«Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» атты республикалық семинар өтті
2025 жылдың 24-25 сәуір күндері Алматы облысы, Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында республикалық семинар өтті. Бұл маңызды басқосу мемлекеттік тіл саясатын жаңаша дамыту мен тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналды.
Семинар жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, облыстық және қалалық тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырлары қатысты. Шара Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ескерткішіне тағзым жасаудан басталды. Бұл рухани сәт қатысушыларға тарихи сананы жаңғырту мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.
Семинардың негізгі мақсаты жөнінде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрмаман Төкенұлы:
«Алматы облысының әкімдігі, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бұл семинарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысының хаттамалық тапсырмасын орындау және республикалық деңгейде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі іс-тәжірибесін тарату, тәжірибе алмасу мақсатында өткізді», – деп атап өтті.
Семинардың ресми ашылуында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы өңірлік бастамалар мен жетістіктерге тоқталды. Артынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Дастан Тастекей, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Марат Бигелдиев мазмұнды баяндамалар жасап, мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы мен алдағы даму бағыттарын кеңінен қамтыды.
Семинар барысында бірнеше іргелі жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, «Til Alatau» цифрлық платформасы, «Чемпион» атты мультфильм және «Қазақша сөйлесейік» бағдарламасы мемлекеттік тілді заман талабына сай жаңа форматта насихаттау мен үйретудің озық үлгілері ретінде таныстырылды. Іс-шара аясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Nietfix enterprises» ЖШС және Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл қадам тіл саласындағы серіктестікті нығайтып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға серпін бермек.
Түстен кейінгі бөлікте қатысушылар тәжірибе алмасу мақсатындағы секциялық жұмыстарға қатысты. Мұнда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының директоры Мәулен Жұмабай мемлекеттік тілді цифрландыруға арналған IT өнімдер туралы баяндап, жаңа мүмкіндіктермен бөлісті. Сонымен қатар, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Алматы облысы филиалының басшысы Гүлдана Ахметова банктік қызмет көрсету саласындағы қазақ тілінің қолданысы туралы айтты. Облыстық полиция департаментінің өкілі подполковник Асылхан Тасыбаев тілдік кемсітушілікпен күресу жолдарын баяндады.
Семинардың практикалық бөлігінде Алматы облысы прокуратурасының өкілдері әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі мен ЕРСОП жүйесі бойынша ақпараттарды енгізу тәртібін көрсетіп, құқықтық тұрғыдан кеңес берді. Ал облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Динара Қожухова тіл заңнамасының орындалуын бақылау және заң бұзғандарға қолданылатын әкімшілік шаралар туралы түсіндірме жасады.
Іс-шараның бірінші күні қорытындысында мемлекеттік тілге сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттарымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Тіл жанашыры» төсбелгісімен және Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Кешкісін Қонаев қаласының Мәдениет үйінде өткен «Тіл – тарихтың айнасы» атты гала-концерт семинар қатысушыларына рухани ләззат сыйлады.
Семинардың екінші күні Қонаев қалалық кітапханасында жалғасты. Қалалық кітапхананың директоры Айгүл Бегімбайқызы жаңа ғимаратпен таныстырып, өңір мәдениетінің дамуындағы кітапхананың рөлін атап өтті. Одан кейін Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы әзірлеген «Алатау» А2 деңгейіндегі оқу құралы мен жұмыс дәптерінің тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ, семинарда ономастика саласындағы өзекті мәселелер де сөз болды. Алматы облысының ономастикалық жұмыс және мониторинг бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев өңірдегі ономастикалық жағдайға жан-жақты талдау жасады. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан сараптамалық жұмыстар мен елді мекен атауларын тарихи негізде қайта жаңғырту тәжірибелері талқыланды.
Орталықтың басшысы Қуаныш Амантайұлы тілдерді оқыту орталығының жұмысы, оқу үдерісі мен әдістемелік бағыттары жөнінде баяндап, қазақ тілін кәсіби салаға бейімдеп оқытудың маңызына тоқталды. Орталықтың жетістіктері мен кездескен қиындықтары, сондай-ақ оларды шешудің жолдары туралы нақты мысалдар келтірілді. Сонымен қатар TilOquBot атты телеграм чат-боттың таныстырылымы өтті. Оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Меруерт Бабашева бұл бот шалғай өңірлердегі тұрғындар мен уақыты шектеулі мемлекеттік қызметкерлерге тиімді екенін айтып, оның нақты нәтижелерімен бөлісті.
Семинардың қорытынды бөлімінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың тілдерді дамыту басқармаларының басшылары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжановтың жетекшілігімен өз өңірлеріндегі тәжірибелермен бөлісіп, пікір алмасты. Семинар соңында қарар қабылданып, ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды. Екі күнге созылған бұл семинар тек тәжірибе алмасу емес, мемлекеттік тіл саясатын дамытудың нақты жолдарын айқындаған, жаңа идеялар мен серіктестіктерге жол ашқан маңызды алаң болды.