10 Желтоқсан 13:26

«Тасмағамбетовтің «әдемі» кетуіне мүмкіндік бермейді»

Фото:

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов 9 желтоқсанда 63 жасқа толды. Біздің елде 63 – зейнет жасы. Кешелі бері әлеуметтік желіде елшіні құттықтап, бірге түскен фотоларын жариялап жатқандар көп.

Танымал саясаттанушы Ербол Еділов әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «...Саяси аренадан біздің көзіміз үйренген «ағашкалар» біртіндеп кетіп жатыр. Үлкен саясаттан «ауыр салмақтылар» Әбіқаев, Жақсыбеков және Мусиннің кеткеніне көп болған жоқ. Кейбіреулерінің артынан түрлі даулар мен алыпқашпа әңгімелер ере бастады. Бір нәрсе анық – «ағашкалар дәуірі» өтіп, жастардың уақыты келді.

Жоғарыдағы аты аталған «ауыр салмақтағылардан» айырмашылығы – Иманғали Нұрғалиұлы «әдемі» кетеді. Өзі-ақ. Нақты әрі бірбеткейлікпен. Түсіп жатқан ақпаратқа қарап, Имекеңнің зейнет жасқа жеткен соң жұмыс берушісі қашан жұмыстан босататынын күтіп отырмайтынын, өзі кететінін айтуға болады. Менің білуімше, осылай шешіп те қойған. Ол қатардағы зейнеткер болады, ешкімнің орнына таласпайды, «Біз әлі күресеміз!» деп кеуде соқпайды».

Еділовтің осы «болжамынан» соң «Тасмағамбетов кете ме, кетпей ме?» деген мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бір топ Тасмағамбетовтің іскерлігін айтса, енді бір топ «Шаңырақ оқиғасын», елшіге қатысты басқа да жайттарды жұрттың есіне салуда.

Тасмағамбетовтің Ресейге елшілікке кетуінің төңірегінде де біраз әңгіме болған. Естеріңізде болса, Тасмағамбетов «елші болмайтынын, елшілікпен дипломаттар айналысуы керек екенін» айтқанымен, көп ұзамай өзі де Ресей асты. Сол тұста оған «егер елші болып кетпесе, жағдайы қиындайтыны» ескертілгені жөніндегі әңгімені де құлақ шалды.

Бізге жеткен ақпаратқа қарағанда, саясаттанушы Еділов Тасмағамбетовтің «әдемі» кеткісі келетінін бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Ол шынымен де «зейнет жасына жетуіне байланысты жұмыстан босатылды...» деп басталатын жарлықты күтпей кеткісі-ақ келеді. Алайда, мүдделі топтар Тасмағамбетовтің «әдемі» кетуіне мүмкіндік бермейді. Оның деңгейіндегі саясаткерді «ұзын арқан, кең тұсаумен» ұстаған тиімді. Өйткені, Тасмағамбетовтің «Біз әлі күресеміз!» деп кеуде соқпайтына, «қатардағы зейнеткер» болатынына Еділов сенгенімен, биліктен дәмелілер сене қоймайды...

Nege.kz     

Тегтер: