10 Наурыз 20:25

«Вашингтон Джеймс Бейкерді қамағандай...» Мәсімовтің сайтын кім жүргізіп отыр?

Фото:
Бүгін ҰҚК К.Мәсімовтің жиған-терген мүлкінің бір парасын көрсетті. Мұнымен «Мәсімов опасыз ғана емес, жемқор еді» дегенді аңғартқысы келсе керек.

 Яғни, Мәсімовті тергеу изоляторында ұстау мерзімі ұзартылады және қосымша айыптар тағылуы мүмкін.

8 наурыз күні К.Мәсімовті қамау мерзімі аяқталды. Бұл мерзім ұзартылды ма, жоқ па, мұны ҰҚК ашып айтпады. Өйткені Мәсімовтің қылмыстық ісі аса құпия түрде жүргізіліп жатыр.

Мәсімовтің жақтаушылары «КМ» (karimmasimov.com) деген сайт ашқаны белгілі болды. Сайттың безендірілуі өте жақсы, мазмұнды әрі қысқа-нұсқа. Кәсіби қолдан шыққаны көрініп тұр. Материалдары төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде жарияланған.

Сайттың жазуынша, «К.Мәсімов – Қазақстанды жаңғыртушы басты архитекторлардың бірі» және оны билік заңсыз қамап ұстап отыр.

Сайтта бірнеше шетелдік сарапшының Кәрім Мәсімов туралы жүрекжарды пікірі жарияланыпты. Осылардың ішінен Дэвид А.Меркельдің аты-жөні мен пікірі көзімізге оттай басылды.

Меркель деген кім? Ол – АҚШ Мемлекеттік департаментінің және Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы лауазымды қызметкері, Қазақстандағы «Назарбаев Университеттің» Қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ал енді шетелдік барлаушының «Назарбаев Университетке» және қамауда жатқан К.Мәсімовке қандай қатысы бар? 

Д.Меркель. Фото: caliber.az

9 ақпанда порталымызда «Назарбаев университетте террористер мен шпиондар бар ма? Шигео Катсу сұрақтарымызға жауап берді» деген материал жарияланды.

Дәл сол күні университет президенті Шигео Катсуды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Бұл туралы Ақорданың сайтында ресми хабарланды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де бұл туралы жазды.

Алайда сол күні бесінге таман Қ.Тоқаевтың Шигео Катсуды қабылдағаны туралы ресми ақпараттардың бәрі өшірілді. Ақорданың сайтынан да, баспасөз хатшының парақшасынан да.

9 ақпан Шигео Катсудың туған күні екен. Мемлекет басшысының қабылдауын да сол күнге орайластырса керек. Бірақ Шигео Катсудың мерекелік көңіл-күйін бұзуға тура келді, оған «Назарбаев Университеттегі» кейбір келеңсіз жайттар мен күдікті адамдар себеп болды.

Қош, сонымен «Назарбаев Университет» Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Дэвид Меркель «КМ» сайтында былай деп жазады: «Қазақстанның адал әрі білікті стратегі Кәрім Мәсімовті қамауға отырғызуы Вашингтонның Джеймс Бейкерді тұтқындауымен, Ресейдің Евгений Примаковты түрмеде ұстауымен немесе Қытайдың Чоу Энь-лайды еліне қызмет ету шыңында шынжырға байлауымен бірдей.

Президент Тоқаев Қазақстанның болашағына қатысты Бейжің мен Мәскеу арасындағы шиеленісті әсерлетіп, Путинге тәуелді болу үшін көп векторлы сыртқы саясатты құрбан етті».

«Бұрынғы» барлаушының қалай-қалай құбылтатынын байқаған боларсыз? Тілшіміздің «ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімовпен байланысыңыз бар ма?» деген сұрағына Шигео Катсудың кібіртіктей жауап беруінің себебі айқындала бастағандай.

Президент Қ.Тоқаевтың Шигео Катсуды қабылдағаны туралы ақпараттың ресми көздерден едел-жедел өшірілуі Мәсімов – Меркель – Катсу арасындағы байланысқа қатысты болуы әбден мүмкін.

Кейбір нәрселерді індете түсу үшін ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың және «Назарбаев Университет» президенті Шигео Катсудың атына ресми сауал жолдадық. Күдікті қоюландырмау үшін жауапты кешіктірмейді деп сенеміз.

Айтпақшы, Мәсімов сайтының авторлық құқығы кімге тиесілі деп ойлайсыз? Анықтап қарасаңыз, сайттың әр бетінің соңында арнайы «copyrigh» белгісімен Дэвид А.Меркельдің аты-жөні және karimmasimov.com сайтының атауы тұр...  

Тегтер: