25 сентября 2024 г. 15:05

Мал шаруашылығын қалай дамытамыз? – маман жауап берді

Фото: zhalagash-zharshysy.kz

Қазақ бірін-бірін көрген бетте «мал жан аман ба?» деп, малды жанмен қатар сұрайтыны бекер болмаса керек. Бұл төрт түлік малдың адамзат азығы, тіршіліктің көзі екенін анық аңғартады. Осы ретте ата кәсібіміз мал шаруашылығының бүгінгі жай-күйін сұрау үшін Алматы облысының ветеринария басқармасы мемлекеттік мекемесінің бас маманы Ғалымбек Стамбекұлына шықтық.

Мал өсіру қазақта ежелден келе жатқан кәсіп көзі болғанымен, бүгінгі таңда кенделеп қалғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұған не себеп?

Бұған дейінгі істеген қызметім мал санағын жүргізумен байланысты болған еді.Сонда байқағаным, қазіргі таңда мал бағатын азаматтар жоқтың қасы. Салдарынан шаруа қожалықтарының иелеріне қойшы табу қиын болып отыр. Кейбір шаруалар қысылғаннан өзбек ұлтының азаматтарына қолқа салады. Бірақ олар малдың жайын біле бермегендіктен, сақман кезінде төл басын тұшымды ала бермейді. Жем-шөбін жақсы беріп, күйін түсірмей ұстамаса, қысыр қалатыны тағы бар.

Ғ.Стамбекұлының жеке мұрағатынан

Одан кейінгі мәселе – жайылым жерінің азаюында болып отыр. Малды жаз жайлау, қыс қыстауға шығарайын десе малшының жоқтығы тағы тұсау болады. «Шын жүйрікке тұсау жоқ» демекші, әйтпесе мал шаруашылығымен айналысамын деген жандарға мемлекет барынша қолдау көрсетіп, жер де беріп жатыр. Сол сияқты мал асылдандыру мақсатында түрлі бағдарламалар бойынша арнайы субсидия да беріліп келеді.

«Малдың жайын баққан біледі» деген. Қазір берген ақшаға төл алғанмен, оның басын көбейтудің тілін білмей жатқандар қынжылтады.

Мал шаруашылығында күннің басты мәселесіне айналған сібір жарасы, бруцеллез, қара сан сынды аса қауіпті ауруларлың профилактикасы бойынша күрес кешенді түрде жүргізіліп тұра ма?

Үкімет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан көмектің бірі – түрлі аурулардың алдын алу. Осы ретте мал мен жан-жануарға қатысты 16 түрлі ауруға ақысыз вакцина береді. Ал ветеринар мамандар соған сай жылына екі рет диагностикалық іс-шаралар жүргізіп, екпелерді уақытылы салып отырады. Дегенмен, аурудың шығуына әсер ететін факторлар жеткілікті.

Мысалы, сібір жарасының қоздырғышы жерде жылдар бойы жасырынып жатады. Өзіне қолайлы уақыт туғанда ол қайта жандануы әбден мүмкін, бұл кезде екпе де қауқарсыз болып қалуы ықтимал. Бірақ мемлекет малынан айырылған шаруалардың жағдайын күнұбұрын ойластырып қойған. Егер малынан бруцеллез шықса, оның нарықтағы бағасының отыз пайызын төлеп береді. Санитариялық мал сою пунктерінің қожайыны да қомдылығына қарай тағы мал басына ақы төлейді. Бұл да үкіметтің шаруаларды құл шылбыр ұстап қалмау жолында беретін көмегі.

Ауылдағы ағайындар арасынан тыйым салынғандықтан қолындағы ірі қара малын сойып сата алмай отырғандарын жиі естиміз. Бұған не себеп?

Мысалы, жуырда Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданында сібір жарасы шыққандықтан, бұл аймаққа ветеринариялық режим мен шектеу енгізілді. Оның мерзімі біткенше, тұрғылықты шаруаларға мал сатуға тыйым салынады. Осындай кесе көлденең келетін себеп болмаса, бүгінгі таңға дейін ет өнімдері еш кедергісіз сатылымға шығып келді.

ғаламтордан

Қазақтың биязы жүнді арқар-меринос қойы азайып барады. Неге?

– Меніңше, шаруалар күтімінің күрделі болуына байланысты арқар-мериностан байсаналы түрде бас тартып жатыр. Неге десеңіз, биязы жүнді қой қылшықты қазақы қара қойға қарағанда анағұрлым нәзіктеу келеді. Мәселен, садақкөде деген шөп бар. Бұл мериносты бүріп тастайды. Салдарынан өліп кетуі де мүмкін. Одан кейін биязы жүнді қойдың қозысы қазақы қойдыкіне қарағанда жай жетіледі. Яғни, төлдері ерекше күтімді қажет етеді. Бұл экономикалық тұрғыдан алғанда шаруаларға тиімсіз болып табылады.

– Енді көпшілік көкейіндегі сұраққа ойысайықшы, қара базарда күн санап ет бағасының қымбаттауына не түрткі болып отыр?

– Бұған делдалдар себеп болуда. Мәселен, ауылдағы ағайындар еттің келісін 1800-1900 теңге шамасында өткізсе, сатып алушы тағы баға қосады. Ол қара базарға шыққанда үстіне тағы үстеме қосылады.

– Сонымен, маман ретінде мал басын көбейтудің қандай жолдарын ұсынасыз?

– Малдың санынан көрі сапасына қарау керек. Мысалы, асыл тұқымды бір сиыр ұстап, одан бес сиырдың сүтін алуға болады. Бұл жем-шөпті үнемдеуге де сеп болады.

Кейінгі жылдары шаруалар арасында малды қолдан ұрықтандыру әдісі тоқтап қалды. Осыны қайта қолға алу керек деп санаймын. Бұрын малшыға берілетін жалақының елу пайызы үкімет тарапынан төленетін. Түрлі мал бордақылайтын алаңдар ашылып, ет өнімдерімен айналысатын ірі мекемелер шаруа қожалықтардың бұзауларын қабылдайтын. Осыны қайта жандандырса, игі болар еді. Бұл мәселелер оңтайлы шешімін тапса, мал басын көбейтуге септігін тигізеді деп ойлаймын.

–Жем-шөп түсіретін күзгі науқан басталғанда жанар-жағармайдың бағасы өсіп кететіні бар. Мұны да мал басын көбейтуге тосқауыл болатын мәселенің біріне жатқызуға болар?

– Әлбетте солай. Себебі ауыл шаруашылығындағы техниканың дені дизель отынымен жүреді. Содан кейін шаруа қожалықтар бірінен пайда түспесе, екінші кәсібінен өнім алу мақсатында мал өсірумен қатар егіншілікпен айналысады. Бірақ еңбекпен еккен бидай бағасынан жанармай бағасы екі есе қымбатқа түссе, шаруалардың жағдайы қаншалықты мүшкіл болатынын бағамдай беріңіз.

Мемлекет тарапынан халықты сапалы, құнарлы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында арнайы субсидия берілетінін айтып өттіңіз. Бұл біраз мәселені шешіп отыр деуге келе ме?

– Субсидия шаруалардың мәселесін толықтай шешіп береді деп кесіп айтуға келмес, дегенмен қысқа қолға көмек болары белгілі. Мысалы, шабындық болмаған жылдары малды азықтандыру мақсатында жемшөпке деп субсидия берілді. Шүкір дейік, тоқырау тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, қазіргі жағдайымыз жер мен көктей. Тек аянбай еңбек ету керек. Бүгінгі таңда елдімекендерде түрлі ветеринариялық медицина орталықтары салынып жатыр. Мал өлексесін көметін қорымдар да қызу жұмыс істеуде. Соған сәйкес ветеринар мамандардың да жалақысы өсіп, астарына жеке қызметтік көліктер беріліп жатыр. Бізге керегі тек білікті мамандар ғана. Сондықтан жастарға ата кәсіптен ажырамауға кеңес беремін. Бұрынғылар «Бір ауылдың малын бақпасаң, мың ауылдың малын бағарсың» деп текке айтпаса керек.