Бандиттер БТА банк инкассаторларын қалай тонады?
Құрметті оқырман, Nege.kz порталы журналист Асқар Жалдиновтың жуырда жарыққа шығатын «Вне протокола» кітабынан аудармалар жариялауын жалғастырады. Бұған дейін қазақстандық «вор в законе» Серік «Голова» мен Леха «Маймыш», «Жора Ташкентский» және елдегі ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы жазғанбыз. Ендігі кезекте – банктер мен инкассаторларды тонау оқиғалары. Мақалада қылмыстық іс материалдарын молынан пайдаланған.
Оқи отырыңыз: Серік «Голованың» сергелдең тағдыры
Қуды қу табады...
Куәгерлер әлі күнге дейін қорқынышпен айтатын бұл оқиға 2001 жылы 18 мамырда Алматының қақ ортасында болды. Бұрын-соңды полицейлер мұнша мұқият һәм ақылды ұйымдастырылған шабуылды көрмеген. Қылмыскерлер қолды еткен ақшаның көлемі де аз емес еді – 17 млн теңге мен 196 мың доллар. Сол тұста доллар бағамы 145 теңге болғанын ескерсек, қазір бұл сома бірнеше еселенген болар еді.
Қылмыстық топтың жетекшісі Модан Мухлисов 1961 жылы Алматы қаласында туған. Жастайынан жекпе-жек өнерімен айналысқан. 1988 жылы істі болып, тергеу кезінде Ленинградтағы атақты Кресты түрмесінде отырыпты. Кейіннен 8 жылға сотталып, толық отырып шыққан.
Юрий Поликарпов. 1969 жылы Алматыда туған. Жоғарғы білімі жоқ. Еш жерде тұрақты жұмыс істемеген.
Эдуард Дәулетбақиев. 1976 жылы Өзбекстанның Науайы қаласында туған. Бұл да шығыс жекпе-жегімен айналысқан. Тіпті 1999-2000 жылдары әлем чемпионаттарына барған. Мінездемесінде «көп сөйлемейді, жағдайды сараптауға қабілетті» деп жазылыпты.
Бандалық топтың тағы екі мүшесі – 1969 жылы туған Дәурен Мұхтаров пен 1977 жылғы Константин Корниенко. Корниенко да тепсе темір үзетін мықты спортшы екен. Шәлкем-шалыс мінезі кейін өзінің түбіне жетті.
Александр Якуненко гимнастика және акробатикамен кәсіби түрде айналысқанымен, 90-жылдары есірткіге салынып, ақырында 2000 жылы Тәжікстанда есірткі мөлшерін асырып жіберудің салдарынан көз жұмған.
- Оқи отырыңыз: Батпайтын «Титаник»
Байқасаңыз, қылмыстық топ мүшелерінің барлығы кәсіби спортшылар болған және әрқайсысы белгіленген міндетті мұқият атқарған. Із кесушілердің алғашқыда бұлардың қайдан сап ете қалғанын білмей абдырап қалғаны да содан болса керек.
Топ мүшелері қатаң тәртіпке бағынған: ылдым-жылдым әрекет ету, тез із жасыру, бей-берекет қыдырмау, үлес бөлінген соң біраз уақыт тып-тыныш жату. Есірткі пайдалануға рұқсат етілмеген. Оның орнына тауда альпинизммен айналысқан, мылтық атуға машықтанған. Қысқасы, алдағы шабуылдарға тыңғылықты һәм мұқият дайындалыпты.
Топ құрыла салып-ақ бірнеше «Макаров» тапаншасын, үш «ТТ» тапаншасын, үш «Калашников» автоматын, бір «Борз» автоматын, гранатомет, Ф-1, РГД-5 гранаталарын, мыңдаған оқты иеленген. Бұдан бөлек, радиостанса, радиотолқын сканерлегіш сияқты арнайы техникалық құралдары тағы болған. Осы құрал жабдықтың бәрін Мухлисовтың гаражына және тағы да басқа орындарға жасырған.
Әр қылмысқа топ мүшелерінің өте тыңғылықты дайындалғанын сөз басында айттық. Тонайтын ұйым туралы ақпарат жинау, із кесу, схема сызу сияқты жұмыстарға маңыз берген. Бір қызығы бұлар бастапқыда адам өлтіруді мақсат етпепті. Тек құрбандықтың есін ала қорқытып, қарсылығын басып тастауды көздепті.
Оқи отырыңыз: Атышулы ағайынды Қырықбаевтар
Алғашқы тонау
Сол кезде Алматыдағы Қабанбай батыр мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы «Дария» ЖШС-ның ақша айырбастау бөлімшесіне жұрт көп келетін. Мухлисовтың өзі де бірнеше рет валюта айырбастаған. Жай келмей, төңірегін шолып, кіретін-шығатын есіктерді байқап, күзет пен компания қызметкерлерінің санын біліп алады.
1999 жылы 15 қазанда бандалық топ алғашқы шабуылын жасайды. Екі «Калашников» автоматы, екі «Макаров» тапаншасы және «Борз» автоматымен қаруланған топ салық полициясы формасымен келіп, ақша айырбастауға келген клиенттердің 15 мың доллары мен 1,5 млн теңгесін және айырбастау пунктінен 10 млн теңгеден астам қаржыны үптеп кетеді. Операцияның аса мұқият ойластырылғаны соншалық, тергеу тобы іліп аларлық ештеңе таппай қалады.
Осыдан кейін біршама уақыт тыншып қалған бандиттер арада алты ай өткенде Алматыдағы ЖШС-ларға қырғидай тиген. Алдымен «Радуга» деп аталатын фирмадан 700 мың теңге мен 5 мың долларды қолды қылса, тағы бірнеше айдан кейін «Қалқаман» ЖШС-ны 500 мың теңгеге және 50 мың долларға отырғызған. Қылмыстық топ әдеттегідей шабуылды мұқият ұйымдастырып, асқан шеберлікпен із жасырып отырған.
Оқи отырыңыз: Ағайынды Қырықбаевтардың лаңы: Қаш, Қайрат, қаш!..
Банкке шабуыл
Өздерінің ұсталмайтынына сенген әрі араны ашыла түскен бандиттер енді БТА банктің есеп-касса бөлімін аңди бастайды. Алғашқысы – Розыбакиев көшесіндегі касса. Әдеттегідей кезекпен барып, бәрін байқап алады: келушілер саны, күзетшілер, бақылау камералары, дабыл, сейфтер, инкассация, т.б.
2001 жылы 10 қаңтарда қарулы топ қойға тиген қасқырдай банк бөлімшесіне басып кіріп, бар ақшаны үптейді де, көпшіліктің арасына сіңіп, жым-жылас болады. Бұл жолғы олжа бар-жоғы 1 159 756 теңге болғанымен, бұл – банкті тексеру әрі алдағы үлкен істің машығы еді...
2001 жылдың ақпанынан бастап бандиттер банктің Әйтеке би мен Төлебаев көшесінің қиылысындағы орталық қоймасын торуылдай бастаған. Алайда ол жер өздеріне қауіпті болғандықтан, банктің инкассаторлық көлігін тонауды ойластырады. Ең қолайлысы көк түсті шағындау «Судзуки» көлігі көрінген. Көліктің күнделікті бағытын бағамдап, әр кез бұрынғы Фурманов, қазіргі Назарбаев даңғылы №80 үйдің аркасынан өтетінін байқайды. Одан әрідегі үйдің ауласы тұйық, шабуылдауға таптырмайтын жер. Осы аралықта банктің әл-Фараби көшесіндегі тағы бір есеп-кассалық бөлімшесін тонап, әбден машықтанған әккі қылмыскерлер «үлкен іске» дайындығын үзбейді. Дәурен Мұхтаровты тауып, оған жалған құжат жасатады. Осылайша Поликарпов, Дәулетбакиев, Мухлисов, Корниенко және Мұхтаров Алматы қалалық ҰҚК департаменті «қызметкерлері» болып шыға келеді.
«Колеса» газетінен «Гранд Чероки» джипін табады да, иесін алдап шақырып ұрып-соғып, бірнеше күн қамап ұстайды. Джипке қалалық прокуратура көлігінің жалған нөмірін тағады. Мұнысы алда-жалда артына қуғын түсе қалса, посттардан оңай өту үшін ойластырылған тәсіл еді. Екінші көлікке Газельді таңдап, оның иесін де дәл осындай жолмен сан соқтырады. Газельге де жалған нөмір тағып, «Алматыинтергаз ААҚ» деп жазады.
Шабуыл 2001 жылдың 18 мамырында жасалды. Қылмыскерлер таңғы 08:10-да Фурманов №80-дегі арканың жанына келіп, тосып тұрады. Төлебаев көшесіндегі қақпадан шыққан «Судзуки» әдеттегі бағытпен кеткенін Мухлисов рация арқылы сыбайластарына хабарлайды. Осылайша олар аркадан өте берген инкассатор көлігін Газельмен қысып тоқтатады. Газельдің артқы есігі шалқасынан ашылып, қалың қалқан темірдің тесігінен автоматтың ұңғысы шығады да, Поликарпов джиптің двигателіне оқ жаудырады. Ондағы мақсаты көліктің қозғалтқышын істен шығару еді. Осы сәтте «Гранд Черокимен» Мухлисов пен Дәулетбакиев жетеді. Мухлисов инкассаторларға «ақымақ болмауды, қару мен көлікті тастап кетуді» бұйырады. Алайда инкассаторлардың бірі Юрий Сиваков ПП-90 тапанша-пулеметімен атыса кетеді. Әріптестері Қайрат Мұханғалиев пен Андрей Тыцкий де тонаушыларға оқ жаудырады. Әккі қылмыскерлер қойсын ба, Мұханғалиев пен Тыцкийді ауыр жаралап, бірінші болып оқ атқан Сиваковты оқпен турап тастайды. Алайда ол бандиттердің бірін жаралап үлгерген еді. Ол Корниенко болатын. Тонаушылар 12 сөмкеге салынған 38 205 000 теңге 369 000 доллар, 10 000 неміс маркасын және 20 000 ресей рублін «Гранд Черокиге» салып алып, із жасырып үлгереді. Таңғы 8:40-та Зенков пен Бөгенбай батыр өртенген «Чероки» табылады. Қылмыскерлер арнайы дайындап қойған «Пежомен» қашып кетеді...
Полицияның бірнеше болжамы болған: Біріншісі – қылмыскерлер ТМД аумағында әрекет ететін гастролерлер болуы мүмкін. Екінші – жергілікті қылмыстық топтардың бірі. Үшіншісі – террористер. Төртіншісі – сол тұста болған Баткен оқиғасының қатысушылары.
Банк қылмыскерлер туралы ақпарат бергендерге 2 млн теңге, ұрланған ақшаны қайтарғандарға барлық соманың 5 пайызын, ал жедел-тергеу тобы қылмысты ашса, 5 млн теңге сыйақы тіккенімен, нәтиже болмады.
Куәгерлер қылмыскерлердің біріне оқ тигенін айтқан еді. Жалғыз ғана ілік – осы. Полицейлер қаладағы барлық медициналық мекемелерді сүзіп шығады. Ауруханаға оқ тиіп түскен адам жоқ. Егер біреуінің жараланғаны рас болса, ол қайда? Егер ауруханаға әкелмесе, онда өлгені анық. Енді полицейлер зираттарды аралап, жаңадан жерленгендерді тексереді. «Кеңсай» зиратындағы жаңа көмілген бейіт ерекше назарға түседі. Өйткені ол жерге Корниенконың әке-шешесі, бауыры мен қалыңдығы келеді. Осы тұста түйін шешілгендей болады. Түннің бір уағында мәйітті жасырын қазып алып сараптамаға апарғанда, паталогоанатом оның денесінен Сиваков атқан ПП-90 тапаншасының оғын тапқан.
Бұдан әрідегі оқиғаның жай-жапсары белгілі. Мухлисов, Дәулетбакиев, Поликарпов достарының зиратына келгенде арнайы жасақ тырп еткізбей басып қалады. Бандиттердің қоймасынан сан түрлі қару-жарақ, арнайы техника, 30 мың доллар және 2 млн теңге табылады. Ақшаның нөмірі БТА инкассатроларынан ұрланған ақшамен сәйкес келеді. Алайда қалған ақша ізім-қайым жоқ.
Сот Модан Мухлисовты 25 жылға, Юрий Поликарповты 21 жылға, Эдуард Дәулетбакиевті 16 жылға, Дәурен Мұхтаровты тергеуге көмектескені үшін 6 жылға соттады.
Міне, ел тарихындағы ең мықты бандалық топтардың бірі осылай жойылды. Алайда бұл қылмыстық істе жеке басы анықталмаған адамдар бар. Мәселен, «Ахмет» және «Бакири» дегендер. Мухлисовтың айтуынша, оларға «Ахмет» басшылық жасаған. Өкінішке қарай, тергеу бұларды таба алмады. Бәлкім, ұрланған ақшаның көп бөлігі солардың қалтасында кеткен шығар...
«Мамырдың жеті күні»
2010 жылы режиссер Ермек Тұрсынов осы оқиға туралы «Мамырдың жеті күні» деген фильм түсірген. Алайда әлі көрсетілген жоқ. Өйткені Е.Тұрсынов қылмыстық із кесу саласының аңыз адамы әрі фильмнің соавторы Құрманбек Артықбаевтың бостандыққа шығуын күтіп жүр. Оның себебі бар. Артықбаев 2000-жылдардың басында Алматы қалалық ІІД-нің Қылмыстық полиция басқармасын басқарғанда осы қылмысты ашқан және Мухлисов пен оның сыбайластарын ұстауға басшылық еткен.
Алайда Артықбаевтың өзі «Қорғас ісі» бойынша қамауда отыр. Бұл атышулы іс туралы алдағы уақытта баяндайтын боламыз.