9 ноября 2019 г. 17:04

Қорға жиналған қаржының 20 пайызы – алматылықтардың еншісінде

Фото:
Елімізде 2020 жылы медициналық көмек қос пакет бойынша көрсетіледі.

Алғашқысы – бюджет есебінен жасалатын тегін медициналық көмек. Мұны Қазақстанның барлық азаматтары, тіпті, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алады.  Екіншісі – 2020 жылдан бастап қолданысқа енетін сақтандыру пакеті. Біз бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтан сұрадық.

 

Тілеухан мырза, жаңа жүйенің енгізілуіне аз қалды. Бұл бойынша тұрғындар бұрынғы тегін қызмет түрін пайдалана ала ма? 

– Тегін көмекке жедел жәрдем, емханадағы дәрігердің қабылдауы, анализдердің кейбір түрлері, дәрі-дәрмекпен қамту,  паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер кіреді. Бір қызмет тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетіле беруі мүмкін. Ол пациенттің жағдайына байланысты реттеледі. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса, көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, ал жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн. Тегін медициналық көмек ең алдымен, Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер кепілдендірілген тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды.

Бұл екі пакеттің айырмашылығы неде?

- Кепілдендірілген тегін медициналық көмек – жедел және шұғыл көмек көрсетуге, сондай-ақ, қоғам үшін маңызы бар ауруларды бақылауда ұстауға бағытталған. МӘМС пакеті – азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының негізін қалауға ықпал ететін қызметтерден тұрады. Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

- Сақтандыруға кім қанша жарна төлеуі керек?

- Жұмыс берушілер 2019 жылы қарамағындағы жұмыскер жалақысының 1,5 пайызы мөлшерінде жарна аударады. Бірақ ақша жұмыскердің табысынан емес, жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленеді. Қарамағында жұмысшылары бар жеке кәсіпкерлер де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады. Азаматтардың қалған санаттары 2020 жылдан бастап жарна аудара бастайды. Атап айтқанда, жұмыс істейтін азаматтар табысының 1 пайызын, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер табысының 1 пайызын төлейді. Жұмыс беруші әр жұмысшы жалақысының 2 пайызы көлемінде жарна аударады. Мемлекет 15 санатқа жататын 11 миллион адамды сақтандырады.

Жеке кәсіпкерлер 2020 жылдан бастап 1,4 ең төменгі жалақының 5 пайызын аударады. Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететіндер табысының 1 пайызын қорға аударып, сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Сонымен қатар, биыл бірыңғай жиынтық төлем енгізілген болатын. Бірыңғай жиынтық төлем көлемі республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш, аудандар мен ауылдық жерлердің тұрғындары үшін – 0,5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Алматыда бұл сома – 2525 теңге төңірегінде. Жалпы, бірыңғай жиынтық төлем өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған. Ол ай сайын төленеді. БЖТ аталған санаттағы тұрғындардың медициналық сақтандыру жүйесіне қатысып, сақтандыру шеңберінде көрсетілетін көмектен сырт қалмауы үшін енгізілген. Аты айтып тұрғандай, бұл – зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру мен медициналық сақтандыру, табыс салығы сынды төлемдердің жиынтығы. Оны қарамағында жалдамалы жұмысшысы жоқ, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтар төлейді. Мысалы, үй жұмысшысы, бала бағумен айналысатындар, отбасына қызмет көрсететін жүргізушілер, такси жүргізушілері, пәтерін жалға беретіндер. Сол арқылы медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады.

Меди­ци­налық сақтандыру жарнасын тө­леуден Ал­маты қаласы көш бастап тұр. Қорға жиналған жалпы қар­жы­ның 20 пайыздан астамы мегаполис тұрғын­да­рына тиесілі екен...

- 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 25 қазаны аралығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 214,4 млрд теңге жарна түсті. Оның 205,5 млрд теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,9 млрд теңгесі – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Ал 2017 жылдың шілдесінен 2019 жылдың 25 қазанына дейінгі аралықта Алматы қаласынан қорға 45,9 млрд теңге жарна аударылды. Оның 43,4 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлерінің атына жасаған аударымдары.

-  2020 жылы алматылықтарға арналған медициналық көмекке бөлінетін қаржы бір жарым есе немесе 45,5 млрд теңгеге артады екен...

- Қаржының көбеюіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі себеп. Биыл қала бойынша тегін медициналық көмекке бюджеттен 116,8 млрд теңге бөлінген. Ал 2020 жылға 160,4 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр.

Динара Мыңжасар

 

Тегтер: