Құрылтайға апарар жол: партиялар не ұсынады?

Жаңа Конституция күшіне енген сәттен бастап, 30 жылдық тарихы бар Парламент таратылып, еліміз мүлдем жаңа саяси дәуірге қадам басты. Мемлекет басшысы жаңа Заң шығарушы орган – Құрылтай сайлауының күнін 23 тамызға белгіледі. Енді саяси алаңдағы партиялар додасы қыза түспек.

gov.kz

Астана, NEGE. Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті саяси ұйымның қатысатынын мәлімдеді. Олар: «Әділет» партиясы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП), Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, «Қазақстан Халық партиясы» (ҚХП) және «Respublica» партиясы. 

Құрылтайдан орын алу – жай ғана мандат үшін күрес емес, елдің алдағы онжылдық бағытын айқындайтын үлкен саяси емтихан. Осы уақытқа дейін тек «депутаттық сауал жолдаумен» шектеліп келген кейбір партиялар да, әлеуметтік желінің хайпымен танылған жаңа толқын да енді мүлдем өзгеше ережемен ойнауға мәжбүр. Сондықтан электораттың үміткерлерге қояр талабы да, сұрауы да бұрынғыдан әлдеқайда жоғары болады. Сонымен, жаңа Заң шығарушы органның тізгінін ұстағысы келетін жеті күштің шынайы саяси салмағы қандай және олардан не күтуге болады? Бұрын көтерген мәселелеріне қарап, партиялардың бір-бірінен немен ерекшеленетінін және қандай мәселелерді көтеретінін топтастырдық.

Партиялардың саяси портреті: ұстанымдары мен уәделері қандай?

Сайлау додасының басты фавориті – «Әділет» партиясы. Сайлау науқанының ең ерекше құбылысы десек те болады. Саяси сахнаға жаңадан шыққанына қарамастан, құрамына еліміздің негізгі билеуші партиясын қосып алды. Осыған байланысты электораттың бұл ұйымнан жоғары жауапкершілік пен үміт күтуі заңды. Центристік бағытты ұстанатын бұл күштің негізгі идеологиясы – құқықтық мемлекет құру, заң үстемдігі мен сот реформасын жүргізу және мемлекеттік институттарды жаңғырту. Парламенттік тәжірибесі жоқ жаңа ұйым болғандықтан, оның бұрынғы сайлауалды бағдарламаларының орындалуын талдау мүмкін емес.

«Ақ жол» демократиялық партиясы дәстүрлі түрде отандық кәсіпкерлер мен орта таптың мүддесін қорғауды басты мақсаты санайды. Өткен шақырылымдарда партия фракциясы бизнеске жасалатын әкімшілік қысымды азайту және Салық кодексін реформалау мәселелері бойынша бірқатар депутаттық сауал жолдады.

Ал Respublica партиясының бағыты «Ақ жолдың» ұстанымына ұқсас. Олар да кәсіпкерлердің құқығын қорғауды басты назарда ұстайды. Бұдан бөлек, партияның бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру секілді бастамаларды қамтиды.

Екі партияның бағыт-бағдары ұқсас болғандықтан, олардың арасында саяси бәсекелестік те байқалады. Бұл текетірес жуырда ашық сипат алды: Respublica партиясының кезектен тыс съезінде төраға орынбасары Олжас Құспеков өзін кәсіпкерлердің басты қорғаушысы ретінде көрсететін саяси күштерді «кішкентай декоративті понилерге» теңеді. Ол нақты партияның атауын атамағанымен, саяси ортада бұл сөздің «Ақ жолға» бағытталғаны туралы пікірлер тарады. Бұған жауап ретінде «Ақ жол» партиясының Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Ермек Әбілдин партия беделі қарсыластарын кемсітумен емес, көп жылғы нақты еңбектің нәтижесінде қалыптасқанын айтып, «біз беделді сөзбен емес, іспен жинадық» деп мәлімдеді.

Аграрлық сектордың негізгі қорғаушысы саналатын «Ауыл» партиясы ауылдық инфрақұрылымды дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін басты назарға алып келеді. Бұған дейін партия ауыл шаруашылығын субсидиялау тетіктерін ашық етуді және су үнемдеу технологияларын енгізуді белсенді түрде талап еткен. 

Парламент отырысы, primeminister.kz

Солшыл идеялардың парламенттегі негізгі өкілі саналатын «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» (ЖСДП) бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайту мен олигархиямен күресті басты орынға қояды. Өткен кезеңде олар заңсыз активтерді әлеуметтік нысандарға бағыттауды және еңбек құқықтарын күшейтуді белсенді түрде талап етіп келді.

Халықты несиелік жүктемеден қорғау мен әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасын белсенді насихаттайтын «Қазақстан Халық партиясы» (ҚХП) солшыл центристік бағытына берік. Коммуналдық тарифтердің өсуін тежеу мен тұрғын үй қолжетімділігі мәселелерін көтеріп келеді.

Жаһандық трендтерге сүйенген «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» экоцентризм және «жасыл» экономикаға көшу идеяларымен ерекшеленеді. Өндірістік қалалардағы экологиялық талаптарды қатайтуды және ластаушы алпауыт кәсіпорындарға салынатын айыппұлдарды еселеп өсіруді заң жүзінде бекітуді уәде етеді. Партия 2023 жылы сайлауға қатысқанымен, аз дауыс жинап, Мәжіліске өте алмаған. 

Сайлау уәделері экономикалық шындыққа жақын ба?

Қай партияның бағдарламасын алып қарасақ та, сайлаушыларға бірінші берілетін уәде – халықтың әл-ауқатын арттыру. Дегенмен бұл жердегі парадокс – экономикалық уәделердің шынайы экономикалық жағдаймен үйлеспейтіндігінде болыр тұр. Сарапшы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, кез келген партияның бағдарламасын үш өлшем бойынша бағалауымыз тиіс.

