19 Желтоқсан 17:17

Өзі кетті ме, кетірді ме?

Фото:

Кешегі ауыс-түйістер елді ерекше елең еткізді. Десе де, басты назар Иманғали Тасмағамбетовтің отставкасына ауғаны анық. Бүгін бұған қатысты тағы бір қызық дерек қылаң берді. Ақорда таратқан ақпараттарда оның «зейнет жасына келуіне байланысты қызметінен босатылғаны» айтылады. Ал Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «өз еркімен қызметтен кеткенін» мәлімдеді. Бұл қайшылықты сан-саққа жүгіртушілер де бар.

Айта кетерлік жайт, мемлекеттік қызмет туралы заңда ел президенті зейнет жасына келген тұлғалардың қызметін бес жылға дейін ұзарта алады деген арнайы бап бар. Бірақ оның Тасмағамбетовке қолданылмауының себеп-салдарын іздеп жату – басы артық нәрсе. Бір сөзбен түйіндесек, тас түскен жеріне ауыр. Әсіресе, өткел үстінде.

 

«Ағылшындар қоштаспай кетеді, ал қазақтар қоштасады, бірақ кетпейді», – деген әзіл-шыны аралас бір сөз бар. Мұның өмір шындығы екенін қазақ билігінің өзі растап беріп отыр. Білетіндерге құлақ түрсек, бұл сөзді Иманғали Тасмағамбетовке қатысты қолдануға да болатындай. Зейнетке шығып, саясат сахнасынан шеттегенімен, шеттетілгенімен, ол – перде артында елеусіз қалатын  тұлға емес. Харизмасы күшті саясаткер ұрымтал сәтін үнсіз күтіп, әліптің артын бағу үстінде. 

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Тасмағамбетов секілді тұлғаны назардан таса ұстау биліктің өзіне қолайсыздық тудырады. Сондықтан билік тізгінін ұстатпаса да, бір сыйлы орынды ұсынбақ. Тіпті, кейбір ақпарат көздері тартқан деректерге сүйенсек, ұсынып та үлгерген. Бірақ бұл орынды Тасмағамбетовтің өзі қолай көрмеген-міс.

 

«Еліміздегі ең харизмасы күшті саясаткер» делініп жүрген Тасмағамбетов ереже бұзбаса да, алаңнан қуылған ойыншыны еске түсіреді. Елде өткен біраз сайлауларды сырттан бақылауға мәжбүр болды. Астанадан шенмен кетіп, енді Нұр-Сұлтанға зейнеткер мәртебесімен оралмақ. Егер оралса, әрине.

Соңғы жылдары оның қаржылық жағдайына қырағы көздердің қадалғаны, әлсіретуге күш салғаны, осал тұстарына ши жүгіртіліп жатқаны жайында оқта-текте айтылып қалады. Тұспалмен болса да. Дейтұрғанмен, саясат тақтасынан ысырылғанын, мұның бәрі не үшін екенін іші сезсе де, қыңқ деп сыр білдірмей, осы уақытқа дейін сырбаздық танытып келеді. Тасмағамбетов тыс қалған ойында тігілген бас бәйгенің құны тым жоғары. Оны кімнің шаппай алатыны да нақтыланған. Сыр алдырар сәт емес, қазір.

Серік Оңалбек

Тегтер: