Кімді жақтаймыз: ПАЛЕСТИНАНЫ ма, ИЗРАИЛЬДІ ме? – Сарапшы пікірі
өршіп, қанды соғыстар көбейіп кетті. Хамас шабуылынан соң, Израиль Таяу Шығыста нағыз соғысты бастап жіберді.
Қарабақта бұл жолы Әзірбайжан жеңіске жетті. Украина мен Ресей арасындағы кескілескен ұрыс бір толастар емес. Тайвань мәселесі Тынық мұхитын толқытып тұр. «Әлемнің түкпір-түкпірінде бұрқ еткен соғыстың жалыны жан-жаққа жайылып, алапат өртке айналмай ма?» деп қауіптенушілер аз емес.
The Critic атты британдық басылым 2029 жылға қарай әлемдік жанжал туатынын болжаған. Американдық саясаткер Джефри Янг НАТО Украинаға әскери контингент кіргізсе, дүниежүзілік соғыстан қашып құтыла алмайтынымызды айтқан. Осы тақілеттес болжамдар аз емес.
NEGE тілшісі халықаралық ахуалға байланысты ел көкейіндегі сауалдарды ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Мұхит АСАНБАЕВҚА қойып көрді.
– Кейбір сарапшылар Палестина мен Израиль арасындағы жанжалға басқа елдер де араласып, мұның арты ядролық соғысқа, алапат майданға ұласуы мүмкін екенін айтып жатыр. Мұнымен келісесіз бе? Бұл жанжалдардың үшінші дүниежүзілік соғысқа ұрындыруы қаншалықты ықтимал?
– Қазіргі кезде ХАМАС ұйымы мен Израильдің арасындағы жанжалға үшінші тараптың араласпауына ешкім кепіл бола алмайды. Дегенмен, үлкен соғыстың ықтималдығы шамалы. Себебі бұл жанжалға Иран да, оның серіктесі ретінде ливандық Хезболла ұйымы да тікелей араласқысы келмейді. Бұл жөнінде бейресми каналдар арқылы ақпарат тараған болатын.
Тіпті, Израиль мен Ливан шекарасы маңында Хезболла мен Израиль арасындағы зымыран атысы шектеулі мөлшерде ғана болып отыр. Бұл жерде Хезболла әлемдегі мұсылман елдерінің көңілін аулап, Палестинаға ниеттес екендігін меңзеп, Израильге қыр көрсетіп қана жүр десек болады.
Ал АҚШ әскери-теңіз күштерінің өз операцияларын қолдау үшін Жерорта теңізінің шығысына жіберілуі, сондай-ақ жақында Қытайдың «ХАМАС пен Израиль арасындағы қақтығыс дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін» деген қауіппен Таяу Шығысқа алты әскери кемесін жіберуі ең алдымен алпауыт мемлекеттердің алаңдаушылығын меңзейді.
Өзіңіз білетіндей, АҚШ пен Қытай үшін Таяу Шығыс аймағы негізгі энергокөзі саналады. Ал АҚШ-та келесі жыл – электоралдық жыл.
– Иран – осы аймақтағы ірі ойыншы. Палестина мен Израиль арасындағы соғыс кезінде бұл елдің қара туды ілуі нені білдіреді? Қақтығысқа араласу ниетін көрсете ме, әлде, «бір үркітіп алайық» деген психологиялық қысым ғана ма?
– Израильдің палестиналық ХАМАС қозғалысымен соғысының басталуына байланысты бірқатар араб елдері, соның ішінде Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үдерісі, яғни дипломатиялық қарым-қатынас процесі тоқтап қалды. Таяу Шығыстағы күштер мен мүдделердің геосаяси балансы, жалпы алғанда, Иран үшін қолайлы болып шыға келді. Мұндай жағдайда Иран аймақтық шиеленістерге араласуға мүдделі емес.
Израильдің Газа секторындағы ауруханаға шабуылынан 471 адам қайтыс болды. Осыған байланысты Иранның Мешхед қаласындағы Имам Реза кесенесі үстінде «Қара ту» ілінді.
Бұл қадам – Иран тарапынан Палестина халқына деген алаңдаушылық пен ниеттестіктің белгісі ғана емес, сонымен қатар Иран халқынның өзіне де арналған месседж. Себебі, қара тудың осылайша рәсімделуі – ең алдымен, Иран билігінің өз халқына арнаған сәлемдемесі, психологиялық ықпалы. Яғни, ирандықтарды Иран билігінің саясаты төңірегінде топтастыруға арналған жұмылдыру риторикасы.
– Украина мен Ресей арасындағы соғыс қыза түскенмен, тараптардың итжығыс түсіп жатқаны байқалады. Десе де, АҚШ Украинаға көмек беруді доғарады деген сөз жиі айтылуда. Бұл Украинаның жағдайын қиындата түсері анық. Қазіргі қалыптасқан ахуалға қарап, Украинаның болашағы туралы қандай болжам жасар едіңіз? Соғыс қашан аяқталады, Украина біраз жерін Ресейге беруге көне ме?
– Рас, Газадағы соғыс әлемнің назарын Таяу Шығысқа бұрып жіберді. Дегенмен, АҚШ Украинаға көмегін тоқтата қоймас. Ал бұл соғыстың қашан аяқталатындығы көптеген факторға байланысты. Ол – ауқымды тақырып.
– Таяу Шығыстағы, Шығыс Еуропадағы соғыстар мен Тайвань мәселесін ескерсек, Батыстың басын қосып отырған НАТО-ға қарсы тұра алатын әскери блоктардың құрылуы қаншалықты мүмкін? Мәселен, Батыстың сыртқы саясатына қарсы ортақ наразылығы Ресей, Қытай және бірқатар араб елдерінің күш біріктіруіне түрткі болмай ма?
– Ресей мен Қытай – одақтас алпауыт мемлекеттер. Олардың сыртқы саясатта Батысқа қояр талаптары жеткілікті. Десе де, араб әлемі біртекті емес. Ол аздай, көптеген кішігірім араб мемлекеттерінің қауіпсіздік мәселесі АҚШ-пен тығыз байланысты. Сондықтан, олардың НАТО-ға қарсы блоктарға енуі екіталай. Жақын арада мұндай өзгеріс болмайды.
– Палестина мен Израиль арасындағы соғыстан кейін араб елдерінің одағы туралы сөз қайта көтеріліп отыр. Дейтұрғанмен, бұл біздің Ұлы Тұран секілді қиялдағы бірлік болып қала бере ме?
– Бұл сұраққа жауап бердім. Араб елдері одағының пайда болуы ең алдымен араб елдерінің элитасына, сыртқы алпауыт мемлекеттердің райына байланысты. Ал бүгінгі күні бұл мәселе – араб элиталары аңсап жүрген мақсат емес. Алпауыт мемлекеттердің де қалауы емес.
Палестина мен Израиль арасындағы соғыстан кейін араб елдерінің басы қосылады дей алмаймын. Алайда Таяу Шығыста біраз өзгерістің болуы әбден мүмкін.
Мысалы, аймақтағы соғысты тоқтатудың бірден-бір шешімі – Палестинаның дербес мемлекет ретінде мойындалуы. Мұны көпшілік түсініп отыр.
– Осындай күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты қандай болуы тиіс? Лажсыздан бір тарапты таңдауға тура келіп жүрмей ме?
– Қазақстанның бұл мәселеге тікелей араласуынан, араласпауынан Таяу Шығыстағы жағдай өзгермейді. Басқа елдер тарапынан бізге «позицияларыңды айқын көрсетіңдер» деген байбалам да жоқ. Бізге керегі – тараптардың бейбіт келісімге келіп, соғыстың жақын арада тоқтатылуы.