Мұхтар Түменбай: Баскесерлерді елге әкелгенде не таптық?
ДАИШ қатарында соғысып, Сириядан оралған 14 адамға қатысты Астанада сот үкімі шықты. Оларға 8 жылдан 15 жылға дейін жаза кесілді. Сотталушылардың көбі сот үкімімен келіскен жоқ. Келіспесе, өкпесі бар деген сөз. Әдетте өкпелеген адам не істейді? Дұрыс. Өкпелеткен адамға қарсы күреседі. Адамның табиғаты солай жаратылған.
Осыған байланысты менде күдік пайда болды. Өкпелеген 14 лаңкес жазасын өтейтін жерде жаңадан жамағат құрып, төңірегіне ниеттестерін жинауы мүмкін ғой? Мұндай жер осындайлар үшін жұмақ емес пе! Түрмеде онсыз да өкпелегендер толып жүр. Радикалды ұйымдардың дәл сол жерде ұзақ жылдан бері «ағартушылықпен» айналысқаны құпия емес. Ал біз олардың қатарын жаңа «ұстаздармен» толықтырып жатырмыз.
«Жусан» операциясы арқылы әйелдер мен балаларды қайтару – гуманды іс және дұрыс шешім. Мен мұны қолдаймын, қуаттаймын. Бірақ баскесерлерді қайтару керек пе еді? Осының салдарынан елге радикалды ағымдар жаңа қауіп төндірмей ме? Өйткенді жабық жерде олар өздерін судағы балықтай сезінеді. Топ-топ болып алып, өз заңдарымен, өз канондарымен өмір сүреді. Жабық қауымдастық – олардың өмір сүру ортасы. Тіпті көбею ортасы деуге болады. Ал колониялар – дәл сондай жабық қауымдастықтар. Біз сонда не үшін мақтануға тиіспіз? Әрине, әлемдік лидерлер арқамыздан қағуы мүмкін. Алайда үйден береке кетіп жатса, мұндай қолпаштаудың қажеті қанша?
8-15 жыл дегеніңіз зулап өте шығады. Сол кезде түрмеден 14 радикал емес, жүздеген радикал шығады.
(Журналист Мұхтар Түменбайдың Фейсбук парақшасынан)