Құдай мен мұнай. Қара алтынсыз болашаққа дайынбыз ба?
Қазір нашақор есірткіге қалай тәуелді болса, еліміз де брент бағасына солай тәуелді екенін бес жасар балаға дейін біліп алды. Экономистер "мұнай инесі" деп атаған құбылысқа еліміз соңғы 20 жыл бойы шырмалып келеді және одан құтылудың амалын таппай келген еді. Енді коронавирус бізге тамаша мүмкіндік беріп отыр.
Алдымен мұнай бір күнде жоқ болып кетсе, өміріміз қалай өзгереді деген қарапайым сұраққа жауап іздеген болатынбыз. АЕRC басқарушы серіктесі, экономист Олжас Тілеуов оны есептеудің еш қиындығы жоқ дейді. Мұнай саласынан түсетін табыс біздің жалпы кірісіміздің тең жартысына пара-пар. Демек, мұнайсыз жағдайымыз тура екі есеге нашарлайды.
"Бұл ретте шикізаттан бөлек сектордың ішкі жалпыұлттық өнімдегі үлесі әрине көтеріледі. Бірақ көлемі өсе ме? Әңгіме сонда".
Расында да мұнай жоқ болса, біз басқа шикізат көздеріне иек артып, отыра беруіміз мүмкін. Біздің экономикалық психологиямызды түбегейлі өзгертіп жіберетін қатты шок қажет. Көршілес Қырғызстан моделін саралап көрсек, оларда жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тігін саласы дами бастағанын байқаймыз. Бірақ сонда да, ресми Бішкек алтын өндірісінен түсетін кіріске қатты тәуелді және бюджетінің тең жартысын Құмтөр сынды кен орындарынан алады. Демек олар да, шикізат шырмауынан толық құтыла алмаған.
Әлемдік нарықта түрлі-түсті және қара металл, сонымен бірге уранға деген сұраныстың бәрібір сақталатынын ескеретін болсақ, біз де шикізатқа деген тәуелділіктен толықтай арыламыз деуге келмейді. Ең бірінші қадамымыз, осы тәуелділіктің үлесін азайту болып отыр. Бірақ ол үшін барлық шығыстарымызды жіті тексеріп, қазірден бастап үнемді бюджет мәдениетін енгізу керек. Бюджетіміз жылдан-жылға, тіпті мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезде де дефицитпен жасалатын болған. Мұнай инесінен сытылу үшін профицитті бюджетке қайта оралуымыз қажет.
Босаңсымай, белдікті тартуымыз керек дейді, қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев. Ұлттық қорды сорып отырған қолданыстағы бағдарламаларды талдап, оның ішінде келешегі жоқ бағдарламаларды қысқарту қажет.
"Қажет бағдарламалардың барлығын бір ғана оператор жүргізетіндей қылу керек. Оннан астам даму институттарының қажеті шамалы. Елордадағы LRT сияқты пайдасыз жобалардың бәрін тексеру қажет. Оларды қаржыландырмай, шынымен мұқтаж адамдарға әлеуметтік көмек жасауымыз тиіс".
Ұнаса да, ұнамаса да, алдағы 5 жылда мұнайдың маңызы айтарлықтай төмендейді. Көмір индустриясы да дәл сондай күй кешкен болатын. Демек, мұнай кен орындарына енді мемлекеттік инвестиция салудың қажеті жоқ. Болашақта мұнайшыларды агроном, зооветтехник, агротехнолог мамандықтарына қайта оқыту мәселесін қарастыра бастауымыз да мүмкін. "Құдай-Мұнай" схемасы ұмытылып, тарих қойнауына енбек.
Жалпы, қандай кризис болмасын, азық-түлік, былайша айтқанда, тамақ саласы ешқашанда құлаған емес. Тіпті дағдарыста адамның психологиясын сараласақ, ол бар артық шығынды қысқартып, сол қаржыға тамақ ала бастайды. "Біз тез арада азық-түлік державасына айнала алсақ, онда кез-келген дағдарыста, керісінше, байып отырамыз" - дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.
"Біз үшін жаңа мұнайды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кезінде біз аграрлы ел болғанбыз. Біздің жаңа мұнай - ол ауыл шаруашылығы. Қазіргі Ұлттық қордағы қалған қаржыны дәл осы трансформацияға жұмсауымыз керек. Осы идеяны сәтті жүзеге асырған елдер аз емес. Мысалы, Израильдың тәжірибесін ұтымды пайдалана аламыз".
Кремний жазығындағы сынды компьютер, гаджеттер құрастыра алмайтынымыз анық. Технологиясы дамыған елдерден біз кем дегенде 50 жылға артта қалдық. Тым құрығанда ауыл шаруашылығын қолға алғаннан басқа амал жоқ.
Сонымен еліміз мұнайсыз қалса, қазіргі жағдаймыз екі есеге нашарлайды деп болжанып отыр. Бұл біздің санамыздың өзгеруіне жеткілікті фактор ма? Масылдық психологиясынан арыла аламыз ба? Бір нәрсе анық - мұнай қазақты бақытты қылмады. Ендеше, оны тезірек ұмытып, басқа салаға жедел көшіп кетуіміз керек. Бұл соңғы көш болуы мүмкін. Оған да ілесе алмасақ, ертең елдігімізді сақтап қалуымыздың өзі күмәнді.