Салт-дәстүр – ұлттың рухани өзегі
Қазақ халқының салт-дәстүрі – ұлтымыздың тереңде жатқан тарихы мен рухани өзегін айқындайтын асыл мұра.
Бұл – тек тұрмыстық әдет емес, сонымен бірге халықтың дүниетанымы, мәдениеті мен тәрбиесінің көрінісі. Қазақ этнографы Ақселеу Сейдімбек бұл жайында: «Салт-дәстүр – халықтың рухани тамыры. Одан айырылсақ, ұлттық болмысымыздан айрыламыз», – деген болатын.
Салт-дәстүрлердің мәні тек тұрмыстық қажеттіліктен туындамайды. Олар ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамдағы қарым-қатынасты реттейтін тәрбие мектебі болып келеді. Қазақ халқы үшін дәстүр – тарихпен жалғасқан рухани сабақтастық, ата-бабаның аманаты.
Салт-дәстүр – ұлттың ұйытқысы
Ал белгілі этнограф Зейнолла Сәнік: «Қазақтың әдет-ғұрыптары – қоғамның ішкі тұтастығын сақтайтын мәдени тетік. Оларсыз халықтың бірлігін елестету мүмкін емес», – деп атап өткен.
Салт-дәстүр тек қана рәсім немесе мереке емес, олар қоғамның ішкі құрылымын, туыстық қарым-қатынасын қалыптастырады. Мәселен, шілдехана – сәбидің дүниеге келуін қуанышпен атап өту. Бұл – жаңа өмірдің басталғанын жариялап, қоғамдағы әр адамға қуаныш сыйлайтын дәстүр. Сол сияққы қырқынан шығару – баланың алғашқы өмір кезеңін аяқтап, дені сау, бақыты мол болып өсуін тілейтін ырым.
Тұсау кесу – баланың алғашқы қадамына жол ашып, оның өмір жолы адал, дұрыс болсын деген тілек білдіреді. Бұл рәсімдер тек отбасылық мереке ғана емес, үлкен тәрбиелік мәнге ие. Жастарды ата-ананы құрметтеуге, үлкенге ізет, кішіге қамқор болуға үйретеді.
Қонақжайлық – қазақ рухының кеңдігі
Қазақтың қонақжайлығы – халықтың ең мақтанарлық қасиеті. «Қонақ келсе – құт» деп білген қазақ дастарқанын жайып, барын беруге дайын болған. Шеттен келетіндердің үнемі аузынан тастамай айтып жүретіні де – қазақтың қонақжайлылығы. Этнограф Зейнеп Ахметова бұл туралы: «Қазақ дастарқаны – мейірім мен жомарттықтың символы. Қонақ күту дәстүрі – адамға құрмет көрсетудің ең жоғарғы үлгісі», – деп жазады кітабында.
Ерулік беру, құдайы қонақ күту, сыбаға сақтау – осының бәрі қазақ қоғамындағы бірлік пен бауырмалдықты күшейтетін дәстүр. Мысалы, жаңа көршіге ерулік беру – жай ғана сыйлық емес, көршілік қарым-қатынастың алғашқы қадамы. Бұл дәстүр қазір де өз маңызын жойған жоқ, тек кей жерлерде жаңа сипат алып келеді.
Отбасылық салт – тәрбиенің қайнар бұлағы
Қазақтың отбасылық салт-дәстүрлері – болашақ ұрпақты тәрбиелеудің ең алғашқы мектебі. Бесікке салу, сүндет той, қыз ұзату, беташар секілді дәстүрлер арқылы балаға рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер сіңіріледі. Бұл тұрғыда этнограф Ақселеу Сейдімбектің: «Бесік жыры мен беташардың әрбір сөзі – жас ұрпаққа аманат. Ол – ата-ана мен қоғамның рухани байланысын көрсететін үлкен мектеп», – дегені бекер емес.
Мысалы, беташар рәсімінде жас келінге қайын жұртын таныстыру ғана емес, оған жаңа әулетке сыйластықпен қарап, отбасылық дәстүрді жалғастыру міндеті жүктеледі. Ал қыз ұзату – тек тұрмысқа шығу тойы емес, ата-ананың балаға берген тәлім-тәрбиесінің нәтижесі.
Ұлттық ойындар мен ұлттық мерекенің тәрбиелік мәні
Қазақтың ұлттық ойындары мен мерекелері де салт-дәстүрдің ажырамас бөлігі. Көкпар, қыз қуу, алтыбақан, асық ату сияқты ойындар жастарды ептілікке, ұйымшылдыққа, батылдыққа баулиды. Ал Наурыз мерекесі – көктемнің, жаңарудың, мейірімнің символы. Этнограф Тәттігүл Қартаева бұл мерекені: «Наурыз – табиғаттың оянуы ғана емес, қазақтың рухани жаңғыруының күні», – деп сипаттайды. Наурыз кезінде айтылатын бата, берілетін наурызкөже, көрісу рәсімдері – адамдарды бауырмалдыққа, кешірімге, сыйластыққа тәрбиелейтін маңызды дәстүр.
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар
Қазақ өмірімен біте қайнасқан салт-дәстүрдің тамыры тереңде жатыр. Мәселен, тұсау кесу ежелгі түркі дәуіріндегі «таза жолға шығару» ұғымымен байланысты болса, шілдехана шамандық дәуірдегі отбасылық қорғаушы рухтарға арналған ырымнан бастау алған. Бірақ уақыт өте келе, олар ислам дінімен үйлесіп, жаңа мағынаға ие болды. Этнограф Зейнолла Сәнік: «Әрбір салттың түбінде халықтың табиғатпен байланысы мен өмір тәжірибесі жатыр», – дейтіні осыдан шықса керек-ті.
Қазіргі таңда кейбір салт-дәстүр ұмыт бола бастады. Мысалы, құйрық-бауыр асату, сыңсу, тұмар тағу, бақсылық ғұрыптар бұрынғыдай жиі орындалмайды. Бұл – урбанизация мен жаһанданудың әсері. Осы жайында этнограф Зейнолла Сәнік: «Біздің міндет – ұмыт қалған дәстүрлерді зерттеп, оны ұрпаққа қайта жеткізу. Ол – ұлт болашағына жасалған қызмет», – дейді.
Жаһандану дәуірінде дәстүрдің кейбір элементтері жаңа сипат алуда. Мәселен, бұрынғы қыз ұзату тойларының орнын қазір сәнді салтанаттар басқанымен, беташар, жар-жар сияқты рәсімдер сақталып келеді. Ұлттық ойындар да спорттық жарыстар түрінде жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Этнограф Тәттігүл Қартаева: «Ұлттық құндылықты заман талабына сай икемдеп, бірақ түпкі мәнін жоғалтпай сақтау – біздің басты міндетіміз», – деп есептейді. Соңғы жылдары этнографтар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар ұмыт қалған әдет-ғұрыптарды қайта тірілтіп, жастарға жеткізу үшін көптеген жобалар ұйымдастырып жүр. Себебі, этнограф Ақселеу Сейдімбек айтқандай: «Дәстүр – тек өткеннің көлеңкесі емес, ол болашаққа бағыт беретін жарық шамшырақ, ал салт-дәстүр – ұлттық кодымыздың өзегі».
Қазақ халқының салт-дәстүрлері – ұлт тарихының ажырамас бөлігі, ұлттық бірегейліктің кепілі. Оларсыз халықтың болмысын, рухани әлемін толық түсіну мүмкін емес. Этнограф Зейнеп Ахметованың сөзімен айтқанда: «Салт-дәстүрін ардақтаған ел ғана өзінің рухани биігін сақтайды». Салт-дәстүр – тек өткеннің мұрасы емес, болашаққа бағыт сілтер асыл қазына. Біз оны дәріптей алсақ, ұлттық рухымыз мәңгі жасайды.