистиканы қоғамдық институт ретінде қалыптастыра алдық па?
- Азаматтық қоғамда журналистикадан басқа институт жоқ. Шындықты баспасөзден басқа ешкім айтпайды. Халық билікке сенбесе де, журналистерге сенеді. Журналистика – билік пен халықтың арасындағы көпір. Осы көпірді сақтау керек...
Сұхбаттасқан – Ерік Рахым