Атыраудағы іс: Агенттікті өз департаменті қалай жоққа шығарды?
«Тасмағамбетовті тергеуге шақыртты»
Nege.kz сайты 2019 жылдың 13 желтоқсанында деген тақырыппен материал жариялап, мақала барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел-тергеу тобы Атырау облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Ғ.Досмағамбетовтің және кіріс департаменті аудит басқармасының басшысы А.Абдрахмановтың ұсталғанын, олардың мекен-жайына, жұмыс орнына тінту жүргізілгенін, бұған қоса, Атырау облыстық кіріс департаменті басшысының орынбасары Құрманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовті тергеуге әкелгенін» сөз еткен.
Тақырыпқа орай: Тасмағамбетов немерелерін ойнатып отырмайды
Сайтымызда жарық көрген осы материалдан кейін, 2019 жылдың 26 желтоқсанында Zakon.kz ақпарат порталы өзінің «Информацию об участии Тасмагамбетова в коррупционном деле опровергли» атты материалында «2019 жылдың 19 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел-тергеу тобы Атырау облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысына қатысты қылмыстық іс қозғағаны жөнінде баспасөз релизін жариялағанын алға тарта отырып,
Skifnews.kz және Nege.kz сайттарында осы тақырыпта материал жарық көргенін, zakon.kz сайтының осы мәселеге байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдаған ресми сауалына мемлекеттік құзырлы органнан ақпаратты терістеген жауап алғанын» айтады.
Біз де бұл мәселені нақтылай түсу үшін 2019 жылдың 26 желтоқсанында ҚР Бас прокуратурасының атына ресми сауал жолдағанбыз. ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары А.Саттардан мынадай жауап келді: «Атырау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тергеу жолымен тексеру жұмыстары басталғанын, бүгінгі күні күдікті ретінде ешкім танылмағанын хабарлаймын. ҚР ҚПҚ-нің 201-бабының талабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайтыны түсіндіріледі».
Тақырыпқа орай: «Тасмағамбетовтің «әдемі» кетуіне мүмкіндік бермейді»
Жоғарыда айтып өткен Zakon.kz сайтының материалында сайттың ресми сауалына Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Б.Ұзынжастың «жоғарыда аталған азаматтарға қатысты соталды тергеу ісінің тіркелмегенін, көрсетілген азаматтармен тергеу амалдары жүргізілмегенін» айтады.
2019 жылдың 19 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлаққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Атырау облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысына қатысты қылмыстық іс қозғағаны жөнінде баспасөз релизін» жариялайды, араға апта салып, 26 желтоқсан күні мемлекеттік құзырлы органның облыстық департаменті оны жоққа шығарады. Сонда мұны қалай түсінеміз? Агенттік басшылары өңірдегі департаменттердің жұмысынан хабарсыз ба?
Тақырыпқа орай: Өзі кетті ме, кетірді ме?
Бас прокуратура ешкімнің атын атап, түсін түстемесе де, Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне байланысты сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тергеу-тексеру басталғанын айтты. Тергеу құпиясының маңызын біз де жақсы түсінеміз, алайда нақты кімдерге қатысты тергеу жүріп жатқанын Nege.kz тілшісі анықтауға тырысады.