4 февраля 2020 г. 7:16

Коронавирусқа қарсы вакцина 6-8 айда табылуы мүмкін

Фото:

Қытайдан тараған жаңа вирус қаншалықты қауіпті? Ол жаһандық індетке айналып кетуі мүмкін бе? Көпшіліктің көкейіндегі осы тектес сауалдарды Қазақстанның микробиология және вирусология Институтының вирусқа қарсы қорғаныс зертханасының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы Андрей Богоявленскийге қойған едік.

Вирус қайдан пайда болды?

– Бұл сұраққа үзілді-кесілді жауап беру қиын. Табиғатта коронавирустың бірнеше түрі кездеседі. Олардың бір бөлігі тек жарқанатта болады. Осыған дейін 2002, 2003, 2012 жылдары болған коронавирус індетінің бәрі осы жарқанаттан тараған делінеді. Қытайдағы жаңа індет те бірнеше жыл бұрын осы елдегі үңгірлердің бірінен табылған жарқанат коронавирусынан тарады деген болжам бар. Және әзірге оны ешкім жоққа шығарған жоқ. Яғни, жарқанат коронавирусы, өкінішке қарай, мутациялық өзгеріске ұшырап адамға жұғатын қабілетке ие болды.

– Коронавирустың бұл түрі қалай жұғады?

– Бұл вирус өзге де респираторлық ауру түрлері секілді тек науқаспен тығыз қарым-қатынасқа түскен жағдайда ғана жұғады. Яғни, мәселен көшеде қасыңыздан ауру жұқтырған адам өтсе, сіз ауру жұқтырмайсыз. Әзірге біздің білуімізше, ауру жұқтыру үшін вирус адам ағзасының  шырышты бөлігіне түсуі керек. Мәселен, науқастың қақырығы, сілекейі арқылы дегендей.

– Онда неге Қытай науқастарға жоламауға кеңес береді?

– «Сақтықта қорлық жоқ» деген қағидамен жасалған шара болуы керек. Өзіміз де мұндай вирус түгілі, тұмаумен ауырған адамға жоламаймыз ғой.  Оның үстіне вирус індетінің жайылғанына салыстырмалы түрде алғанда көп уақыт өткен жоқ. Сондықтан Қытай билігі алда-жалда не болады деген оймен сақтық шараларын қолға алып жатқан тәрізді. Әзірге бұл вирустан болған өлім-жітім көрсеткіші бұдан бірнеше жыл бұрын Сауд Арабиясында болған вируспен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қытайдағы вирустан көз жұмғандар саны дәл қазіргі сәтте  осы дертке шалдыққандардың 1,5-2 пайызын  құрайды, ал Сауд Арабиясында бұл сан 35 пайызға жеткен еді. Сондықтан Қытай билігі алдында болған осындай жағдайларды ескере отырып бүкіл әлемге дабыл қағып отырған секілді.

– Сауд Арабиясындағы вирус неден борлып еді?

– 2013-2014 жылдары Сауд Арабиясында бұрқ еткен коронавирус  түйеден адамға жұқты деп танылды. Менің білуімше, ол кезде 2 мыңға жуық адам ауырып, 700-ден астамы көз жұмған болатын.

– Неге жаңа коронавирус Қытайдан шықты? Бұған дейінгі өкпе қабыну індеті, құс тұмауы да осы елден тарап еді.

– Менің ойымша, мұның бірден-бір себебі Қытайдағы әлеуметтік жағдаймен тығыз байланысты. Адам көп, бәрі бірдей тойып тамақ ішеді деп айта алмаймыз. Сондықтан кейбіреулер қолына түскен түрлі аң-құстың етін жеуге мәжбүр. Оның ішінде жарқанат, бақа-шаян да бар. Ауру аңды жеген адамның ағзасына түскен вирус бір кезде мутацияға ұшырап, аңнан адамға, сосын адамнан адамға жұғатын қабілетке ие болған.

– Коронавирустан толық айығуға бола ма?

– Әрине жазуға болады. Мұндағы басты қиындық, фармацевтикалық компаниялар осындай сирек кездесетін коронавирус түрлеріне қарсы дәр-дәрмек жасамайтынына келіп тіреледі. Мысалы коронавирус түрлері  жан-жануардың бәрінде дерлік бар. Бірақ солардың бәріне қарсы әмбебап дәрі жасау әрине көп қаржыны қажет етеді.  Мәселен ғылымда адамға жануарлардан жұғатын коронавирустың 3 мыңға жуық түрі белгілі. Олардың әрқайсысына қарсы екпе, дәрі әзірлеу қаншама қаржыны әрі уақытты қажет етеді. Оған ешбір мемлекеттің күші жетпейді. Сондықтан фармацевтикалық компаниялар ауру пайда болғанан кейін оған қарсы дәрі жасай бастайды. Мысалы қазір құс тұмауына қарсы екпе де, дәрі де жасалған. Сол секілді жақын уақытта жаңа вирустан емдейтін дәрілердің пайда болары сөзсіз.

– Коронавирусқа қарсы вакцина мен дәріні қанша уақытта әзірлеуге болады?

– Тәжірибеге сүйенсек, вакцинаны шамамен 6-8 айда дайындап шығаруы мүмкін. Ал аурудың бетін қайтаратын дәріні одан да ерте әзірлейді деп топшылауға болады. Қазір әлем бойынша науқастарды емдеуде түрлі дәрілік препараттардың комбинациясын қолданып көруде. Соның нәтижесінде коронавирусқа қарсы тиімді әсер ететін элементтер анықталып, дәрі жасау қолға алынады.

– Кейбіреулер Қытайда тараған жаңа вирусты биологиялық қару деп санайды. Осы мүмкін бе?

– Бұл жерде біржақты кесіп айту қиын. Өйткені мұндай болжам да терең, жан-жақты зерттеуді талап етеді. Мысалы мен Қытайдан шыққан вирустың Америкада қолдан жасалған вирус штаммдарымен салыстырып көргенде, екеуінің де әрекеттесуі ұқсас екенін байқадым. Іс жүзінде вирусты биологиялық қару есебінде қолдану мүмкіндіктері әрқашан қарастырылғаны ешкімге жасырын емес. Бірақ өз басыма бір ел екінші елге қарсы осындай биологиялық соғыс жариялайды деген ой күлкілі көрінеді. Әрі  адамшылыққа жат, мұндай күпір іске ешбір ел бармайды деп үміттенемін.

– ДСҰ Қытайдағы жағдайға байланысты халықаралық деңгейдегі қауіп дабылын жариялады. Расында да жаңа вирустың жаһандық індетке айналу қаупі төніп тұр ма?

Жоғарыда айтқанымдай, коронавирустың қаншалықты алапат апат екенін бағамдау үшін әлі кемінде бір-екі апта керек. Тек сол уақытта жиналған деректер мен сынама нәтижелеріне қарап, бұл жаңа вирустың қаншалықты қауіпті екенін айтуға болады. Сондықтан әзірге әліптің артын бағуға тура келеді.

– Қазақстанда бұған қатысты нақты қандай шаралар қолға алынды?

– Біздің институт бұл мәселелермен айналыспайды. Оған қаржымыз да, құрал-жабдығымыз да жоқ. Бірақ, менің білуімше, елімізде осы вирусты анықтауға арналған диагностикалық әдістер әзірленіп, олар дайын болып та қалды. Яғни, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Тегтер: