29 октября 2021 г. 19:20

Не арба, не өгіз. Қазақстан НЕГЕ криптомайнингке тыйым салу мүмкіндігін жоққа шығармайды?

Фото:

Майнингке шығындалып жатқан электр энергиясы көлемінің күрт өсуі Қазақстанда энергокризис туғызады деп болжанып отыр. Қазір Үкіметтің тиісті жұмыс топтары майнингке электр тұтынуға лимит орнату, ал мәселе ушығып кетсе, Қытай сияқты майнингке тиым салу мүмкіндіктерін де талқылай бастады.

Жұмыс тобына қатысы бар Nege.kz дереккөзінің ақпаратынша, үш сценарий негізге алынған. Біріншісі, әрі ең дұрысы -  энергия генерациясын арттырып, майнингтің де, одан бөлек өндіріс ошақтары мен халықтың тұтыну қажеттілігін де толықтай жабу. Бірақ оған генерация көздері мен тозған электр желілерін жаңарту үшін орасан инвестиция қажет. Екінші ықтимал сценарий – майнингке алынатын электр энергиясының көлемін лимит арқылы шектеу. Мұндағы басты сұрақ – кімге қандай лимит берілуі тиіс? Және әркімге әртүрлі лимит бекітілсе, ол криптомайнинг саласы ойыншыларының арасында дау туғызуы мүмкін. Үшінші сценарий де назарға алынған. Егер энергетика саласында ауыр кризис болып, халықтың тұтынуына электр тоғы жетпей жатса, онда майнингке түбегейлі тиым салынбақ.

Фото: inbusiness.kz

Қазір республиканың энергетикалық балансы бойынша едәуір тәуекелдер бар. Жағдай өзгермесе, 2027 жылға қарай электр қуаты тапшылығын бастан кешетінімізді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үкімет мүшелеріне ескерткен еді. Қысылтаяң кезеңде маневрлік қуаттың дефициті 2 мың мегаваттқа дейін жетіп жүр. Ол дефицит Ресейден келетін импорт есебінен жабылып отыр. 2020 жылы Қазақстан Ресейден 1,132 миллиард киловатт/сағат электр энергиясын сатып алған. Ал жалпы біздің елдің бір жылда тұтынатын электр энергиясының көлемі 105,2 миллиард киловатт/сағатты құрайды.

«Көлеңкеде отырған майнерлерді есепке алсақ, қазір іс жүзінде майнингке кетіп жатқан электр шығыны ресми сандардан 20-30 пайызға артық», - дейді, Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген 25 жылдық тәжірибесі бар энергетик, сарапшы, Haırýshev energy телеграм-каналының негізін қалаушы Жақып Хайрушев.

«Ел қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығын сезінуде. Бірақ кез-келген дағдарыстан мүмкіндік іздеген дұрыс. Алдымен майнерлерді көлеңкеден шығару керек. Олардың барлығы есептегіш құралдармен жабдықталуы тиіс. Одан бөлек, арнайы қор құруды ұсынар едім. Онда майнерлерден түскен қаржы қордаланып, ол қолданыстағы энергия көздерін жаңғыртуға жұмсалуы қажет»

Ұлттық блокчейн және деректер орталығы индустриясы қауымдастығының мәліметінше, криптомайнинг нарығындағы заңды ойыншылар Қазақстан экономикасына жылына 98 миллиард теңге табыс әкеліп отыр. Бірақ оның нақты дәлелі жоқ болғандықтан, аталған ақпарат манипуляцияға ұқсайды. Майнерлердің көздеп отырғаны түсінікті, олар экономикаға өздерінің қажет екендігін дәлелдеп, одан кейін үкіметтен түрлі жеңілдіктер сұрауға дәмелі. Өз кезегінде Nege.kz құзырлы органға сауал жіберді.

Осы арқылы Nege.kz Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінен майнерлердің шын мәнінде бюджетке қандай пайда әкеліп отырғанын білгісі келеді.

Тегтер: