1 февраля 2023 г. 9:43

Ескі Қазақстанның ЖАНСЫЗДАРЫ Жаңа Қазақстанда не істеп жүр?

Фото:
Жуырда әлеуметтік желіде «Тұңғыш президент – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Ш

аймергеновті арнайы қызмет өкілдері ұстады» деген хабар тарады. NEGE порталының дерегінше, Шаймергеновке «шпиондық жасады» деген айып тағылған...

Әріге бармай-ақ, соңғы жылдарды алатын болсақ, мемлекеттік биліктегі қадау-қадау шенділер «шпионаж» бабымен айыпты болды.

Б.Майлыбаев. Фото: ғаламтордан.

2017 жылы Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан МАЙЛЫБАЕВ «отанға опасыздық жасағаны үшін» 5 жылға сотталды. Қылмыстық іс құпия тергелді, сот та жабық өтті. Майлыбаев ұсталғанда ҰҚК былай деп хабарлады: «2017 жылы 12 қаңтарда ҰҚК Қылмыстық кодекстің 185-бабының 1,3 бөлігі бойынша (мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету) Президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкерлері Б.Майлыбаев пен Н.Галихин ұсталды».

Бейресми ақпаратқа сенсек, Б.Майлыбаев «Кремльдің пайдасына» қызмет еткен болуы мүмкін.

5 жылға сотталған Б.Майлыбаев 2020 жылы мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты.

2001-2006 жылдары ҰҚК-ні басқарған Нартай ДҮТБАЕВ 2006 жылы ақпанда мемлекет қайраткері Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫНА жасалған саяси қастандықтан соң отставкаға кетті. Ал 2017 жылы сот үкімімен «опасыз» деп танылып, жеті жарым жылға сотталды.

Н.Дүтбаев.

2018 жылы оған «қызмет бабын асыра пайдаланды, өзгенің мүлкін талан-таражға салды, қылмыстық жолмен пайда тапты» деген баптар қосымша жамалып, түрме жазасы 12 жылға ауырлады.

Бірақ қапаста көп отырған жоқ, 2020 жылы Дүтбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты.

Дүтбаевтың кімге жұмыс істегені және қандай шпион болғаны ашық айтылған жоқ. Кейбір дереккөз оның сотталуына «Мұхтар Әблязовпен әмпей-жәмпейлігі себеп болды» дейді.

К.Сыроежкин.

Біздің елде Константин СЫРОЕЖКИН деген қытайтанушы ғалым болған. 2019 жылы Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сыроежкинді «мемлекетке опасыздық жасағаны үшін» 10 жылға соттады.

Тергеу ісі мен сот әдеттегідей жабық өтті. Қоғам оның не үшін сотталғанын біле алмады. Сыроежкиннің қытайтанушы екенін екенін есепке алса керек, инсайдерлік ақпарат көздері оның «Қытайдың пайдасына шпиондық жасағанын» жазды.

Өткен жылдың қаңтарындағы қанды оқиғадан соң ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім МӘСІМОВ қамалды. Толымды әрі ашық ақпарат болмағандықтан, тағы да сол инсайдерлік деректерге сүйенуге мәжбүрміз.

К.Мәсімов.

«Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков» кітабында ресейлік журналист Леонид МЛЕЧИН бүй деп жазады: «Ол маған мынаны айтты: шешуші сәтте оған (Тоқаевқа – ред.): «Жағдай аса қауіпті, ең бастысы – сіздің аман алып қалу. Арнайы ұшақтың жанармайы толы, жеке күзет сізбен бірге... Ұшақта жүк бар – 25 млн доллар. Жақын арадағы шығындарыңыз үшін. Қайда ұшқыңыз келеді?».

Ал енді осы сөзді Тоқаевқа Мәсімовтен басқа кім айтуы мүмкін?

Әлгі кітапта тағы бір қызықты дерек бар. Млечин мынадай дерек келтіреді. «Мәсімовтің көпвекторлық қызметі Тоқаевқа ұнамағаны анық. Төңірегіндегі өсек-аяңдарды естігенде қатты таңқалғанын маған президенттің өзі айтты.

Куәгерлердің айтуынша, Тоқаев көптің көзінше Мәсімовке: «Сен шетелдегі жеке байланыстарыңмен емес, мемлекеттің қауіпсіздігімен айналыс», – деп ескерту жасаған».

Мәсімовтің ісіне қатысты жабық тергеу аяқталды, сот та жабық өтіп жатыр. Сондықтан оның нақты қандай қылмысы үшін айыпталып жатқанын тап басып айта алмаймыз.

Коллаж: NEGE

Мәсімовті ақтап алуға тырысып жатқан арнайы топ бар. Бұл туралы NEGE порталы бірнеше мәрте жазды. «Назарбаев Университетінің» басшылық қызметінде болған Дэвид МЕРКЕЛЬ Мәсімовті қорғау үшін арнайы сайт ашып, Батыста оны «саяси жүйенің құрбаны» етіп көрсетуге тырысуда. Меркель деген кім десеңіз, айтайық: Ол – АҚШ мемлекеттік департаментінің және Ақ үй ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы қызметкері. Сондай-ақ ол Назарбаев Университеті директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Тоқаев Мәсімовке «шетелдік байланыстары» туралы ескерткенде дәл осы Меркельді меңзеуі ғажап емес.

«Меркельді Мәсімовпен нақты не байланыстырады?» деген сұрақтың жауабы Мәсімовке қатысты қылмыстық істен табылуы мүмкін.

Сөз басында «Кітапхана» директорының орынбасары Т.Шаймергенов туралы айттық. NEGE порталының Шаймергеновке қатысты жолдаған ресми сауалына ІІМ мен Антикор «бізде ондай іс тіркелмеген» деп жауап берді. ҰҚК мен Бас прокуратурадан әлі жауап келген жоқ.

Т.Шаймергенов.

Қолда бар дерекке сенсек, Шаймергенов Қытайдың пайдасына шпиондық жасаған болуы мүмкін. Сонда дейміз-ау, Ескі Қазақстанның шпиондары Жаңа Қазақстанда не істеп жүр?..

Тегтер: