1 октября 2024 г. 14:24

АЭС жыры: Өнер қайраткерлері бұл туралы не дейді?

Фото: Nege

6 қазанда өтетін республикалық референдумға шақыру әлдеқашан басталып кетті. АЭС мәселесіне қатысты ұйымдастырылып отырған бұл саяси науқаннан қалыс қалмай, өнер өкілдері өз ойларын білдіріп жатыр.

Осыдан біраз уақыт бұрын Қайрат Нұртас АЭС салуды қолдау жөніндегі Шымкент қалалық штабында болып, соңында басы дауға қалғаны бар. Ал ел мен жер тағдырына қырын қарамай, ойын ашық айтудан тайсалмайтын Меруерт Түсіпбаева «Егер АЭС-ті Қазақстан өз ақшасына салатын болса қарсы емеспін, соны түсініңіздер. Бірақ үйді кім салса, кілт сонда. Демек, АЭС-ті кім салса пульт сонда болады. Соны ұмытпаңыздаршы!» деп ой тастады.

Өзге өнер қайраткерлері не дейді? Олар референдумға бара ма? Тілшіміз анықтап көрді.

Рамазан Стамғазиев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші:

                                                     АЭС салуға түбегейлі қарсымын!

ғаламтордан

– Мен АЭС салуға түбегейлі қарсымын. Референдумға да барып қатысып, ойымды білдіремін. Бірақ содан пайда болса деймін. Әркім әртүрлі жорып жатыр. Біреулер тіпті «қоғамға керек» деп қос қолдап қолдау танытып жатыр. Ал мамандар мен экологтардың сөзіне зер салсақ, бұл баянсыз дүние болмақ. Еуропа елдері текке бас тартып отыр дейсіз бе?! Көзі ашық, көкірегі ояу жұрттар мұның жақсылық бермейтінін түйсініп отыр.

Ал біздің саясаттағылардың қоғам пікірімен санаса ма, санаспай ма, оны енді болашақ көрсетеді. Қалай деген күнде жоғары жақтағылардың жасап жатқан тірлігіне қазіргі таңда халық сене бермейді. Дейтұранмен, ойын айтуға құқылы. Өйткені бұл – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Құдайберген Бекіш, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші:

                                              Чернобыльдегі апат бізге сабақ болуы керек

видеодан скриншот

– АЭС Қазақстанға не үшін керек? Оны салуға не үшін құмартып отыр? Мұның астарына әлі бойлап көрмедім. Сондықтан керек немесе керек емес деп кесіп-пішіп  айта алмаймын. Дегенмен, 1986 жылы Украинадағы Чернобль апаты адамзат санасынан әлі өше қоймады. Чернобыльде болған жақындарым апат салдарынан онкологиялық ауруға шалдықты. Осы ретте бұл бір ғана биліктің емес, бүкіл халықтың талқысына сүйене отырып шешетін мәселе. Егер ақыры салуға оқталса, дамыған әрі тәжірибесі мол Жапонияның мамандарына сенім артқан жөн деп санаймын. Себебі, жапондықтар Семей полигонын өткерген бізбен тағдырлас халық болғандықтан, мұның қыр-сырын жақсы біледі деп ойлаймын.

Жеңіс Ысқақова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

                                             АЭС-сіз де өмір сүріп келген елміз

malim.kz

– Бәзбіреулер АЭС басқа мемлекеттерде бір емес, екеуден бар дегенді айтып жатыр екен. Біз бұған дейін де АЭС-сіз де өмір сүріп келген елміз ғой. АЭС болмағандықтан осындай таршылықта күн кешіп жатпаған шығармыз. Екіншіден, оны салу үшін қыруар қаржы кетеді. Сол ақшаны өзге мәселелерді оңтайлы шешуге неге салмасқа?! Мәселен, жұрттың алатын айлығы инфляцияның салдарынан жұмырға жұғымсыз болып жатыр. Бұл әлбетте көптеген отбасының тұрмыстық жағдайы әлсіреп, «шықпа, жаным, шықпамен» отыруына әкелді. Білімді әрі сау ұрпақ қалыптастыру жолында ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысын неге көтермеске?!

Үшіншіден, бізде мұнай газбен қатар түрлі-түсті металдың бәрі бар. Осыларды алыс-беріске түсіре отырып, электр энергиясы тапшылығын шешудің өзге жолын қарастыруға болмай ма? Референдум өткізудің де қажеті шамалы. Себебі оны жалпы халықтың қолдайтынына күмәнім бар. Өйткені айналамдағы тума-туыс, көрші-көлем, құда-жегжат сынды қалың қазақтың бірінен қолдайтын кейіп көріп отырған жоқпын.

Естуімше, сол АЭС-ті Балқаш жаққа салуға бел байлап отырған сыңайлы. Білікті экологтар онда Балқаштың да Аралдың күйін кешетінін айтып дабыл қағып жатыр. Атомның зардабынан әлі күнге дейін есін жия алмай отырған Семей өңірінің сиқы тағы белгілі. Біз неге қасіреттен көз ашпауға тиіспіз? Экологиялық аймаққа айналған Қызылорданың қызы ретінде туған елімді, туған жерімді тағы тәжрибеге салып, құрдымға кетіруіне қарсымын. Анау Чернобльдің күйін кешіп қалмасымызға кім кепілдік береді?! Ойланайық!

Ержан Жаманқұлов, кино актер:

                                             Тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін

Е.Жаманқұловтың инстаграм парақшасынан

– Ел азаматы болған соң референдумға қатысып, өз ойымызды ортаға салуға тиіспіз. Бірақ өз басым АЭС құрылысын салуға қарсымын. Себебі, бұл біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Ертең оны жерімізге салып алғаннан кейін қит етсек, «тыныш отырыңдар» деп қорқытып-үркітіп ұстамасына кім кепіл бола алады?

Оның үстіне бұл референдум көзбояушылық үшін жасалып, ал шешім баяғыда қабылданып қойған секілді. Бұл – менің жеке ойым, мүмкін қателесіп отырған да шығармын. Бірақ біздің мемлекетте бәрі бір сценарий бойынша жасалатыны белгілі ғой.

Перизат Омарбекова, ҚР Мәдениет қайраткері, биші:

                                             Семей полигонының зардабын аз тарттық па?!

aqiqat.kazgazeta.kz

– Әлдебіреулер атом электр станциясының бізге экономикалық жағынан тигізер пайдасы көп деп жатыр. Осы ретте ел алдында жүргендіктен, әлеметтік желідегі парақшамызға қойып, қолдау таныту керектігін сұрап жатқандар да бар. Бірақ ол станцияның көзі атомнан тұратын болғандықтан, адамзат баласына алып бара жатқан қандай пайдасы болмақ?! Семей полигонының зардабын аз тарттық па?! Қаншама ұрпақ кем-кетік болып туылды. Әлі де жергілікті жұрт зиянын тартып келеді. Неліктен Қазақстанға салуға құштар болып отыр. Неге анау Ресейдің Сібірден ары бос жатқан орман-тоғайларына тұрғызбасқа.

АЭС-тің жұмысы жанданса біраз жұрт жұмыспен қамтылады деп те жатыр екен. Әлеуметтік жағынан алғанда көмегі тиеді дегенмен, ертең оның халыққа, табиғат пен ауа райына тигізетін залалын да бағамдап алу керек қой. Қалай деген күнде бармақ тістеп, ұрпақ алдында жерге қарап қалмауымыз керек.