14 Мамыр 10:36
...

Елордада запастағы әскери міндеттілермен кезекті жоспарлы әскери жиын басталды

Жауынгер
Фото: ғаламтордан

14 мамырда Астана қаласының қорғаныс істері департаментінен шақырылған 100 запастағы офицерлер мен сержанттар 99255 әскери бөліміне әскери міндеттілердің кезекті жоспарлы оқу-жаттығу әскери жиындарына аттандырылды.

Астана, NEGE. Оқу-жаттығу әскери жиыны «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 33-бабының 2-тармақшасына, сонымен бірге Астана қаласының аумақтық қорғанысын дайындау, әскери міндеттілердің білімі мен дағдыларын игеру және жетілдіру мақсатында Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі №514-1255 қаулысына сәйкес өткізіледі.

Оқу-жаттығу әскери жиыны 2025 жылғы мамырдың 14 мен 23 аралығында запастағы офицерлер мен сержанттар «Жұмылдыру және күзет ротасын жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне шығару. Жауынгерлік үйлестіруді ұйымдастыру және жүргізу. Әскери және мемлекеттік маңызы бар объектілерді күзету және қорғауды ұйымдастыру» тақырыбында оқу-жаттығу сабақтары өткізіледі.

Астана қаласының қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов:

«Меншік нысанына қарамастан Астана қаласы ұйымдарының, кәсіпорындарының мекемелерінің басшылары жиынға шақырылған әскери міндеттілердің келуін қамтамассыз етті. Оқу-жаттығу әскери жиындарын өту кезінде шақырылған запастағы офицерлер үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталды. Әскери оқу-жаттығу жиындарының даярлық бағдарламасын үздік өткен әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтары беріледі» – деді.

Жиынға шақырылғандарды салтанатты шығарып шығарып салу кезінде Аумақтық бригада командирі полковник Омар Орынбаев, Қарулы Күштер ардагері отставкадағы полковник Ғани Артықов әскери міндеттілерді жоспарлы жиынға қатысуларымен құттықтады.

Жиынға қатысатын әскери міндеттілердің арасынан танымал әнші, ақын, запастағы аға лейтенант Ескендір Ибрагим өзінің төл туындысы «Көк тудың желбірегені» әнін орындады. Ал белгілі блогер, Гиннестің рекордтар кітабына енген спортшы Тимур Спатаев салмағы 25 килограм қазақтың алдаспан қылышын үйіріп ойнатып, аттың тағасын қолмен майыстыру өнерін көрсетті. Әскери міндеттілер арасында күштік жарыс ұйымдастырып, сақа батырларды сыннан өткізді.

Запастағы майор Тимур Спатаев: «Осынау ұланғайыр жерімізді қорғаған батыр бабаларымыз тек білектің емес – білімнің күшімен де Отанымыздың болашағын аман сақтап қалған! Сондықтан әр ер азамат елін қорғауға әрдайым әзір болып, уақытылы қайта даярлықтан өтіп отыруы тиіс!» - деп түйіндеді.