«Алдымен жануарларға, содан кейін өзімізге салдық». Вирусолог отандық екпенің жайын айтты
Бұған дейін отандық екпе туралы ақпарат там-тұм ғана еді. 3 мың еріктіге салынып, сынақтан өткен екпе туралы кім не біледі? Бұл туралы тілшіміз Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, вирусолог-ғалым Леспек Құтымбетовтен сұрады.
– Леспек Бекболатұлы, отандық екпені дайындау барысы қалай?
– Дайындап болдық. Жануарлар арқылы сынақтан өткізген кезде оның иммуногендік тиімділігі жақсы екенін көрдік, сосын адамдарға сынадық.
Алғашқыда қыркүйек айының ортасынан бастап 44 адамға салынды, қазан айында 200 адамға егілді. Сынақтың үшінші деңгей желтоқсан айының соңында басталды. Оған 3 мыңдай адам қатысты, оның 2 мыңы Алматы қаласынан, 1 мыңы Тараз қаласынан. Қазір сынақтың өткізіліп жатқанына 2 айдан асты.
Осы уақыт ішінде екпе алғандар ішінде ауырған, жағымсыз әсерге тап болған адам кездеспеді. Бәрі тірі, аман-есен, ойнап-күліп жүр. Сондықтан отандық екпенің ешқандай зияны жоқ деп айта аламыз. Алғашқы кезде ауырсынуы мүмкін. Ине салған кезде ондай бәрінде де болады. Ал ресейлік екпені салғызғандар арасында дене қызуы көтеріледі екен деген әңгіме бар. Бірақ мұндай жағымсыз әсер біздің екпеде болмады.
– Мұны 7 ғалым өздеріңізге де сынап көріпсіздер ғой. Солай ма?
– Шілде айында екпені жануарларға тексеріп болғаннан кейін жасап жатқан 7 ғалым өзімізге салып алдық. Ешқандай жағымсыз әсері болмады. Кейбірімізде ауырсыну болды. Бірақ 3-4 сағаттан кейін жағдайымыз дұрысталды. Тағы қайталап айтам, бұл екпенің жағымсыз әсері жоқ.
– Министрлік «отандық екпе жарты жылда дайын болады» деген еді. Сіздің айтуыңызша, ерте дайын болған сияқты.
– 2 айдың ішінде дайындалды. Былтыр наурыз айының 13-інде Алматыда коронавирус жұқтырған алғашқы науқастар тіркелді. Содан бір-екі аптаның ішінде сол ауырған адамдардың сілекейін алып келді. Содан сәуір айының басында вирусты бөліп алып, мамыр айының аяғына таман алғашқы екпені дайын қылдық. Бұл – QazCovid-In екпесі. Өлтірілген вирустан жасалған.
– Сонда бір мезетте бірнеше екпе дайындадыңыздар ма?
– Былтыр тамыз айында ақуыздық екпені дайындауға кірістік. Бұл коронавирустың сыртындағы ақуызын алып, жаңа технологиямен дайындалады. Екпе зертханалық жануарлар арқылы тексеріліп, жақсы нәтиже көрсетті. Енді адамдарға сынақтан өткізуге дайындалып жатырмыз.
Сынақ жүргізу үшін көптеген құжат дайындау керек. Бұл біраз уақытты алады. Бұйыртса, бір-екі айдың ішінде екінші екпені адамдарға салып, сынақтан өткіземіз. Одан кейін 2 векторлық вакцина дайындалып жатыр. Бұлар «Спутник V» екпесі сияқты екі вирустың негізінде жасалуда. Оның артынан тірі вакцина да дайын болып қалды. Бәрін қосқанда 5 екпе. Оған 1,5 млрд теңге бөлінген. Яғни, еріктіні сақтандыруды қамтамасыз ету, оған төленетін ақы бар. Сосын қаржының дені клиникалық зерттеулерге жұмсалады. Екпені өндіру үшін реагенттер шетелден сатып алынады.
– QazCovid-In екпесі сәуірден бастап салынады екен. Мұның дозасы жеткілікті ме?
– Сынақтан өткізіп, кем-кетігін анықтап жатырмыз. Өндіріс негізінде сәуір айының соңында алғашқы сериясы жіберіледі.
– Екпе жыл соңына дейін 6 млн тұрғынға салынады екен. Егер отандық QazCovid-In екпесі жеткілікті мөлшерде дайындалса, ресейлік екпеден бас тартуға болмай ма?
– Мұндай шешімді Үкімет, Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды. Біз тек қана қажетті екпені дайындап бердік. Әрине, оны жасау үшін де мемлекеттің көмегі керек.
Бұл – ғылыми-зерттеу институты. Ғалымдарды мемлекет қолдайтын болса, оның өндірісін де жасауға көмектесеміз. Сондықтан мемлекет тапсырыс берсе, қажетті екпені дайындап береміз.
Біздің жұмыс та оңай емес. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар стансасында дайындап жатырмыз. Вакцинаны дайындайтын үлкен зауытымыз да жоқ. Қазір инстиуттың жанынан биофармацевтикалық зауыт салынып жатыр. Оның құрылысына 7 млрд теңге бөлінген. Бұл зауыт іске қосылса, жылына 60 млн доза екпе шығара алады.
Індет бізді күтіп отырмайды. Вирусты ертерек жеңу үшін тезірек екпе салу керек. Сондықтан Үкімет екпені Ресейден сатып алып, халыққа салып жатса, өте жақсы. Қай мемлекет болсын, әуелі өз халқын қамтамасыз етеді. Бәлкім, көрші болғаннан кейін біздің елге 6 млн дозаны беріп отырған шығар. Ал біздің екпені күтіп отырған болса, дайындап беруге әзірміз. Бірақ бізге уақыт керек.
– Қазір коронавирус қайта өршіп жатыр. Күн сайын карантин шаралары күшейтілуде. Вирусолог маман ретінде сіздің болжамыңыз қандай?
– Бұл – жұқпалы ауру. Жұқпалы ауруды тоқтатын екі жол бар. Біріншіден, үйде отыру. Бүкіл әлем халқы карантиннің не екенін білді. Оның пайдасы көп. Соның арқасында аурудың таралу жылдамдығы азаяды. Бірақ ауру мүлдем жоқ болып кетпейді.
Екінші жолы – жаппай екпе салу. Халықтың 80 пайызында иммунитет болса, ауру тоқтайды. Вирустан құтылудың басқа жолы жоқ.