«Қазақстан экономикасында соңғы жылдары инфляцияны бақылау, бюджет тапшылығын шектеу және мемлекеттік борышты басқару негізгі басымдықтардың біріне айналып келеді. Осындай жағдайда кез келген партияның бағдарламасын үш өлшем бойынша бағалауға болады: біріншісі – ұсыныстың қаржыландыру көздерінің болуы, екіншісі – оның макроэкономикалық салдары, үшіншісі – іске асыру мерзімі», – дейді сарапшы.

Бауыржан Ысқақ, Facebook-тағы парақшасынан

Мәселен, сарапшының айтуынша, ЖСДП партиясының ең төменгі жалақыны 200–210 мың теңгеге дейін көтеру туралы бастамасы елдегі кедейлік деңгейін төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Алайда еңбек өнімділігі артпаса, бұл шағын бизнестің шығынын көбейтіп, инфляцияның күшеюіне әкелуі ықтимал.

«Кез келген әлеуметтік уәденің нақты қаржыландыру көзі көрсетілмесе немесе бюджетке түсетін жүктемесі есептелмесе, оны жүзеге асыру қиын болады. Сондықтан мұндай ұсыныстардың бір бөлігін электораттың қолдауын арттыруға бағытталған саяси құрал ретінде де қарастыруға болады», – дейді Бауыржан Ысқақ.

Сарапшыдан жеті саяси күштің қайсысының экономикалық бағдарламасы нақты әрі популизмнен ада екенін сұрап көрдік.

«Неғұрлым экономикалық есепке негізделген ұсыныстарды «Ақ жол» партиясы ұсынады. Олар кәсіпкерлік, салық, инвестиция және экспорт бағыттары бойынша нақты механизмдерді көрсетеді. Бірақ барлық ұсыныстың қаржылық есебі толық жариялана бермейді. «Respublica» партиясы нарықтық реформаларға, цифрландыруға және бәсекелестікті дамытуға басымдық береді. Алайда партияның ұзақ мерзімді тәжірибесі әзірге жеткіліксіз»

Экономистің айтуынша, ЖСДП мен «Қазақстан Халық партиясының» бағдарламалары халыққа тартымды көрінгенімен, оларды қаржыландыру тетіктері әрдайым егжей-тегжейлі көрсетіле бермейді. Сондықтан мұндай бастамаларды іске асыру кезінде бюджеттің мүмкіндігі мен инфляциялық ықпалын міндетті түрде ескеру қажет.

Партиялық консолидация және институциялық жаңару

Алдағы сайлау науқаны елдің экономикалық дамуымен қатар, саяси жүйенің институционалдық тұрғыдан жаңаруына да серпін беруі мүмкін. Осы үдерістегі ең үлкен саяси интригалардың бірі – «AMANAT» партиясының «Әділет» партиясының құрамына қосылуы болды.

Шыңғыс Ергөбек, ҚазҰӨ академиясының баспасөз қызметі

Саясаттанушы Шыңғыс Ергөбектің пікірінше, бұл процесті саяси күштердің бір орталыққа топтасып, президенттік электоратты кеңейтуге бағытталған қадам ретінде бағалауға болады.

«Белгілі бір дәрежеде мұны Осман империясындағы Жас түріктер қозғалысының саяси жаңғыру кезеңімен салыстыруға болады. Бүгінде «Әділет» партиясы да жаңарған Қазақстан, «Әділетті Қазақстан» идеясын жалғастырушы жас әрі белсенді саяси күш ретінде қалыптасып келеді. AMANAT пен «Әділеттің» бірігуі саяси күштердің консолидациясына ықпал етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп есептеймін», – деді Шыңғыс Ергөбек.

Саясаттанушының пайымынша, сот жүйесін түбегейлі реформаламайынша, саяси күштер ұрандатып жүрген «құқықтық мемлекетті» құру мүмкін емес. Тек тәуелсіз әрі әділ сот жүйесі ғана қоғамдағы эволюциялық өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып, шынайы құқық үстемдігін қамтамасыз ете алады.

«Биліктің үш тармағының ішінде сот билігі Қазақстанда әлі де өзінің толық институционалдық әлеуетіне жеткен жоқ. Ол заң шығарушы және атқарушы билікпен салыстырғанда әлсіздеу қалып отыр. Егер құқықтық мемлекет құруды мақсат тұтсақ, сот реформасынсыз бұл міндетті жүзеге асыру мүмкін емес.

Мұнда заң үстемдігі мен құқық үстемдігі ұғымдарын ажырата білу қажет. Заң – Парламент қабылдайтын нормативтік құқықтық акт. Ал құқық – адамның тумысынан берілетін табиғи құқықтары. Сол құқықтарды қорғайтын тәуелсіз сот институтының нығаюы Қазақстан үшін өте маңызды», – дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар, сарапшы заң шығарушы биліктің сапасы Құрылтайға өтетін партияларға байланысты екенін айтты. Дегенмен мемлекет басшысының парламенттік оппозиция институтын заң жүзінде бекітуге бағытталған бастамалары саяси плюрализмді дамытуға ықпал етіп отыр.

Қорыта айтқанда, сарапшылардың пікірінше, алдағы сайлау науқаны партиялар үшін құрғақ уәделер мен тактикалық ұрандардың емес, нақты экономикалық есеп пен институционалдық жауапкершіліктің сынға түсетін кезеңі болмақ.

Құрылтай сахнасына шығатын саяси күштердің басты міндеті – популизмнің жетегінде кетпей, елдің эволюциялық дамуы мен құқықтық мемлекет қағидаттарының берік тірегіне айналу.