12 ноября 2020 г. 8:54

Goldman Sachs. Қазақстанға шетел банктері НЕГЕ қызықпай отыр?

Фото:

Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары бойынша біз алдағы желтоқсан айында шетел банктері үшін есігімізді ашуға тиіспіз. Демек, олар еншілес банк құрмай-ақ, филиалдарын аша беруге рұқсат алады.

Бірақ, біз есікті қанша айқара ашсақ та, ешкім келмейтін сияқты. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның банк секторы қазір адам қызығатындай жағдайда емес.

«Банктерге клиент ретінде шикізат өндіретін, оны экспорттайтын компаниялар қызық. Бірақ олар облигациялар шығару арқылы арзан ставкамен шетелден қаржыландыру тартып отыр», – дейді қаржы сарапшысы Владислав Туркин.

«Ал олардан бөлек қарыз алушылардың дені сауда және қызмет көрсетумен айналысатын ортанқол компаниялар, олар нарықтағы жағдай мен доллар бағамына тәуелді. Оларға несие берудің тәуекелі жоғары».

«Нәтижесінде банктер үшін қазір ең тиімді сегмент болып жеке тұлғаларға кредит беру ғана қалды. Бірақ дәл осы нарық қызып кетудің алдында тұр. Коронакризис жағдайды одан әрі шиеленістірді»

Онымен бірге мемлекет тарапынан азаматтардың несиесін шегеру сынды қадамдар жасалғанын ескерсек, банктердің кредиттік табыстан айрылып отырғанын көреміз. «Мен шетелдік банктер жаппай келеді деп күтпеймін. Әсіресе, қазір өршіп отырған пандемия кезінде бұл мүмкін емес», – деп бағалайды Tikmill халықаралық брокерлер тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.

«Қазір керісінше, банктер қысқарады. Тенденция сондай. Пайда әкелмейтін филиалдар жабылады. Шығындар азаяды. Онымен қатар Қазақстан экономикасында үлкен проблемалар бар. Жалпы ішкі өнім қысқарып, халық кедейлене түсті. Бизнес көлемі азайып барады. Мұндай жағдайда шетелдік банктердің бізде жаңа филиал ашуы жұмсартып айтқанда, негізсіз және тиімсіз болар еді»

«Бұл жерде шетел банктері біздікілерге қарағанда анағұрлым арзан кредит береді деп ойлау дұрыс емес», деп жалғастырады Владислав Туркин.

«Біріншіден, Қазақстандағы қарыз алушының жүйелік тәуекелі әлемдік бағалы қағаздардың (негізінен акциялардың) тәуекелдерінен тіпті едәуір асып түседі. Екіншіден, біздің азаматтардан депозит тартқан жағдайда, басқа банктермен бәсекеге түсу үшін оның сыйақы ставкасын жоғары ұстау керек. Бұл жағдайда кредитті арзандату мүмкін емес».

Шетелдік банктердің біздің қаржы нарығына деген көзқарасы келесі жылы белгілі болады. Nege.kz есебінше, біздің нарыққа қызыққан қаржы институттары бізге әу бастан-ақ еншілес банк құру арқылы келіп қойған. Олардың ішінен біздің нарыққа «Сбербанк», «ВТБ-Банк», «Альфа-банк» арқылы енген Ресейдің үлесі басым. Оған қоса Қытай, Оңтүстік Корея, Пәкістан мен Түркия қаржы топтарының өкілдігі бар.

Ал ірі батыс қаржы алпауыттары үшін біздің нарық тым тар болып саналады. Сондықтан ДСҰ талабын орындағанымыз үшін ғана біздің елге ағылатын банктер көшін күту артық сияқты.

Тегтер: