«Елде саяси реформа жүргізілгенін қаламайтын ішкі-сыртқы күштер бар» – Ирандық сарапшы Омид Рахими
2022 жылы Иранда болған жаппай митингтер әлемдік қауымдастықтың назарын ерекше аудартты. Саяси себеппен ұсталған Махса Аминидің өлімі елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам қатысқан толқуларға себеп болды. Бұл оқиғалар тек ішкі наразылық қана емес, сыртқы күштердің ықпалы мен халықаралық реакция аясында өрбіген, геосаяси маңызы зор процеске айналды.
Арада үш жылға жуық уақыт өтсе де, бұл оқиғалардың салдары әлі сезіледі. BBC жариялаған соңғы жаңалық Ирандағы ахуалды қайта жаһандық талқылауға шығарды. 2022 жылғы наразылық кезінде тұтқындалған Моджахед Куркури өлім жазасына кесілді. Алайда, Amnesty International бұл процестің «аса әділетсіз» өткенін алға тартып, Иранға халықаралық қысым көрсетуге шақырып отыр.
Естеріңізге салайық, 2022 жылы қаңтарда Қазақстан да жаппай толқуларды бастан өткерді. Екі елдегі оқиғалар арасындағы тарихи және саяси параллельдер көп. Осыған байланысты біз Орталық Азияны зерттеу институтының ғылыми жетекшісі, халықаралық қатынастар бойынша PhD доктор, ирандық сарапшы Омид Рахимимен сұхбаттасып, жағдайға тереңірек үңілдік.
– Иран билігінің наразылықтарға қатысқандарды өлім жазасына кесу үкімін халықаралық қауымдастық қатаң сынады. Сіз мұны өзге елдердің Иранның ішкі істеріне араласу деп есептейсіз бе, әлде бұл сын орынды ма?
– Әрине, халықаралық қауымдастықтың сын айтуға құқығы бар. Алайда, бұл сын Иранға қарсы кереғар пікір қалыптастыруға, қоғамдық пікірді адастыруға және санкциялар салуға алып келген жағдайда, бұл Иранның ішкі ісіне араласуға айналады. Сонымен қатар, Иранда өлім жазасы белгілі бір жағдайда заңмен реттеліп, шектеулі әрі нақты саясат аясында қолданылатын ресми жазалау шарасы екенін атап өткен жөн.
Екінші мәселе – бұл контексте жасалып отырған жалған баяндама туралы. Кейбір халықаралық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және саяси тұлғалар бұл үкімдерді «наразылық акциясына қатысқаны үшін» деп көрсетіп отыр. Бірақ шын мәнінде жағдай мүлде басқаша.
Мысалы, өлім жазасына кесілген Моджахед Куркури наразылыққа қатысқаны үшін емес, наразылық кезінде 9 жастағы баланы әдейі өлтіргені үшін сотталып, жазаланған. Оның бұрын да атыс қаруын қолдану, пышақ жарақатын салу, заңсыз қару сақтау, ұрлық және есірткі саудасы сияқты ауыр қылмыстары болған. Шын мәнінде, ол кәнігі қылмыскер болған және наразылықтар кезінде ауыр қылмыстар жасаған. Иран заңдары мұндай жағдайда өлім жазасын тікелей қарастырады. Соған қарамастан, Батыс медиасы оны бейбіт наразылыққа қатысқаны үшін өлім жазасына кесілгендей етіп көрсетуге тырысты.
Үшінші және соңғы мәселе – тағы да қосарланған стандарттар туралы. 2016 жылы Сауд Арабиясында белгілі дін қайраткері шейх Бакир әл-Нимрдің басы шабылған кезде халықаралық қауымдастық пен Батыс қалай әрекет етті? Джамал Хашоггидің жан түршігерлік қазасы қалай тез ұмытылды?
– Сіз 2022 жылы Иран мен Қазақстанда болған саяси оқиғаларды салыстыруды ұсындыңыз. Сіздің ойыңызша, бұл оқиғалардың басты ұқсастығы неде?
– Иран мен Қазақстандағы оқиғалар арасында көптеген ұқсастық бар. Біріншіден, екі елде де әлеуметтік-экономикалық талаптармен басталған бейбіт наразылықтар тез арада ауқымды тұрақсыздыққа және зорлық-зомбылыққа ұласты. Екінші ұқсастық – шетелдік күштердің наразылыққа қатысушыларды зорлық пен радикализмге итермелеуі. Үшіншіден, Иран мен Қазақстан үкіметтерінің тәртіп пен тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған әрекеттерін Батыс елдері біржақты теріс айыптады. Ал төртінші ұқсастық – саяси контекст. Иран мен Қазақстанда билікке жаңа адамдар келіп, саяси реформалар жүргізуге тырысты, ал наразылықты пайдаланып отқа май құйғысы келгендер өзгерісті қаламады.
– Батыстың қос стандарттары туралы айтып қалдыңыз. Халықаралық қауымдастық Иран мен Қазақстандағы оқиғаларға неге әділ баға бере алмады деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, халықаралық қауымдастық дегеніміз тек «Батыс елдері» емес. Иран мен Қазақстан үкіметтеріне жаһандық оңтүстік елдері үлкен қолдау көрсетті. Батыс елдерінің реакциясы тұтас халықаралық қауымдастықтың емес, белгілі бір үстем идеологиялық көзқарастың көрінісі. Әлем халқының жартысына жуығы тұратын Қытай мен Үндістан бұл мәселеде Еуропадан өзгеше көзқараста болды. Әрине, бұл да әр елдің мүддесіне байланысты.
– Сіз өз елдерінен қашып кеткен Мұхтар Әблязов пен Махмуд Реза Хавари туралы не айтасыз?
– Мұхтар Әблязов пен Махмуд Реза Хаваридің арасында айырмашылықтар бар, бірақ оларды біріктіретін ортақ белгі – экономикалық жемқорлық. Бұлар өз елдерінен үлкен көлемде қаражы ұрлап, шетелге қашып кетті. Қазір екеуі де Батыстан саяси қолдау тауып отыр. Ұқсастықтары осыда. Бұларға Батыс елдері «саяси диссиденд» маскасын кигізіп, өз ойындарына пайдалануы әбден мүмкін.
– Қазақстан мен Ирандағы қақтығыстардың сырттан басқарылғанына дәлеліңіз бар ма?
– Қазақстандағы қаңтар оқиғасы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де, басқа да жоғары лауазымды тұлғалар бірнеше рет айтты. Тоқаевтың айтуынша, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ірі қалаларда шетелдің ықпалына түскен діни экстремистер әрекет еткен. Сондай-ақ, сырт елдерден, әсіресе, Батыс елдерінен наразылықты қоздыруға бағытталған арандату мен ақпараттық қысым болғаны байқалды.
Ирандағы жағдай бұдан да күрделі еді. Біздең елде лаңкестердің әрекеттері шетелден тікелей басқарылды, тіпті шетелдік арнайы қызметтің агенттері ұсталды. Еуропа елдері жағдайға араласқысы келіп, интервенциялық сипаттағы мәлімдемелер жасады. Ең бастысы Instagram секілді әлеуметтік желілердің алгоритмі Ирандағы тәртіпсіздікті күшейтуге, зорлық-зомбылықты насихаттауға жұмыс істеді.
– Бұл саяси дағдарыстар екі елдің халықаралық беделіне қалай әсер етті?
– Елдің халықаралық беделі – көпқырлы мәселе, ол көбінесе нақты әрекет ету қабілетіне байланысты. Біріншіден, ішкі тұрақсыздық қандай жағдайда да елдің осалдығын көрсетіп, экономикалық инвестицияларға кедергі келтіруі мүмкін. Екіншіден, биліктің дағдарыстарды тиімді басқаруы халықаралық серіктестердің сенімін сақтау үшін маңызды. Бұл тұрғыда Иран мен Қазақстан белгілі бір артықшылықтарға қол жеткізді. Үшіншіден, жаһандық медиа, әсіресе, Батыс бақылауындағы медиа мұндай наразылықтар кезінде елдің бейнесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бұл бейне елдің нақты беделінен гөрі, осы медианы бақылайтын елдердің мүддесін көрсетеді.
– Алдағы жылдары Иран мен Қазақстанда осыған ұқсас наразылықтар қайталануы мүмкін бе?
– Сыртқы күштердің елдің ішкі ісіне араласуы үлкен рөл ойнағанымен, ішкі себептер, яғни экономикалық, әлеуметтік, мәдени және саяси мәселелер басты фактор болып қала береді. Сондықтан осы түйткілді мәселелер шешілмесе, наразылықтардың қайталану ықтималдығы сақталады. Бұл сұраққа толымды жауап беру үшін алдымен наразылық тудырған түрлі себептерге ғылыми әрі кешенді талдау қажет.