18 Желтоқсан 19:21

Тасмағамбетов немерелерін ойнатып отырмайды

Фото:

Иманғали Тасмағамбетов «зейнет жасына толуына байланысты» Ресейдегі елші қызметінен кетті. Биліктің түрлі баспалдағынан өтіп, ысылған, күш-қайраты кемеліне енді келген, амбициясы мығым тұлғаның бейнетінің зейнетін көріп, ел қатарлы өмір сүруді аңсауы – сирек құбылыс. Елбасымен ұзақ уақыт үзеңгілес, етене болған тұлғалардың зейнетке шығып жатқанының басы – бұл емес. Сонда да бұл жаңалық қоғамды елең еткізіп отыр.

«Зейнет жасына келгендіктен, Тасмағамбетовті атқарып жатқан қызметінен босататыны белгілі еді. Ол – Қазақстанның саяси элитасының көрнекті өкілдерінің бірі. Оған Сенаттан немесе Нұр Отан партиясынан бір жайлы орын ұсынуы мүмкін. Салауатты амбициясын ескеріп, «өз ісін бастар» деп, билік оны жұмыссыз қалдырудан сескене қарайды», – дейді «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев.

Расында да, Тасмағамбетов өзін ұмыттыра салатын, өзі туралы өткен шақта сөйлегенді ұнататын адам емес мүлде. Тындырымдылығымен ұзақ уақыт Елбасының көңілінен шықты. Элита ішінде жақтастарының қарасы аз болса да, ел алдындағы беделі зор. Қазақтың зияткер қауымы үшін орны өте ерек. Жалпы, «ел тізгінін ұстар екі адам болса, соның бірі осы» деп үміттенгендер көп болды.

Оқи отырыңыздар: Тасмағамбетовті тергеуге шақыртты

 

Бірақ елші боп шекара асқанынан-ақ билік олимпіндегілердің көздегені басқа екені аңғарылды.

«Оның Ресейде елші болуы диломатиялық жер аудару еді. Жоғары билікте транзит өтті. Тоқаев президент болған соң, Тасмағамбетовтің оған қарсылас болу ықтималдығы төмендеді. Мәселе қуғындауда емес, оның тәжірибесі мен мүмкіндіктерін пайдалануда болып тұр», –  дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Оның артықшылығы – қоғамдағы қос сегменттің де көңілін таба білетінінде. Қазақтарды қазақшылдығымен, орыстілділерді іскерлігімен, шаруаға беріктігімен баулыды. Бірақ елдің бәрінің көңілін табу мүмкін емес. Оған қайшылықты тұлға ретінде қарайтындар да бар. Әсіресе, Шаңырақ пен Бақай оқиғасы Тасмағамбетовтің мансабындағы ақтаңдақтардың бірі болып қалары сөзсіз.

Фото: camonitor.kz

Саясат сахнасында мұндай ұзақ болу – екінің бірінің пешенесіне жазылмаған бақ. Жасы зейнет жасына жетсе де, тұғырдан әлі түспегені анық. Орындалмаған армандары, ақталмаған үміті – бір түйеге жүк. Иманғали Тасмағамбетов секілді тұлғаның зейнетке шығып, немерелерін ойнатып отыруын елестету қиын. Жұртшылық үшін де, өзі үшін де солай.

#тасмагамбетов #тасмағамбетов

Тегтер: