23 сентября 2024 г. 10:00

«Дәстүрді дәріптеу дарақылықта емес» – белгілі беташаршы тойды азайту керегін айтты

Фото: А.Қылышбектің жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желіден түрлі беташарды көріп таңғалып жатамыз. Мәселен, жуырда шілтердің астындағы келіннің келіп түскен жеріне қол бұлғай сәлем бергенін көріп, бұл қайдан келген салт дестік. Осы орайда ата дәстүрден аттамай, келін атаулының бетін келісті ашып жүрген белгілі ақын әрі беташар айтушы Асхат Қылышбектен жөн сұраған едік.

– Қазақ – салт-дәстүрге бай халық. Соның бірі – келін келгенде айтылатын бета­­­шар. Атадан келе жатқан осы дәстүрдің сипаты өзгеріп бара жатқаны сіздің де көңіліңізге кірбің түсіретін болар? 

Ол келіннің сəлемі, жат жұрттың алдындағы əдебі. Осыны келген күннен құлағына өсиет өлең тілінде құйып әрі сол әулетті таныстыру мақсатында орындалатын қазақтың керемет дәстүрі осы – беташар. Бүгінде бұл дәстүрдің басқа бағытқа ойысып кеткенін көзіміз көріп жүр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген, осылай кете берсе беташарды мазақ қылмай тоқтатқан дұрыс па деймін. Себебі қазір айтылып жүрген беташар жыры халықтан қайыр тілеудің мәдени түріне айналды. Қаптап кеткен шоумендер мен КВН-шілер ата-бабамыздан қалған мұраны ақша табу жолында шоуға айналдырып жіберді. Әсілінде, беташарды көрген білгені бар, келін түсірген әулеттің шыққан тегі мен игі жақсыларын білетін адам айтуға тиіс.

Ал бүгінгі таңда беташар эстраданың сүйемелдеуінде орындалатын болды, кейінгілер тіпті ансамбльмен де шырқап жүр. Тойдың иесі де таңсық көрініс болғандықтан, мұны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Ал шынтуайтында, беташар мазаққа айналдыратын дүние емес, ой түйетін, үлгі-өнегеге толы салт болуға тиіс. Менің осы сұхбатымды оқыса, елге «бұйрабас Қабдол» атымен танымал шоумен ойланар деп үміттенемін. Қалыңдыққа қаратып жөн сөз айтудың орынына «Жиенің қайда? Жиеніңе басыңды игенің қайда?» деп шырқайды. Осы енді дұрыс па, айтыңызшы?!

ғаламтордан

Сол сияқты кейбір тойларда табаққа тастайтын көрімдігі тәуір, ауқатты адам болса, оған қатарынан он рет сәлем салдырып жатады. Бұрынғылар келіп түскен келінге сол әулеттегі жандарды ғана таныстырған. Қазір күйеужігіттің әкесінің әскердегі досы немесе жұмыс істейтін мекемесінің басшысына дейін мақтау айтып, соның ақшасын алуға тырысады. Бұл – келінді қорлау және оған сәлем салдырту арқылы абырой жинау.

Ата-дәстүрімізде құдаға-құдағиға да сәлем салдырмаған. Ұзын-сонар тізімді айтып шығу текке уақытты алады. Салдарынан жұрттың алды табаққа ақшасын салған соң соңын тыңдамай, сыртта жүреді. Бұл беташардың мәнін кетіріп жібергеніміздің анық көрінісі. Мұны мен барған жерімде үнемі айтып жүремін. Бірақ «жалғыздың үні шықпайды» деген. Біреу ескерсе, біреу елемейді. Бір жылдары оңтүстік өңірде беташарды эстраданың сүйемелдеуінде орындау сәнге айналғанда, ақсақалдар «ата-салтқа қол сұқпаңдар» деп, тоқтатқан еді. Қазір «тәйт» дейтін адам болмай тұр.

– Бір өңірде беташар келін ақ босағаны аттаған күні айтылса, енді бір аймақтарда той үстінде өткереді. Қайсысы дұрыс? 

Тарихымызда келін ақ босағаны аттаған күні бірден беташар айтылатын. Бір қуанатыным, кей өңірлерде бұл салт қалпын жоя қоймады. Бірақ көбіне келінді бірнеше ай бұрын кіргізіп ала тұра той үстінде тағы сәлем салдырып, бетін аштырып жататындарға таң қаламын. Мұны да дәстүрді бағалап, құрметтемеуге балаймын. Бір жылы Рамазан Стамғазиев аға бастаған бір топ өнер өкілдері Қарағанды жаққа бардық. Сонда келін түсірген үй алдында беташар айтқызып, сол әулеттің үлкен-кішісін ғана таныстырып, қалыңдыққа ақ босаға аттатқызды. Сонда жас келіннің бетін ашқан Рамазан аға бұл дәстүрдің дұрысы осы екенін айтты. Белгілі дәстүрлі әнші Жасұлан Наурызбай деген азамат та үйенгенде келіннің беті бірден келген бетте ашылды. Жөн білетін жұрт осылай жасайды. Егер пәленбай танысының атын айтқызып, сәлем салдырам десе, оларда да тума-туыс, сыйлас жандар жетеді ғой. Ал табаққа ақша салғызу мақсатында бірнеше күн бұрын кіргізген келіннің мейрамхана төрінде қайта бетін ашып, ұзын-сонар тізім айтып, жұрттың уақытын алу – қайыр тілегенмен тең көрінеді.

А.Қылышбектің жеке мұрағатынан

– Сонымен, сіз айтып жүрген беташар несімен ерекшеленеді?

– Бір жолы Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты ауылға беташар айтуға шақырды. Келін түсіріп жатқан жер Шақшам руына қарасты үлен әулет екен. Содан жете салысымен үлкен ақсақалдардан әулеттің шыққан тегі мен жергілікті жұрттың тарихы, шежіресі жайлы сұрадым. Қараша биден Бәйдібек пен Байдулы тараса, Бәйдібектен Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсіндер, ал Байдулыдан Шақшам елі тараған екен. Бірақ Бәйдібектің ұрпағына қарағанда, Шақшам неге аз деген сұрақ туындайды. Сөйтсем, үлкендердің айтуынша кезінде Жетісу мен Тарбағатай өңірін жайлаған шақмамдықтардың саны елу бес мыңнан асып жығылған екен. Бірақ көбі Жоңғар шапқыншылығы мен тар жол тайғақ кешу жылдары қыршын кетсе керек. Себебі, шақшамнан тарағандар өте жауынгер болған деседі. Осыны беташар айту барысында тілге тиек еттім. Мақсатым – келген келінге ұлт ұжданы үшін кеудесін отқа тосқан текті жерге келіп түскенін таныстыру болды. Бұдан өзге тыңдап тұрған жастар да ата-тегінен хабардар болса деген ой болды. Сол кезде қуанышқа жиылған жұрт пен қатар ауыл әкіміне дейін ризашылық танытып, «тарихымызды тірілттің» деп арқамнан қақты. Бұл мені қанаттандырды. Содан бастап барған жерімде алдымен келін түсіріп отырған әулеттің тегі мен тарихын, қоғамға еңбек сіңірген би-шешен, батыр, қайраткерлері бар ма, сол жағын анықтап аламын. Сөйтіп, ол ақпарды қысқа да нұсқа етіп, беташар жырыма қосамын. Осылайша, алдымен әулеттің ата-бабасының әруағы алдында сәлем салдырамын. Бұрынғылар «Өлі қуанбай, тірі жарымайды» деп текке айтпаған болар.

– Осы уақытқа дейін қанша келіннің бетін аштыңыз?

– Негізі санап жүрген жоқпын. Дегенмен, қолыма домбырамды алып, беташар айтып жүргеніме жиырма жыл болғанын ескерсем, мыңға жуық келіннің бетін ашыппын. Себебі орта есеппен алғанда жылына елу шақты беташар жырын айтамын.

– Біреулер беташар кезінде ортаға табақ тартылып, жұрттан ақша жинауды шеттен келген дәстүр деп жатады. Мұнымен келісесіз бе? 

– Жоқ, бұл – қазақтың көнеден келе жатқан төл дәстүрі. Тек бұрын ақша формасында болмаған. Мәселен, сал сері, жыршылар бойындағы бар жақсы қасиетін айтып, етжақындарын таныстыра отырып, келінге алғаш сәлем салдырғанда, олар беташар айтушыға ат мінгізіп, шапан жапқан. Кейбіреулер басындағы құндыз бөркін немесе беліндегі күміс белдігін байлап берген. Кейін келе мұның соңы табаққа ақша тастауға ұласты. Бірақ қазір көп жерде той иелері беташар айтушыға белгілі бір соманы ғана беріп, табақтағы тартуды өздері алып қалатын болды. Нәтижесінде, қаражат көп түссін деген оймен кім көрінгенге сәлем салдыра береді. Әлгі көмейің кепкенше бітіп болмайтын ұзын-сонар тізбек осындайдан туындайды.

– «Өзінде бармен көзге ұрып» демекші, беташар кезінде көрімдік мөлшерін көп салудан жарысатындар да бар болар? 

– Ол да бар. Мәселен, беретін көрімдігін бірден тастамай, жұрттың алдында санап салатындар бар. Бұл Абайдың сөзімен айтсақ, құр босқа малшашпақ әрекет. «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» деген. Ал жоқтары аты аталған соң ерксіз сол жерде тұрған танысынан немесе туысынан ақша сұрап алып, табаққа салып жатады. Ондай жағдайды да талай көзбен көрдік.

Беташарға аша салып жатқан Әбдіжаппар Әлқожа.Фото: ғаламтордан

Бір қызық айтайын, бір тойда ел арасында танымал қалталы азаматқа қолқа салдым. Себебі, денешынықтыру сабағынан беретін таныс мұғалім спортқа бейім балаларды жарысқа апарайын десе, доп, аяқ киім сияқты қажеттіліктерге қаражат таппай қиналған соң, маған шыққан еді. Осы мәселені көп арасында жолықтырған әлгі байшыкешке айтып едім, ат-тонын ала қашты. Ал беташар кезінде қайталай айтқаным сол еді, суырылып алға шығып, «мен демеуші боламын» деп жалпыға жария салмасы бар ма. Ал сол ақшаны оңашада сұрағанымда неге бермеді?! Осыған қарап мақтаншақтық қазақтың қанына сіңіп кеткен әдет пе деп қалдым. Мұндай жағдай элита деп жүрген азаматтардың арасында да жиі кездеседі. «Аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, кейбіреулер сондайларға еліктеймін деп, соңынан қарызға батып, сан соғып қалады. Алды кредитке алған ақшасын елдің алдында шашып тастап, ертесі төлей алмай өкініп жүреді. Осындай түрлі жағдайларды көзбен көрген соң түйген ойымды ортаға салғаным ғой. Әсілінде, мен де нәпақамды тойдан тауып отырған адаммын. Оның үстіне дәстүрдің шеңберінен шығып бара жатқаннан кейін қазаққа дарақылықты доғарсақ деген тілегім бар.

– Сонда не істемек керек?

– Қазір тойдың көбейгені сол, мысығына дейін той жасағандар болды. Құрсақтағы баланың жынысын білгенді де «гендер-пати» деген желеумен оны тойға айналдыратындар бар. Содан ол бала дүниеге келгенде, қырқынан шығарғанда, сүндетке отырғызғанда, мектепке барғанда, оны бітіргенде тағы ұлан-асыр той жасап жатады. Мысалы, түрлі желеумен бір әулеттегі бес баласының бәріне бірдей жыл сайын той жасайтындарды көріп жүрміз. Мұның бәрі бір жалақыға қарап отырған ағайын-туыстың қалтасына салмақ түсіреді. Бармаса, тағы ренжиді. Қарап отырсақ, той иесіне де одан түсер пайда жоқ. Өйткені мейрамханалардың кісі басына алатын ақысы да қымбат. Бұдан өзге алыстан келіп-кететіндердің жол-күресі тағы бар. Осы ретте тойды қысқарту керек деп ойлаймын. Шамасы келген адам жасасын, бірақ ағайынның қалтасына салмақ салмай, әкелгенін місе тұтып, берген батасы мен ақ тілегіне риза болу керек. Біз қу дарақылықпен кафе-рестораны бар дөкейлерді ғана байытып жатыр.