29 декабря 2025 г. 14:35

Экс-күйеу бала Мәсімов әулетінің шетел азаматтығын қалай алғаны туралы ашық айтты

Фото: коллаж

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласы Азамат Қапенов Ulysmedia.kz порталына ашық сұхбат берді.

Алматы, NEGE. Азамат Қапенов – Кәрім Мәсімовтің үлкен қызы Тамилла Кәрімнің бұрынғы күйеуі. Сұхбат барысында ол «Мәсімовтің арқасында көтерілді» деген сөздердің өзін қынжылтатынын айтты. Оның айтуынша, Тамилламен танысқанға дейін-ақ өзінің бизнесі мен қомақты капиталы болған. Сонымен қатар ата-анасы Машкевичпен бұрыннан араласқан.

«1997 жылы Бішкектен Астанаға көшіп келдім. Әкемнің достары көп көмектесті, ата-анам Машкевичпен Қырғызстанда тұрған кезден бері жақын араласқан. Астанада бір жылдың ішінде 300 мың доллар таптым. Ол кезде жасым 18-19-да еді. Сондықтан мені Мәсімовтің арқасында көтерілді деу дұрыс емес. Сол жылдары Ыстықкөлде 600 орындық аяқталмаған пионер лагерін жекешелендірдім, Солтүстік Қазақстан облысынан 13 мың гектар жерді жалға алдым. 2003 жылы, Тамилламен танысқанға дейін, мені темір жол саласына шақырды. «Қазақстан темір жолының» еншілес ұйымы «Лесозащита» ЖШС-де бас директордың орынбасары болдым», – дейді ол.

Қапенов 2009 жылы сол кездегі туризм және спорт министрі болған Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы қатысқан жанжалдан кейін үш жыл қамауда болғанын, кейін адвокаттарының көмегімен істі жеңіп, бостандыққа шыққанын айтты. 

Тамилла Кәріммен Астанадағы «Алаша» мейрамханасында танысқанын да еске алды.

«2012 жылдың қарашасында қарым-қатынасымыз басталды. Жаңа жыл қарсаңында үйленуге ұсыныс жасадым, ол келісті. Қаңтарда АХАЖ-ға өтініш бердік. Бір айдан кейін, 11 ақпанда некемізді қидық», – дейді Қапенов.

Алайда бұл некені Мәсімовтер отбасы бірден қабылдай қоймаған. Қапеновтің айтуынша, Кәрім Мәсімов оны жұмыстан шығару үшін өзінің досы Асқар Маминге хабарласқан. 2013 жылы Мамин «Қазақстан темір жолын» басқарған. 

«Маған «қызды таста, әйтпесе жұмыстан кетесің» деді. Мен жұмыстан шығу туралы өтініш жазып, Тамилла екеуміз Мәскеуге көштік. Бірақ оған дейін мені Астанада түрмеге отырғызуға тырысты», – дейді ол.

Қапенов Мәсімовпен қарым-қатынасы ешқашан жақсы болмағанын айтады. Себебі өзі бұрын сотталған, ажырасқан және Тамилладан 16 жас үлкен болған. 

Фото: Ulysmedia.kz

Артынан Азамат Қапенов пен Тамилла Кәрім Ресей азаматтығын алған. Қапенов мұны жұмысымен байланыстырды.

«Ресей темір жолдарында» жұмыс істеген кезде құпия ақпаратқа қолжетімділік болады, сондықтан Ресей азаматтығы қажет. Мен азаматтық ауыстырған соң, Тамилла да паспортын өзгертуді шешті. Мәскеуде мені РЖД-ның еншілес кәсіпорны – Федералдық жүк компаниясының бас директоры етіп тағайындамақ болды. Бірақ кейін Мәскеуге Мамин келіп, Белозеровпен (РЖД басшысы – авт.) таңғы ас ішіп, оны мені бас директор етіп тағайындамауға көндірген. Бұл, сөзсіз, Мәсімовтің келісімімен жасалды деп ойлаймын. Мен Мамин мен Мәсімовті әрдайым біртұтас тұлғалар ретінде қабылдадым. Дәл сол кезде Мәскеуге бізге қонаққа енем мен Тамилланың әжесі келген еді. Мен олардан Мәсімовке «Көмектеспесе, ең болмаса, кедергі келтірмесін» деген сөзді жеткізуді сұрадым», – деді ол.

Қапенов Мәсімовтің қызымен не себепті ажырасқанын да айтып берді.

«Әдетте ата-ана қарсы болса, солай болады. Енем қатты қарсы болды. Әртүрлі интригалар болды. Біз жиі ұрыса бастадық. 2019 жылы Тамиллаға: «Маған премьердің қызы емес, әйел керек» дедім. Ол кетіп қалды, бір айдан кейін ресми түрде ажырастық», – деді ол.

Ажырасқаннан кейін бұрынғы ерлі-зайыптылар Мәскеудегі мүлік пен балалардың қамқорлығы үшін бірнеше жылдан бері соттасып келеді. БАҚ беттерінде элиталық Серебряный Бор ауданындағы зәулім үй мен қала орталығындағы пәтер туралы жазылған болатын. Азамат Қапенов сұхбат барысында Серебряный Борда үйі бар екенін жоққа шығарды. Айтуынша, ол бұрынғы «Серебряный Бор» жазғы кинотеатры орналасқан бос жер телімін сатып алған. Онда кірпіштен қаланған қабырға, бір будка мен ағаш орындықтар ғана болған. Ал БАҚ-та көрсетілген үй онікі емес екен.

«Бірде жазда Тамилла менің келісімімсіз балаларды елден алып кетті. Қалай болғанын айтайын. Ол: «Қазақстанға барып қайтайық, ата-әжесі немерелерін көргісі келеді» деді. Мен келістім. Біз бірге Астанаға ұшып келдік. Әуежайдан ол ата-анасына кетті, ал мен Балқашқа балық аулауға кеттім. Бір аптадан кейін қайтуымыз керек еді, бірақ Тамилланың телефоны өшірулі тұрды. Сөйтсем, ол Абу-Дабиге ұшып кеткен екен. Мен бұл туралы кездейсоқ білдім. Абу-Дабидегі АҚШ елшілігінен қоңырау шалып, «Сіз визаға өтініш бердіңіз бе? Бізге балаларыңыздың паспорттары келді» деді. Мен бірден Абу-Дабиге ұшып барып, балаларды әрі қарай алып кетпеу үшін travel-ban қойдырдым. Сол сәттен кейін сот процестері басталды», – дейді ол.

Сот барысында ол Тамилланың БАӘ азаматтығы барын білгенін айтты.

«Әмірліктерде іс шетелдіктерге арналған сотта қаралды. Өйткені біз Ресей азаматымыз, мен балалар бойынша мәселені шешу үшін сол сотқа жүгіндім. Ал кассацияда Тамилла өзін мұсылманмын, араб паспортым бар деп, істі шариғат заңымен қарауды сұрады», деді Қапенов.

Оның айтуынша, Мәсімовтің Әмірліктер басшылығымен тығыз байланысы болған және әулет мүшелерінің көбі араб азаматтығын алған.

«Мәсімовтің Әмірліктер президентімен қарым-қатынасы жақсы болған. Мәсімовтер әулетінің дерлік барлығының араб паспорттары бар. Тек Мәсімовтің өзінде ғана болмады, себебі ол мемлекеттік қызметкер еді. Мен Сараның (Мәсімовтің кіші қызы. – авт.) АҚШ азаматы екенін білемін. Мәсімовтің немересі, Искандердің қызы дүниеге келгенде, Әмірліктердің президенті оған марқұм анасының есімін беріп, азаматтық сыйлаған. Мәсімов халықаралық деңгейде өте ықпалды адам болған», – деді Қапенов сұхбат барысында.

Қазіргі таңда Азамат Қапенов Ресей мен Қырғызстан азаматтығына ие. Ол өзіне қатысты алаяқтық айыптаулармен келіспейтінін, тергеуден жасырынбай жүргенін айтты.

«Тергеуші менің қайда екенімді біледі. Соған қарамастан, маған халықаралық іздеу жарияланды. Маған «Мәсімовтің күйеу баласы» деген таңба басылған. Ол биліктен кеткен соң, мен де қылмыстық қудалау шеңберіне іліктім. Тергеушілерді туыстарым мен ата-анамның активтері қызықтырады. Олардың Қазақстанда ірі бизнесі бар», – деді Қапенов.

Капенов қылмыстық істің егжей-тегжейін ашудан бас тартты, себебі тергеу әлі жалғасып жатыр.