30 мая 2023 г. 16:25

Ділмұрат Бахаров: Ұйғыр театрына ілеспе аударманы енгіздік

Фото:

Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры келесі жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық үстінде. Талай өнер тарландарын қанаттандырып келген тарихы тереңде жатқан мәдени ошақтың тыныс-тіршілігі жайында NEGE тілшісі атқарушы директоры, белгілі композитор, музыка өңдеуші, ҚР еңбегі сіңірген қайраткері, «Дервиши» тобының солисті Ділмұрат Бахаровтан сұрады.

 

   – Ділмұрат Нұрахметұлы, 90 жылдық тарихы бар Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрына келгеніңізге көп болмапты. Театрдың бүгінгі беталысы жайында айтып өтсеңіз.

   – Бұл өзіндік тарихы, мәдениеті мен дәстүрі бар театр. Мәдени ошақтың табысты қызмет жылдарында талай дарынды актерлер, музыканттар, бишілер және суретшілердің тұтас ұрпағы дүниеге келді. Мұнда басшылық қызметке былтыр наурыз айында келдім. Аз уақыттың ішінде бірқатар шараның ортасынан табылдық. Мысалы, 2022 жылы екі ауқымды фестивальге қатыстық. Мұндай іс-шараларға қатысу өнеріңізді, қолөнеріңізді және көп жылдық тәжірибеңізді көрсетуге ғана емес, сонымен қатар бірлігі бекем, шығармашылық ұжымды көрсетуге тамаша мүмкіндік береді.

Айта кету керек, еліміздеші әртүрлі этнос өкілдері, ол саясат болсын, бизнес болсын, мәдениет болсын, өзіміздің дамуымыз үшін және ұлттық мәдени ерекшелігімізді сақтау үшін қолайлы жағдай жасалған елде өмір сүріп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – үлкен мүмкіндіктер елі. Біз осының арқасында мәдениетімізді де, салт-дәстүрімізді де дамытып келеміз.

Өзім мемлекеттік салаға шоу-бизнестен келдім. Әрине, бұл жұмыстың өзіндік ерекшелігі мен айырмашылығы бар. Біріншіден, үлкен команда, мұнда сіз әкімшілік басшы болып жұмыс істеуіңіз керек. Бір жағынан қиын, бірақ сонымен бірге қызықты жұмыс. Екiншiден, бiздiң театрда жұмыс iстеу абыройлы да мәртебелi болатындай дәрежеге жеткiмiз келедi. Менің арманым – ұйғыр театрында қызмет ететін музыканттар мен әртістердің, болашақта осында өнер жолын қуатындардың деңгейі жоғары болуын қамтамасыз ету. Жоғарыда атап өткенімдей, Қазақстанда алға қойған жоспарды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар. Ендігі кезекте тек аянбай тер төгіп, алға қойған мақсатқа жету керек.

   – Шығармашылық мәдени ортада жұмыс істейтін адамдарды айтпағанда, кей оқырман Құдыс Қожамияровтың кім болғанын біле бермейді. Ұйғыр театрына есімі берілген тұлғаның шығармашылығы мен мұрасы туралы қысқаша айтып берсеңіз?

– Құдыс Қожамияров есімі тек театр тарихында, ұйғыр халқының жүрегінде ғана емес, еліміздің мәдениетінде де ерекше орын алады. Ол –  қазақ, ұйғыр композиторы, педагог, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, ұйғыр кәсіби музыкасының негізін салушы. Құдыс Қожамияров – лауазымды қызметте ғана емес, көп мәселені шеше білетін ерекше тұлға, шешен болған. Ол туралы алғаш музыка мектебінде оқып жүргенде білдім. Аты аңызға айналған тұлғаның есімі жұрттың аузында жүрді. Кезінде Чайковский атындағы колледжде ұйғыр халық аспаптары бөлімін ашқан. «Ризвангүл» симфониялық поэмасы үшін 25 жасында Мәскеуде Мемлекеттік сыйлық алған алғашқы кәсіби ұйғыр композиторы  ретінде танылды. Осы сыйлықты алған кезде өмірге қызы келіп, атын Ризвангүл қойыпты.

1957-1967 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, кейін Қазақ КСР Композиторлар одағын басқарды. Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде театрға Қ.Қожамияров есімі берілді. Бұл бастама қазақ зиялылары тарапынан да, ҚР Мәдениет министрлігінен де оң қолдауға ие болды.

 – Ұйғыр театрының басқа этнос театрларымен салыстырғанда ерекшелігі неде?

 – Бізде академиялық, драмалық, музыкалық және эстрада мәртебесі бар төрт шеберхана жұмыс істейді. Яғни, драмалық труппа спектакль қояды, «Рухсара» би ансамблі, «Нава» фольклорлық ансамблі және эстрада бөлімі. Шын мәнінде, мұны бүкіл театр ұжымы қатысатын спектакльдерді айтпағанның өзінде өз бетінше немесе басқа шығармашылық ұжымдармен бірге сәтті концерт бере алатын төрт толыққанды шеберхана деуге болады.

2005 жылы этникалық музыкалық мәдениетіміздің жауһар туындысы «Он екі мұқам» ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра қорына енгізілді. Тіпті, ұйғыр халқының музыка өнерінің негізгі іргетасы муқамдарда қаланған дер едім. Біздің бірегейлігіміз осында жатыр.

 – Ал театрдың мерейтойына дайындықтарыңыз қалай жүріп жатыр?

– Қазір ұйымдастыруға байланысты белгілі бір жоспар, идеяларымызды нақтыладық.  Театрымыздың тарихы өте терең болған соң әр бөлімнің өзіндік шығармашылық рухы бар. Біз оның тарихын ғана айтып қоймай, театрымыздың дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан қайраткерлер, саналы ғұмырын музыка мен театр өнеріне арнаған тұлғалар туралы қысқаметражды фильм түсіргіміз келеді. Өйткені, мәдениет – әрбір халықтың іргелі құндылығы, ол арқылы біз елді, тарихты танып-білеміз, ата-бабалардың есімін еске аламыз, соның арқасында өмір сүреміз.

  – Сіздің келуіңізбен театр репертуарына заманауи, шетел классикасы бойынша қойылымдар енгенін көрермендерден естідік. Демек, «Жас келсе – іске» демекші, театрға жаңашылдық әкеліп жатырсыз ба?  

  – Театр маусымын біз бұрын сахнада қолданбаған ерекше нәрсемен бастау маңызды болды. Театр сыншысы Анар Еркебай талантты режиссер Гаухар Адайды ұсынды. Біз жолығып, танысып, тың дүние жасауға байланысты ұсынысымды айттым. Бәріміздің ойымыз бір жерден шықты десем болады. Көп ұзамай атақты чех жазушысы Карел Чапектің «Ақ ауру» атты жаңа пьесасын қоюды ұйғардық. Сол қойылыммен театр маусымын ашып, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы аясында өткен Орталық Азия және түркі халықтарының халықаралық фестиваліне қатысып, үшінші орынды иелендік.

Режиссер Гауһар Адаймен бірге сахналаған қойылымның ерекшелігі демонстрациялық сипатта болды. Бұл мүлде ұйғыр тақырыбы емес, бірақ соны  ұйғыр театры қойғаны туралы бәрі айта бастады. Тіпті, Санкт-Петербордегі сыншы театрымызға бүкіл бір жазба арнағанына қуанып қалдық. Бізде «Театр ұйғыр болса, онда тек ұлттық қойылымдар көрсетілуі керек» деген түсінік бар. Бірақ бұл дұрыс емес.

Біз театр маусымы ашылғалы бері жүзге жуық спектакль қойып үлгердік. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Қазір біз театрымыздың әрбір шеберханасы өз бағдарламасы мен жоспарын ай сайынғы межелі уақытта орындауы үшін жұмыс істейміз. 

Бұған дейін «Исабеков әлемі» фестиваліне қатысып, «Мұрагерлер» пьесасын қазақ тілінде қойып, үшінші орынды иелендік. Авторы – Қазақстан Еңбек Ері, жазушы, драматург Дулат Исабеков, қойылымның қоюшы режиссері – Әзиз Ескендіров. 

Сондай-ақ, театрда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариевтің ұйғыр тіліне аударылған «Дунияни ашиқ көздә қаратсам…» атты жыр жинағының тұсауын кестік. Кітапты ұйғыр тіліне ақын Иминжан Тохтияров аударды.

  – Ұйғыр театрындағы тағы бір жаңалық – спектакльдердің ұйғыр тілінен қазақ және орыс тілдеріне ілеспе аудармасы. Бұл көрермен қатарын көбейтті ме?

  – Жоғарыда атап өткенімдей, біздің театрдың басты міндетінің бірі – мәдени, ұлттық және басқа да анықтамаларға қарамастан, барлық адамдар келуі тиіс. Өнерде шекара да, ұлт та болмайды. Біз әртүрлі болсақ та, бірлігі жарасқан елде өмір сүріп жатырмыз. Театрдың репертуарын түгел қазақ және орыс тіліне аудардық. Ұйғыр театрының қандай екенін білуге ​​еліміздің азаматтарының көпшілігі, тіпті шетелдіктер де қызығушылық танытады. Көптеген адамдар ілеспе аударма туралы айтып, комментке жазып жатыр. Бұл шынымен де орасан зор рөл атқарып, театр аудиториясын кеңейтеді екен. Демек, ілеспе аударманың жүзеге асуы оң нәтиже берді. Театр маусымының ашылуында көрермендердің жартысына жуығы құлаққап киіп көрген.

   – Театрдың келешектегі жоспары туралы аз-кем айтып өтсеңіз.  

  – Ойға алған жоспар көп. Ең алдымен біз музыкалық зертхананың қайта ашылуына қол жеткіздік. Бұрын мұнда музыкалық аспаптар жөнделетін. Кейін бір себептерге байланысты жабылып қалған. Бақытымызға орай оны қалпына келтірдік. Бір жиында өнерді кеңінен насихаттап, жастарды қызықтыруымыз керек деген мәселені көтердім. Өйткені, бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен өнер. Екінші – актерлік шеберлік. Актерлерге сахналық сөйлеуді қалыптастыруға үйрету үшін орта құру идеясы келді. Үшінші – мұражай ашу.     Мұның тұжырымдамасы мен жоспары дайын. Оны жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын азаматтар да бар. Біз Ұйғыр театрының есігі көрермендер үшін ғана емес, шығармашылық адамдар үшін де үнемі ашық болғанын қалаймыз. Төртінші – театр фойесінде суретшілер галереясын құру. Мұның бәрі театрдың 90 жылдығына дейін жүзеге асырылуы тиіс жоспар жиынтығы. 

  – Қазақстан халқы асссамблеясының қоғамдағы рөліне берер бағаңыз қандай?

 – Ассамблея – елімізде ұлттық саясатты жүргізуге және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететін институт. Қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту үшін қолайлы жағдай мен мүмкіндік жасау, ел бірлігін нығайту бойынша қыруар шаруа атқарып жатыр. Қазір елімізде кез келген этнос тату-тәтті өмір сүріп, тілі, мәдениеті, сал-дәстүрін дамытып отыр.  Әр азамат өз елінің патриоты болуы тиіс. Бізде ұйғыр мектептері жұмыс істейді. Ұйғыр тілінде газет шығады. Одан бөлек тәуелсіз басылымдар жарық көреді. Ұйғыр театры да есігін айқара ашып тұр. Этномәдени бірлестіктер мен ұйымдар да бар. Сондықтан басқа этнос өкілдеріне де, соның ішінде бізге де зор мүмкіндік жасалған. Өз басым Ассамблея шараларына композитор ретінде де қатыстым. Қайбір жылы ақын Шөмішбай Сариевтің сөзіне арнап жазған «Қазақтаным» әні Ассамблеяның әнұранына да айналды. Одан бөлек эстрададағы қазақ әншілеріне арнап ән де жаздым.

 – Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: