8 октября 2020 г. 10:26

Ауруын жасырған статистика жаңа агенттік құзырына НЕГЕ өтті?

Фото:

Статистика бойынша комитет Ұлттық бюро болып қайта құрылды да, Ұлттық экономика министрлігінен кетіп, жаңадан ашылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (СЖРА) басқаруына өтті. Одан не өзгереді?

Бұрын статистиканың комитет ретінде Ұлттық экономика министрлігіне бағынуы сарапшыларды шалқасынан түсіре жаздаған еді.

«Статистика комитетінің Ұлттық экономика министрлігі, ал былайша айтқанда үкімет құрамында болуы, үкіметтің экономикалық дамуды өзі жоспарлап, өзіне бағынышты статистика негізінде оның орындалуы туралы есеп беретін жағдай туғызды», – дейді «Ұлағат консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

«Нәтижесінде, біз жалпы ішкі өнімге қосылған таңқаларлық көрсеткіштер көретін болдық. Әсіресе, елдегі қызмет көрсету саласы ЖІӨ-нің 3/2 бөлігін құрайды деген статистикалық қортынды осының айғағы. Бұл – мүдделер қақтығысы».

«Статистика комитетінің СЖРА-ға қайта бағынуы бұл жағдайды қаншалықты өзгертетінін айту қиын. Бірақ, қалай дегенімен бір өзгеріс керек болды. Алайда СЖРА басшылығындағы жандардың абыройы кіршіксіз емес екенін білеміз. Оларға қатысты нақты шаруа жасайтын кәсіби мамандардан гөрі, қажетті статистиканы қолдан жасай алатын, яғни әдемі сурет сала алатын адамдар деген пікір қалыптасқан»

Мұндай өзгерістердің басты мақсаты мүдделер қақтығысын жою екенін экономист Олжас Құдайбергенов те мойындайды.

«Статистика мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың тиімділігін өлшеп, әсерін бағалайды. Статистика комитеті үкіметтің құрамына кірген кезде міндетті түрде мүдделер қақтығысы туындағаны рас», – дейді Nege.kz сұрағына жауап берген Олжас Құдайбергенов.

«Себебі, үкіметтің бұйрығымен статистикалық орган мәліметтер мен  сандарды бұрмалауы мүмкін. Көптеген елдерде статистикалық кеңселер үкіметтің құрамына кірмейді. Енді біздегі тәртіп те осындай болмақ. Мүдделер қақтығысы болмайды. Енді статистика объективті болады деп сенемін»

«Біздің статистикаға қатысты сұрақтар аз емес», – деп жалғастырады Марат Қайырленов.

«Біріншісі – статистика комитетінің материалды-техникалық жағдайы бойынша сұрақтар. Әсіресе, осы мәселеде жергілікті статистика органдары аймақтардағы әкімдіктерге тәуелді болып отыр. Тиісінше, әкімдердің рейтингі инвестициялар бойынша статистикалық мәліметтерге, жалпы өңірлік өнімнің өсуі жөніндегі көрсеткіштерден құралатынын ескерсек, түрлі салалық статистиканың шынайылығы үлкен сұрақ туғызады.

«Салалық статистиканы алайық. Мысалы, спорт саласы дейік. Әкімдік спорттың даму көрсеткіштерін өзі жоспарлайды және өзіне бағынышты статистикалық мекеменің цифрлары бойынша есеп береді. Сайып келгенде салық төлеушілердің қыруар қаржысы игеріліп жатса да, еш нақты нәтиже жоқ»

«СЖРА – ұмытылып кеткен жаңа да ескі құрылым», – деп жазады саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

«Мұндай агенттік Қазақстанда бұрын да болған. Ол 1997 жылы наурызда Жоғарғы экономикалық кеңес аппаратының негізінде Стратегиялық жоспарлау агенттігі ретінде құрылды және президентке бағынышты болды. Сол жылы қазан айында ол Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі болып өзгертіліп, оны бақылау құқығы үкіметке берілді (осы уақыттан бері оны шенеуіктер «Аспирин» деп атап кеткен). «Аспиринді» сол кезде Ержан Өтембаев басқарып, статистикалық орган осы агенттік құзырына кіріп тұрды».

Әшімбаевтың жазуынша, артынан агенттік президенттің қарауына өтіп, Ержан Өтембаев вице-премьерлікке кеткеннен кейін, оны Қайрат Келімбетов пен Ескендір Бейсембетов басқарған. Жеке агенттік ретінде СЖРА 2002 жылдың тамызында жойылған болатын.

Араға 18 жыл салып СЖРА қайтадан құрылып, кезінде оны басқарған және агенттікті жауып кеткен Қайрат Келімбетов қайтадан келіп отыр.

Сарапшылар СЖРА-ның қайта құрылуы, оның президентке қарауы мен құзырына статистика комитетін қосып алуына қарсы емес, әрі көбісі оны қолдайды. Негізгі сұрақ – түпкілікті реформа жасауға бұған дейін біраз реформасы аяқсыз қалған Қайрат Келімбетовтің келуінде.

Тегтер: