Динара Гужавина: Халық «Іле-Алатау» ұлттық паркіндегі жағымды өзгерістерді бірден бағалады
Экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретін алғашқы визит-орталық басқа жерде емес, ірі мегаполис - Алматының іргесіндегі «Іле-Алатау» ұлттық паркінде ашылғалы бері, Алма-Арасан шатқалына келген демалушылардың сервистің жаңа деңгейін жақсы қабылдағаны байқалады.
Визит-орталық заманауи әжетхана, демалу, қоректену сынды басты тұрмыстық қажеттіліктерді өтеп қана қоймай, ең алдымен экологиялық туризм мәдениетін қалыптастырады. Ол - демалушылар үшін қауыпсіз соқпақтар жасақтау, барлық ақпараты бар электронды карталар, ұлттық парктегі нысандар мен орындар туралы мәліметтер, табиғатты сақтауға қатысты лекциялар.
Тақырыпқа орай: Табиғатты тыңда
Осындай кешенді жұмыстардың арқасында Алматы мен қала қонақтарының «Іле-Алатау» ұлттық паркіне деген көзқарасы өзгере бастады. «Отандық туризм саласының трансформациясына қатысу жеке өзім үшін үлкен абырой», - дейді, визит-орталық тұрғызып, «Іле-Алатау» ұлттық паркінде экотуризмді дамытып жатқан «Туранга Групп» компаниясының креативті директоры Динара Гужавина. Nege.kz тілшісі Динарамен кездесіп, сұхбатқа тартқан болатын.
- Динара, сіздің «Туранга» жобасына қатысуыңызға не түрткі болды?
- Сұрағыңызға рахмет! Мен өзім графикалық дизайнер болғандықтан, жобаға алдымен саябақтың визуалды ақпараттық жүйесін жасау үшін келдім. Жоба білім беру және ақпараттандыруға бағытталған болғандықтан брендингті дамыту біз үшін өте маңызды еді. Барлық ақпараттық тақталар, брошюралар мен навигация, әлеуметтік желідегі визуалды әрлену адамның мәліметті қабылдауында маңызды рөл атқарады.
Мен үшін саябақтың логотипін жасау ғана емес, бәріне барлығы түсінікті болатын ортақ жүйе құру өте қызықты болды. Кейін оны барлық саябақтар қолдана алатындай қылғым келді. Жобада жүрген уақытымда «Іле-Алатау» ұлттық паркінің алдында тұрған жаһандық миссияны түсіндім және мен үшін әр түрлі бағыттағы шешімдер іздеу өте қызықты болды. Бастысы - «Біз не үшін осында жұмыс істеп жатырмыз?» деген сұрақтың жауабын табу еді.
- Cіздер іске асырып жатқан жоба басталғалы бері «Іле-Алатау» ұлттық паркі қалай өзгерді?
- Біріншіден, қазір паркті көптеген адамдар тани бастады. Бұған дейін көпшілік тек Навои көшесіндегі экологиялық бекетті білетін. Ал қазір көбінде «Іле-Алатау» ұлттық паркінің не екені, оған қандай көрікті жерлер кіретіні жөнінде хабарлары бар.
Әрине, «Аюсай» шатқалының өзі түбегейлі өзгерді. Осыдан тура бір жыл бұрын бұл жерде сынған сәкілер, жүздеген от жағылған орындар мен қоқыстар жататын. Ал бұл күндері айнала тап-таза, бәрі ретке келтірілген және визит-орталық жұмыс істейді. Оның аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.
- Біз демалу мен туризмнің қандай мәдениетіне ұмтылуымыз керек?
- Менің ойымша, адам демалыс орнында еш қиындықсыз жаңа және қызықты ақпарат ала алса - бұл танымдық демалыс деп есептеледі. Демек ол әрі қарай ізденуге шабыттандырады, жан-дүниеңізге қуат береді.
Кей жәй ғана отыра кетіп, ештеңеге алаңдамай миыңызды тынықтырып алуға болады. Мен осындай сәттерді жақсы көремін. Біздегі туризм мәдениеті де ішіп-жеу ғана емес, жаңа ақпарат алып, жаңа сезімге бөленуге, табиғатпен бір толқында болатындай мүмкіндікке құрылуы тиіс.
- Бұл жобаны сіз бір жылдан кейін қалай көріп отырсыз? Трансформация қандай нәтижелерге алып келеді?
- Бір жылдан кейн жобамыз «Іле-Алатау» ұлттық паркінің барлық көрнекті орындарын қамтып, оларды бір желіге байланыстырып, адамдарға түрлі қызық іс-шараларға қатысу таңдауын беретін болады.
- Қазір біздің байқауымызша, сіздер басты назарды «Іле-Алатау» ұлттық паркіне аударып отырсыздар. Экотуризм мәдениетін басқа да ұлттық парктерде дамыту жоспарларыңызда бар ма?
- Әлбетте. Мұндай іс-шараларды басқа ұлттық парктер де қолдаса, қандай жақсы болар еді. Тіпті осы жазда мен Көлсайда шұғыл түрде тұрақты экологиялық туризмді дамыту қажеттілігін өз көзіммен көрдім. Карантин уақытында Көлсайға мыңдаған адам барды. Сол кезде олардың демалатын екі-ақ орны болды, ол - автотұрақ және пирс. Ал адамдардың бұлай бір жерге шоғырлануы табиғатқа зиян тигізеді, адамдардың да еңсесін түсіріп, ашу-ызасын тудырады. Егер сол кезде түрлі соқпақтар дайын болғанда, адамдар бір жерге топырламай, тауды аралап, керемет жағымды әсер алар еді.
- Қазақстандағы идеалды туризм қандай болуы тиіс? Жалпы осы саланың даму жолы қандай?
- Экотуризм өмір салтына айналғанын қалаймын. Табиғатты аялау, белсенді серуендеу біздің күнделікті дағдымыз болуы керек. Оған халықтың жасы да, кәрісі де қызығушылық танытуы тиіс. Еліміздегі еріктілер тобы, волонтерлік қозғалыс болашақта осы бағытта бәрімізді біріктіре алады деп сенемін!
- Сұхбатыңызға үлкен рахмет!