Енді минус 89 миллиард. Министр Сапаров НЕГЕ қарызға батып барады?
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы 2024 жылы 23,4 миллиард теңге таза шығынға батып, өзінің жинақталған шығын көлемін 89 миллиард теңгеге жеткізді. 2020 жылдан бері «Продкорпорация» жабылып қалған «Қазагро» холдингінен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолына ауысқан еді.
Министрлікке өте салсымен «Продкорпорация» бірден шығынға ұшырай бастады және жыл сайын ол шығыны өсіп барады. Мысалы, 2023 жылы 19 миллиард теңге, 2022 жылы 15 миллиард теңге шығын келтірген болатын. Былтырғы 23,4 миллиардтық шығынды есепке алғанда, үш жылда «Продкорпорация» 57,4 миллиард теңге минусқа кіріп үлгерді.
«Продкорпорацияның» бір жылдық ақша қозғалысын сараптап көрсек, қызмет көрсетуден алған түсімі 49 миллиард теңге екенін байқаймыз. Бірақ фермерлерге алған астығы үшін 66 миллиард теңге төлеген, сол астықты сақтау үшін 5 миллиард теңге жұмсаған, 12,5 миллиард теңгеге түрлі керек-жарақ, қызмет алған, 24 миллиард теңгеге қарызы мен пайызын өтеген, жалақыға 2 миллиард теңге шығындаған. Осылайша, операциялық қызметтің өзінен 52 миллиард теңге шығын келген.
«Продкорпорацияның» барлық шығынын Үкімет өз резервінен жауып беретіні түсінікті. Себебі бұл ұлттық компания еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөл ойнайды және оның фермерлерден астықты сатып алуы ауыл шаруашылығының тұралап қалмай, алға жүруіне көмектеседі.
Басты акционер ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамының ішкі бизнес тиімділігіне мүлде бас ауыртпайтын сияқты. Компанияның өзі де шығынға еті үйреніп, «Үкімет өлтірмейді» деген соқыр сенімге әбден жатып алғаны көрініп тұр.
- Тақырыпқа орай: СҚО әкімі САПАРОВ пен шошқалар драмасы: РЕЖИССЕР кім?
«Продкорпорация» биыл да табыс көрсете алмайды. Тіпті нөлге шығудың өзі арман болуы мүмкін. Бірақ бұл қауіпті үрдіс. Бюджет дефициті жағдайында депутаттар мен Жоғарғы аудиторлық палата енді «Продкорпорацияның» толастамай тұрған шығындарына шұқшия бастауы мүмкін.
Депутаттардың МӘМС жүйесін сотқа бергені секілді, үздіксіз субсидиялық «сорғыш» та бір күні қарындаш ұшына ілінетіні сөзсіз...