Бізде махаббат пен кедейлік болды: Нұрбике Нұрқаділова марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділов туралы сұхбат берді
«Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат берді.
Алматы, NEGE. «Біз үшінші курс оқып жүргенде үйлендік. Мен ЖенПИ-де физика-математика факультетінде оқыдым. Физика, математика деген жеңіл пән емес қой. Мүмкін, мінезім де ауыр болған шығар. 27 жыл бірге тұрдық. Қолымда енем болды. Екі бала өмірге келді. Қайратты төртінші курста өмірге әкелдім. Студенттердің баласы болды. Атын Қайрат деп қойған да жолдастарымыз. Сол кезде бәріміз «Қайраттың» ойынын көретін едік. Тимур Сегізбаев сияқты болсып деп қойды атын. Құралай келді өмірге. Балаларды жақсы тәрбиеледік. 27 жыл бірге тұрдық, сосын анау-мынау болып кетті өмірі Зәкеңнің. Үйден кетпекші болып, сол 30 жыл дегенде ажырастық. 1965 жылы үйленіп, 1995 жылы ажырастық. Тек жолы болсын. Бізден кетті, басқаға жетті», - деді Нұрбике Нұрқаділова сұхбатында.
Ол күйеуінің Мақпал Жүнісоваға кеткеннен кейін жұмыстарын тек теледидардан көріп отырғанын айтты.
«Қайратқа: «Әкеңнің жанында бол», - дедім. Ал Құралай онша көп барған жоқ. Тек туған күнінде ғана көретін. Қайрат үнемі әкесінің қасында жүрді. Ол кісінің қаны көтеріліп кетеді, ренжісе жүрегі ауырады. Ана жақтағы өмірін де естігенбіз. Кереметтей өмір болған жоқ ол жақта да. Сондықтан ұлыма үнемі байқап жүр деп айтатынмын», - деді Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары.
Заманбек Нұрқаділовпен шаңырақ көтергенде екеуінде айтарлықтай дүние де болмаған.
«Екеуміз де студент едік. Қалыңмалға әкелетін ақшасы да болмаған. Ол кезде ақша қайдан болсын. Менен сұрайтын «Қалыңмал бермесем, не болады?», - деп. «Қалыңмал бермесең, өзенге лақтырып жібереді», - деп қалжыңдасам: «Мен жүзуді де білмеймін ғой», - дейтін. Анасы мен әпкесі, нағашылары болды қасында. Кішкентай баламызбен жалдамалы пәтерде тұрдық. Қазіргі жастар есеппен үйленеді ғой. Ал бізде махаббат пен кедейлік болды», - деді Нұрқаділова.