28 августа 2020 г. 15:02

Онлайнның әсері. НЕГЕ биыл ата-аналар екі есе үнемдеп отыр?

Фото:

Биыл ата-аналар бір баланы мектепке жинау үшін орта есеппен 33 мың теңге жұмсаған. Ол былтырғыға қарағанда 2 есе аз. Әр баладан 30 мың теңгеден астам ақша үнемделіп отыр.

Nege.kz сауалнамасына қатысқан ата-аналар осындай мәлімет келтірді. Бірақ былтырғыға қарағанда, интернет пен түрлі электронды гаджеттерге кететін шығын көбеймек.

«Форма, рюкзак, спортивка, туфли, кроссовки қажет емес, бірақ жедел түрде жаңа смартфон әперу керек. Баламыз маған тариф керек, мегабайты молынан болсын немесе үйге вай-фай қосыңдар деп отыр. Бұған дейін біздің ескі телефонмен оқыған еді. Жоғары сыныпқа дейін смартфон ұстатпаймыз дегенбіз, енді амал жоқ, қажет екен», – деп, қазіргі жағдайымен бөлісті оқушы тәрбилеп отырған Алматы тұрғыны Меруерт Төленова.

Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының мәліметі бойынша, былтыр мектеп формасы нарығының қаржы айналымы 37 миллиард теңгеге жеткен. Оның бар-жоғы 7 пайызы ғана отандық киім тігушілерге тиесілі. Қалған 34,5 миллиард теңгесі – Қырғызстан, Қытай, Түркия мен Ресейден келетін таза импорт. Биылғы формасыз оқу жылында отандық тігін цехтері 2 жарым миллиард теңге кіріс жоғалтты. Есесіне, осы оқу жылында 3 миллионға жуық баланың мектепке баратынын ескерсек, Nege.kz есебінше, ата-аналар форма, аяқ киім мен кеңсе тауарлары есебінен 90 миллиард теңге үнемдейді.

«Әрине, белгілі бір дәрежеде сұраныс төмендейді. Бізде мектеп формасын тігетін отандық компаниялар бар. Бірақ, ең маңыздысы, бұл халық үшін тиімді», – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық.

«Қазіргі таңда халықтың қолында қаражат жоқ. Баланы мектепке дайындаймыз деп ата-аналардың көп жағдайда шығындалып, қарызға кіріп кететін жағдайлары көп. Сондықтан ол ақшаны азық-түлікке, өмірге қажет дүниелерге жұмсағандары абзал».

Мақсат Халықтың айтуынша, қазір формаға қарағанда тамақ және тұрмысқа қажетті заттардың қолжетімді болуы әлдеқайда өзектірек. Жеңіл өнеркәсіп өкілдері биылғы жылы табыссыз қалдық дейді. Ең қиыны – мамандарды ұстап отыру. Себебі тапсырыс болмаса да, оларға тұрақты жалақы төлеп отыру керек. Тігін саласында Қазақстанда маман тапшылығы сезіледі. Және Қырғызстан мен Қытайдан келетін арзан импорт жеңіл өнеркәсіп саласына қомақты инвестиция салуға мүмкіндік бермей отыр.

Тегтер: