14 ноября 2019 г. 19:50

Ғани Сәдібеков: Жемқорлыққа қарсы күрескерлер өз қателігін мойындауды білмейді

Фото:

20 ай тергеуде отырған жоғары лауазымды шенеуніктің алғашқы сұхбаты

Бір жарым жылдай бұрын, 2018 жылдың наурыз айында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тағы бір ірі парақорды – энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековті ұстағаны жайлы масаттана есеп берген еді. Мұндай жағдайда, әдеттегідей, қазақстандықтарға қылмыскерді қалай құрықтағаны, бума-бума ақшаны тәркілегені түсірілген бейнетаспаны көрсететін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін ведомствоның (Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі)  ресми өкілі қызметін атқарушы Нұрлан Жахин: «Шортанды-Бурабай курорт аймағындағы көлді тазартуға бөлінген ақшаны жымқыру үшін мердігер ұйымдардың басшыларымен сөз байласқан», – деп дүйім жұртқа жар салған. Әрине, осындай зор мәлімдемелерден кейін бюджет қаржысын жымқырғандарды міндетті түрде жазалайды деген сенімділік болған. Бірақ одан бері 20 ай өтті, ал Ғани Сәдібековтің ісі әлі күнге дейін сотқа түскен жоқ! Жемқорлыққа қарсы күресушілер неге тергеуді аяқтай алмай отыр? «Бұл туралы «Время» газетіне бұрынғы вице-министрдің өзі алғаш рет сұхбат беріп, мән-жайды айтып берді. 

- Ғани Қалыбайұлы, біздің сауалдарымызға жауап беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Әңгімемізді қарапайым нәрседен бастайық. Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері сізді қалай ұстағаны есіңізде ме?

- 1-наурызда таңертең ерте баламды мектепке шығарып салдым. Сол кезде маған бір адамдар келіп, құжаттары мен тергеу қаулысын көрсетті. Есімді жия алмай қалдым – мені не үшін айыптап жатқанын түсінбедім де. Тұтқындауға рұқсат алу үшін сотқа әкелген сәтке дейін қылмыстық істің мәні неде екенін мен мүлде білген жоқпын. Кейінірек іске адвокаттар араласқан кезде ғана, маған бәрін түсіндіріп берді. 

- Ресми мәлімдемелерге сүйенсек, сізден ірі көлемде ақша тапқан.

- Үйімнен тәркілеген 2000 доллар – ұрлықы миллиардтардың айғағы болады деп ойламаймын. Мұқият ақша іздегенін білемін. Астанадағы үйімді де, Алматыдағы пәтерімді де (сол кезде жұбайым болған) тінтіді. Менің кәсіпкер-бауырымның үйінен де, кеңсесінен де ақша іздеген, компаниясының жұмысшыларына жалақы төлеуге әзірлеген 30 мың долларын тәркілеп, кейіннен қайтарып берді. 

- Сонда миллиардтарды кімнен тапты?

- Білмеймін, әйтеуір менен тапқан жоқ.

- Ұсталған соң, сізді тұтқынға алуға сот бірден рұқсат берді. Тергеу изоляторында сізге ең ауыр тиген не нәрсе?

- Иіс. Сегіз шаршы метр болатын төрт орындық камерада отырдым. Бұл кішкентай бөлмеде адамдар ұйықтайды, тамақ жейді, дәрет сындырады, терезе желдеткішін ұдайы ашып қоюға мәжбүр болдық. Астанадағы наурыз айы – әлі қыс ауасы, сондықтан түнде қатты тоңдық, бірақ терезе желдеткішін жаппадық. Мені 15 тәулік ұстады, сосын адвокаттар бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуге қол жеткізді.

Келесі бір жарым жыл бойы қарауылмен күзетті. Үйден тек қана тергеуге шығуға рұқсат етілді. Телефонмен сөйлесуге, туыстарыммен, балаларыммен араласуға тыйым салынды. Тіпті, аурушаң ата-анаммен телефон соғып сөйлесе алмадым.

- Сізге қандай нақты айып тақты?

- Басында, мені ұстаған сәтте, пара алды деп айыптады. Сосын  Қарасу көлін тазалау жұмыстары атқарылмаса да, министрлік оған ақша төледі деп күдіктене бастады. Тергеудің алғашқы күндері келтірілген зиянды 1,1 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін жеткізді.

Мәселе мынада. 2017 жылы Энергетика министрлігі Шортанды- Бурабай курорт аймағындағы Қарасу көлін тазалаумен айналысатын компанияға 3,6 млрд теңге төлеген болатын. «Осы ақшадан миллиард теңгені қолма-қол ақшаға алмастырып, жымқырып кетті» деп жария етілді. Бірақ нақты сомасын ешкім атап көрсете алмады. Өйткені қылмыстық іс ашылғанға дейін ешқандай тексеру, ревизия немесе аудит жүргізілген емес. Бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгерткен кезде сот осы жағдайды назарға алды.

Зиян сомасы анықталмай, бастапқыда қылмыстық іс қозғай алмайтынын мен енді ұқтым. Бірақ жемқорлыққа қарсы күресушілерді бұл тоқтатқан жоқ, оларға бір жылдан аса жасырын тергеу әрекеттерін жүргізгені жеткілікті болған. Былайша айтқанда, менің телефонымды тыңдап отырған. Осы әңгімелерді негізге алып, неге екені белгісіз, ауыр қылмысқа осының да қатысы бар деп ұйғарым жасаған. Мені ұстап, баспасөзге мәлімдемелер жасағаннан кейін ғана, экономикалық сараптама жасалды, тағылған айыптарды  өзгертті. Айыптары мынаған саяды: бұрын ұйымдастырылған қылмыстық схемаға қосылып, күрделі жобадан байқатпай ақша жымқыруға болатынын ойлап тапқан мен екенмін.

- Жоба шынымен де күрделі ме еді?

- Қарасу, Шортанды және Бурабай көлдерін тазарту жобасы 2012 жылы әзірлене бастады. Сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мұрындық болды. Бірақ кейін үш министрлік біріктіріліп, Энергетика министрлігіне берілді. Қарасуды тазарту жұмыстары 2014 жылы басталған.

2016 жылдың 4-мамырында мен экология мәселелеріне жетекшілік ететін энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалдым. Маған бұл жобаға ерекше назар аудару жүктелді. Себебі ол президенттің жолдауы шеңберінде жүзеге асырылатын. Мойындаймын, мән-жайын бірден ұға алмағаным рас. Қызметіме кіріскеніме төрт күн болғанда, 8-мамырда, демалыс күні, мен Қарасу көліне барып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын көзіммен көргім келді.

Шынымен де бірегей жоба, оған Шортанды-Бурабай курорт аймағының үш көлін тазалау кіреді. Мақсат – туризмді дамыту үшін жайлы экологиялық жағдай жасау. Қарасудан бастадық, өйткені оның жай-күйі өте нашар еді. Көлдің тереңдігі 6-8 метр болғанымен, суының бойы – бір метр ғана. Яғни, табанына қалың тұнба тұнып қалғаны соншалықты, көлді толтырып тұратын  жер асты бұлақтарының көзі тарс бекітіліп қалған. Су қоймаларын қалай тазартып жатқанын көріп пе едіңіз?

- Көрмегенмін.

- Бұл жобаға дейін Қазақстанда қарабайыр тәсіл қолданылып келді: баржаға экскаваторды тиеп, онымен су түбіндегі батпақты қазып шығарады. Шынтуайтында бұл – тазалау емес, көлді тереңдету. Біз ең озық әрі алдыңғы қатарлы тазалау технологиясын таңдадық. Немістер жасаған, жүзетін жерснарядты көлге жіберіп, сумен араластыра көл түбіндегі тұнбаны сорып алады. Бұл қоспаны пульпа деп атайды. Сосын оны диаметрі 20 сантиметрлік, ұзындығы бір жарым шақырым құбырмен тазалаушы зауытқа жеткізеді.

Зауытты да салдық. Көл маңына емес, таудың арғы жағына. Ол жерде пульпаны сепаратордан (оны виброелек деп те атайды) өткізіп, тастарын, құмын, бұтақтарды, қамыстар мен балдырларды бөледі. Сосын тұнбаны бөлуді жеделдету үшін  пульпаны реактивтермен араластырып, центрифугадан өткізеді. Центрифугада тұнбадан су ажыратылып, тазартылған су көлге қайта төгіледі. Кептірілген тұнба полиганға тасылады. Құрамында көп органикасы бар тұнба – «сапропель» деп аталатын керемет тыңайтқыш. Оны бақша дүкендерінде де сатады.  

- Шын мәнінде де бұл технологияларды түсіну оңай емес екен.

- Иә. Экологиялық шығындарды барынша азайтып, алдымызға көлемі мен оның микрофлорасын сақтай отырып, көлді тазарту міндетін қойдық. Техникамыз немістердікі еді, онымен Словакиядан келген шетелдіктер жұмыс істеді. Ал бас мердігер – қазақстандық компания еді. Оның үстіне, үш көлді тазартуға бөлінген қаржы 23 млрд теңгеден асып жығылатын.  

Тағы да қайталап айтайын: бұл бірегей жоба еді. Үш көл үшін арнайы әзірленген. Ол кезде ақы төлеудің ешқандай нормативтері, тарифтері болған жоқ. ҚҚСҒЗИ-ға (Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты) ведомстволық нормативтерді әзірлеуге тапсырыс бердік. Оның қызметкерлері Словакияға барып, құрылғылардың хронометражын жасады, мамандармен кездесті, олар кейін жобаға да қатысты. Жобалаушы сметалық құжаттарды да, «Мемсараптама» РММ оң бағасын берген жобаның өзін де әзірледі. Содан кейін ғана жұмыс басталды.

Вице-министр қызметіне кіріскен кезде жемқорлыққа қарсы қызмет Қарасу көлі бойынша  2014-2015 жылдарға тексеру жүргізгенін білдім. Оның барысында 6 млн теңге көлемінде артық төлем жасалғаны анықталыпты. Оны Энергетика министрлігі сот арқылы мердігерден өндіріп алды. Жобаға түзету енгізілуі керек болған соң, бірінші қылмыстық іс тоқтатылды. Жұмыстар аяқталмай қалған еді. 

- Ал сізге 2017 жылғы төлемдер бойынша айыптар тақты ма?

- Дәл солай. Маған «құнын арттыру мақсатымен жобаға заңсыз түзету енгізді, сосын жалған орындалған жұмыстар актісіне жоғары баға көрсетіп, қол қойды» деп айып тағып отыр.  Шындығында түзету енгізілгеннен кейін баға көтерілген жоқ, керісінше 86 млн теңгеге азайды. Гидроқоспалардың бір текше метрін тазалау жұмыстарының құны 2 370 теңгеден 550 теңгеге дейін түсті. Сонымен қатар жоба бағасынан ультрафильтрация жұмыстары алынып, 700 млн теңге үнемделді.

Біз суды сүзгіден өткізу жоспарланғандай нәтиже бермейтінін анықтадық. Сондықтан жұмыстың осы бөлігіне төлемейміз деп шешім қабылдадық. Бірақ суды тазалау технологиясы қалды. Бірақ ол мердігерлер есебінен жасалды. 

Ең қиыны дұрыс реагент-флокулянт таңдап, оның санын анықтау болды. Реагент тұнбаның өлшенген бөліктері қайызға жиналып, судан ажырауы үшін қажет. Егер бұл үдерісті табиғи түрде жүргізуге, яки тұнба өздігінен тұнуы үшін айлар қажет. Сондықтан жеделдетуге флокулянт қолданылады. Бұл үшін құрғақ заттардың пайыздық құрамын анықтауға зертханада тұнбаның, пульпаның немесе гидроқоспалардың сараптамаларын жасау керек.

Бұл мақсатта көл тазалау жұмыстарын тікелей орындаған словакиялық компания су мен тұнбаның сынамасын алып, Словакияның беделді зертханасында зерттеу жүргізіп, көрсеткіштерін анықтады. Есімде, қол астымдағы қызметкерлерден осы зертхананың құзыретін тексеруді талап еттім. Тиісті растау алдық.  Словактардың есебі бойынша, гидроқоспадағы құрғақ заттардың үлесі 2,14 пайыз болды, ал қалғаны – су. Жерснаряд көл түбіндегі тұнбаны сорып алып, өңдеуге судың күшімен оны құбыр арқылы зауытқа ағызып әкеледі. Жобада ол гидроқоспаларды өңдеу және құрғату комплексі деп аталған.  

Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жұмыстардың бәрі қазынаға 500 млн теңге шығын әкелген. Қалғандары – жымқырылған артық төлемдер. Өзінің қараңызшы, үш жыл бойы шетелдің технологиялары, тетіктері, тіпті, жұмысшылары жұмылдырылған күрделі үдерістердің құны 500 млн теңге ғана тұра ма? Ол жақта тек қана құрылғылардың өзіне мердігер 4,5 млн евро жұмсар еді!

- Тұнбаны расымен полигонға апардыңыздар ма?

- Полигон Қарасу көлінен 52 шақырым жерде орналасқан. Кез келген адам ол жерге барып, бәрін өз көзімен көре алады. Өлшеу жұмыстары жүрді – 70 мың текше метр кепкен тұнба жатыр. Актілерді жалған деп, тергеу қызметкерлері мына фактіні мойындамай отыр: қайта есептегенде бұл – жоба жүзеге асырылған жылдары Энергетика министрлігі төлеген дымқыл тұнбаның 150 мың текшеметрі.

Тергеушілер көлде батиметрия жасады, яғни көл түбінде қалған тұнбаны  өлшеді. Бастапқыда, жұмыс жаңа басталған кезде Қарасудың табанында 323 мың текше метр тұнба қабаты болған. Ал қазір 174 мың текше метр қалған. Демек, көл түбінен 149 текше метр тұнба алынған. Энергетика министрлігі дәл осы көлемге ақша төлеген! Осылайша, қанша тұнба алынғанын, қаншасы полигонда жатқанын тергеу нақты анықтаған. Бұл сандар сәйкес келеді. Сонда қандай жалған есеп жайында сөз қозғауға болады? Полигонға жетпес бұрын бұл тұнба көл түбінен алынып, өңделіп, құрғатылуы, яғни, жұмыстың барлығы жасалуы тиіс. Оның үстіне ай сайын министрлік актілерде көрсетілген көлемдерді растау үшін көлдегі су деңгейіне өлшеу жұмыстарын жүргізіп отырды.

- Сонда тағылған айыптардың негізі неде?  

 - Жеке сарапшы  МОЛДАХМЕТОВ жүргізген сот құрылыс-экономикалық сараптама айыптауға негіз етіп алынып отыр. Ол мердігер қызметіне ақы төлеу ҚҚСҒЗИ бекіткен есептерге сәйкес келмейді деп қорытынды жасаған. Сондықтан дербес есеп жүргізіп, тергеушілер іздеген зиян сомасы – 2,7 млрд теңгені шығарған. Оның пікірінше, гидроқоспа 2,14 пайыз емес, 8 пайыз құрғақ заттармен сорылуы тиіс. Былайша айтқанда, ол жұмыстың құнын 4 есе қысқартқан.   

- Сонда, сіздердің мердігерлеріңіз тым сұйық гидроқоспа сорып шығарған ба? Гидроқоспа қою болуы үшін неге көбірек күремеген?

- Себебі, технологияның өзі құрғақ заттар үлесінің 2,14 пайыздан аспауын қадағалайды. Егер гидроқоспа қою болса, оны ешқандай сорғыш сорып шығара алмайды. Құбырға жабысып, бекітіп тастайды. Бұл канализациялық құбырлардың бітелуін еске түсіреді, оны тек қана сумен шайып шығады. Құбырдың ұзындығы бір жарым шақырымға созылып жатыр. Және аузы тар.  

Осы санды – 2,14 пайызды шығару үшін, словактар су мен тұнбаның сынамасын алып, флокулянт аз пайдаланған кезде қалдық қажетті деңгейде ғана тұнуы үшін, оларды қажетті пропорцияда араластырды. Құрғақ заттардың құрамы бойынша сараптама қорытындысын алды. Айта кететін жайт, словактар Қарасу көлінен сынаманы 2016 жылдың қаңтарында алды. Өлшеу үшін Қазақстанға арнайы келді. Айыптау актілерінде осы есептерді қылмыстық мақсатпен пайдаланып, осының бәрін мен ұйымдастырған деп көрсетіліп отыр.

- Тұра тұрыңыз. Сіз Энергетика министрлігінде 2016 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істей бастадым дедіңіз. Қаңтар айында зертхана қорытындыларын қалай ұйымдастырғансыз?

- Мұны ешкім де түсінбей отыр! 2016 жылдың қаңтар айында мен Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Ол кезде жоба түгілі, словактар және олардың зертханалары жайында ештеңе де білмейтінмін. Алайда қандай да  бір тәсілмен мердігермен «қылмыстық келісім» жасаппын. Айта кететін жайт, мердігерлермен қарым-қатынасымыз жақсы бола қойған жоқ – олар біздің үстімізден үнемі сотқа арызданып жатты. 2015 жыл үшін ақшаның біраз бөлігін қайтаруға мәжбүрледік. 2016 жылға оларға 1,6 млрд теңге төлеген жоқпыз. Себебі батиметр жүргізіп, актілерде көрсетілген жұмыс көлемінің орындамағанын анықтадық. Осыған байланысты олар барлық жерге шағымданып, бізді сотқа берді. Енді бізді «қылмыстық істің сыбайластары» етіп шығарып отыр.

- Қандай себеппен тергеу ұзаққа созылып кетті?

- Өйткені, күдіктілердің барлық кінәлері теріске шығарылды. 2018 жылдың тамыз айында астананың тергеу сотының қаулысымен жемқорлыққа қарсы қызметті тағы да бір сот құрылыс-экономикалық сараптама жасауға міндетті. Өйткені, Молдахметовтің сараптамасы жеткілікті түрде негізді емес, қорытындылары күдік тудырады деп танылды.  Алайда қайта сараптама әлі күнге дейін жасалған жоқ. 2019 жылдың қазанында тергеу соты тергеушіге сол сараптаманы тағайындауды міндеттеді.

Біздің шағымымыз бойынша, Алматы және Нұр-Сұлтанның Сот сараптамалары институты Молдахметовтің қорытындысына пікір жазды. Онда теріс пікір берілген. Молдахметовтің қорытынды жасағанда сүйенген әдістемесі көрсетілмегені жазылған. Оның үстіне, Молдахметов биылғы жылдың қазан айында лицензиясынан айырылған. Себебі басқа қылмыстық іс негізінде жасаған қорытындысы тағы да құрдымға кеткен. Сот бұл сарапшының ескірген есептеу бағдарламасын пайдаланатынын анықтаған.

Қолымызда енді не бар? Тергеуге алынғандардың кінәсі тергеу соты объективтілігіне екі мәрте күдік келтірген құжатпен «дәлелденген». Қайтадан сараптама жасамаған.

- Неге?

- Жүргізу әдістемесі жоқ, мамандар жоқ дейді. Менің адвокаттарым құрылысшы-экономистерді және сарапшы-құрылысшыларды жалдады. Оның қорытындысы Қарасу көлінде жұмыс жүргізу кезінде ешқандай зиян келмегенін толық дәлелдеп отыр. Бірақ тергеу жол берілмейтін дәлел деп таныды. Тек сотта біз тергеудің заңсыз қаулысының күшін жойдық. Дәлелдерімізді іс материалдарына қостырды.

Тергеу тарапынан жасалған мұндай заңсыз әрекеттердің қарасы көп. Тергеу кезінде тергеу соты оншақты қаулы шығарған. Ол қаулылар арқылы сот тергеудің толық еместігін, заңсыздығын растап, қосымша тергеу амалдарын жасауға міндеттеді. Бас прокуратура да істі жемқорлыққа қарсы қызметке қосымша тергеу-тексеруге қайтарды. Мен 20 айдан бері күдіктінің қатарындамын. Осы уақыт ішінде тергеу менің кінәмді дәлелдей алмады.  

Тергеу соты арқылы біз жемқорлыққа қарсы қызметті заң талабымен іс жүргізуге мәжбүрледік. Бірақ тергеу сотының қаулысы көзге ілінбей отыр, сараптама тағайындалып жатқан жоқ. Жауап алуға барлық куәгерлер тартылып жатқан жоқ. «Қарасуға барайық, тергеу экспериментін жасап көрейік, жерснарядты әкеліп, көлдің ортасына барайық. Гидроқоспаны сорып шығарайық», – деп неше мәрте ұсыныс жасадық. Тергеу ұдайы бас тартып отыр. Ақыры техниканы бұзып, Еуропаға алып кетті. Өйткені, қылмыстық іске байланысты жоба тоқтатылды. Көлді ешкім тазалап жатқан жоқ қазір.

Есесіне, жерснарядтың дисплейінде 16,2 пайыз деген жазу бар. Соның фото-суреті қылмыстық іс материалында көрсетілген. Техникалық сауатсыздығын байқатып, тергеу бір жарым жыл бойы бұл көрсеткішті құрғақ заттарға жатқызып келеді. Тергеуші осы қағазды көрсетіп: «Аппараттың гидроқоспаны жоба бойынша шығармағанына өздеріңіз көз жеткізесіздер»,– дейді. Кейін бұл санның декантердің айналған сәтін көрсететіні, құрғақ заттарға ешқандай қатысы жоқтығы анықталды.

- Жақсы, күрделі сараптамалармен таныстық. Сіздің кінәңізге басқа қандай да бір дәлел бар ма? Әдетте, жемқорлыққа қарсы күресушілер ақша беру сәтін түсіріп алады. Немесе, парақордың ашық болмаса да, ишарамен өз үлесін талқылап отырғаны алға тартылады.

- Істе жасырын тергеу амалдарын жүргізгенде жазылған жүздеген сағатқа созылатын әңгіме бар. Қылмыстық іс материалдарымен таныстырған кезде мен оларды сегіз ай бойы тыңдадым. Расында да мен қызметкерлеріммен жобаны талқыладым. Өйткені, ол басшылықтың ерекше бақылауында болды. Ақысын төлемей тұрып, орындалған жұмыс көлемін қалай тексеруге болатынын талқыладық.

Сол кезде батиметрия жүргізуге, қаншасы шығарылғанын анықтау үшін, жұмыс басталған және аяқталған сәтте көлде қанша тұнба бар екенін анықтауға шешім қабылданды. 2016 жылы орындалған жұмыс көлемі бойынша күдік білдірілді. Жымқыру немесе ақша бөлу тәсілдерін талқылаған ешқандай әңгіме жоқ.

- Бас прокуратура сіздің қылмыстық іс бойынша қандай ұстанымда? Оған шағымданып көрдіңіз бе?

-2018 жылдың наурыз айына дейін мен прокуратура заңдылықтарды қадағалаумен айналысады деген сенімде болдым. Қазір қадап айтарым: біздің жағдайда ол тергеу жағына шығып кетті. Прокурор қорғаушының бірде-бір өтінішін қолдаған жоқ. Сот прокурордың пікірін қанша рет сұраса да, ол бізге қарсы екенін айтады.

- Қызық естіледі екен. Бас прокуратура биыл ірі, даулы тергеулерді егжей-тегжейлі тексере бастады. Мәселен, дәл осы қадағалаушы орган қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнзоровтың ісін тоқтатты... 

- Мен әкім орынбасарының ісінен хабарым жоқ. Пікір айта алмаймын. Өзіме келсек, өкінішке қарай, Бас прокуратураның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті толық қолдап отырғанын айта аламын.

- Қыркүйек айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов сіздердің қылмыстық істеріңізді тергеу аяқталды деп жариялаған болатын. Сот қашан басталады?

- Қыркүйек айында тергеу аяқталған жоқ. Бектенов мырза асығыстық жасаған. Жалпы, төрағаның бірінші орынбасары мені бірнеше рет көрді. Мәселен, тіпті, ол Энергетика министрлігінде Жемқорлыққа қарсы іс-қимылға арналған арнайы кеңес өткізген. Сонда жемқорлыққа қарсы күресушілер көл тазалауға бөлінген ақшаны жымқырған екі вице-министрді ұстадық деп мақтана мәлімдеме жасаған. Жемқорлыққа қарсы қызметтің жоғары лауазымды қызметкері кінәсіздік презумпциясы жайлы ешқашан естіп көрмеген бе? Әлде лицензиясынан айырылған жеке сарапшының қорытындысы негізінде қозғалған қылмыстық іс кінәнің бұлтартпас дәлелі болғаны ма? Меніңше, бұл мәлімдемелердің бәрі бір мақсатпен жасалып отыр: тергеу амалдарын аяқтап, істі сотқа өткізу.

- Бұл, бәлкім, тығырықтан шығатын жақсы жол шығар? Сот процесі кезінде бәрін анықтап, нүкте қоятындай...

- Меніңше, ең жақсы жол – жемқорлыққа қарсы қызмет ешқандай ұрлықтың болмағанын мойындап, істі тоқтатқаны. Мен мемлекеттік қызметте көп жыл істедім. Бізде қылмыстардың осылай тексерілетінінен хабарым болған жоқ. 2018 жылдың басында-ақ мені темір тордың арғы жағына тоғыту біреулерге пайдалы болатынын сезінгендеймін. Ақыры ойлана келіп, көл тақырыбын тапқан секілді. Қазір бәрі анықталған кезде органдар тоқтап, кері шегіне алар емес. Жемқорлықпен күресушілер өз қателіктерін мойындауды білмейді. Ал менің барар жер, басар тауым жоқ – аяғына дейін күресіп, өзімнің кінәсіздігімді дәлелдеймін.  

Михаил КОЗАЧКОВ

 

Тегтер: